Инвестициялық жобалардың игілігі мол
Инвестициялық жобалардың игілігі мол
Инвестициялық ахуалды жақсарту, өнеркәсіп саласының дамуына серпін беру, шағын кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша өңірімізде айтарлықтай ілгері басушылық байқалады. Саладағы 846 кәсіпорында бүгінгі таңда 45 мың 700 адам жұмыспен қамтылған. 2023 жылдың 10 айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 694,5 миллиард теңгені құраған. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, есепті кезеңде өнім көлемі жеңіл өнеркәсіпте 105,8 пайызға, химия өнеркәсібінде 107,3 пайызға, құрылыс индустриясында 100,6 пайызға, машина жасауда 140,1 пайызға артыпты. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштар өндірісі 2,2 есеге, цемент 5,7 пайызға, киім өндірісі 34,5 пайызға өскен. – 2023 жылдың бірінші қарашасына жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 109,3 мыңды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,5 пайызға өсті. Биылғы жылдың екінші тоқсанының қорытындысымен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде 444,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға артты. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер санының артуы салада жұмыспен қамтылған адамдар санының өсуіне ықпал етуде. Жылдың екінші тоқсанының қорытындысымен 164,7 мың адамнан асып, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 23,6 пайызға ұлғайды. Сонымен қатар биыл қаржы институттары тарапынан барлығы 41,6 мың кәсіпкерге 146,8 миллиард теңге несие берілгенін айта кету керек. Бұл қаражаттың 88,4 миллиард теңгесі екінші деңгейлі банктер, 16,4 миллиард теңгесі «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниялары, 30,5 миллиард теңгесі микроқаржы ұйымдары, 11,5 миллиард теңгесі «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы несиелендірілді. 52,6 миллиард теңгені құрайтын 4 666 жоба мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылды. Биыл өңірде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 23,2 миллиард теңгені құрайтын 1 049 жобаға қолдау көрсетілді, – дейді басқарма басшысы. Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, басқарма тарапынан өңірге шетелдік инвесторларды тарту бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында облысқа тартылған инвестиция көлемі 52,1 миллион АҚШ долларын құрапты. Жыл соңына дейін 130 миллион АҚШ долларына дейін тікелей шетелдік инвестициялар тарту көзделуде. – Биыл қаңтар-қазан айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 364,7 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде жеке инвестиция 305,2 миллиард теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 130,1 пайызға артты. 2026 жылға дейін инвестициялық портфель көлемі 2,3 триллион теңгені құрайтын 5,5 мың жұмыс орнын аша отырып, 69 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 1,6 триллион теңгеге 12 жоба бар. Онда 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Осы жылы 86,9 миллиард теңгені құрайтын 20 жоба іске қосылуы тиіс. Жылдың соңына дейін 60,7 миллиард теңгеге 3 жоба шетелдік инвесторлардың қатысумен іске асырылуда. Мәселен, металлургиялық өндірістің мырыш-қорғасын қалдықтарын қайта өңдеуге бағытталған «Джон Бан МеталлПром» серіктестігінің жобасын айтып өтуге болады. Жобаға тартылған инвестиция көлемі – 10 миллиард теңге. Жоба арқылы 50 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ Сарысу ауданында қуаттылығы 100 мегаватт болатын жел электр стансасы салынып жатыр. Жоба құны – 60 миллиард теңге. 30 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұған қоса макарон өнімдерін шығарумен айналысатын қырғызстандық «ЭлнурАдилГрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске қосылмақ. Жоба құны – 1,3 миллиард теңге. Кәсіпорын іске кіріссе, 64 жұмыс орны құрылады. Аймақтың сыртқы сауда айналымы биыл 596,8 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға артқан, оның ішінде экспорт 30,6 пайызға төмендеп, импорт 23,4 пайызға көбейген. Сонымен қатар облыстың жалпы ішкі тауар айналымы 733,1 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 пайызға артқан. Оның ішінде көтерме сауда 341 миллиард, бөлшек сауда 390,6 миллиард теңгені көрсетті. Сондай-ақ облыста жыл басынан бері жалпы инфляция 107,4 пайызды құрады. Бұл ретте азық-түлік 106,8 пайыз, азық-түлік емес тауарлар 108,6 пайыз және ақылы қызмет 107,2 пайызды көрсетті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 104,6 пайызға жетті, – дейді А.Сейсебаев. Аймақта баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 4 түрлі көкөніс тауарларының бағасын маусымаралық кезеңде тұрақтандыру мақсатында барлығы 7 251 тонна тауарға форвардтық келісімшарт жасалыпты. Жыл басынан бері артық делдалдық буынды жою комиссиясының 91 отырысы өтіп, барлығы 64 делдалдық буын жойылған. Облыс бойынша 180 ірі сауда дүкеніне делдалсыз 2 987 тонна 9 тауар (ұн, тауық еті, сүзбе, тұздалмаған сары май, рожки, жұмыртқа, тұз, қант және айран) түрі бойынша тікелей жеткізу жұмыстары ұйымдастырылған. Сауда үстемеақысын асырғаны бойынша 26 сауда дүкеніне хаттамалық ескерту берілсе, 3 сауда дүкеніне айыппұл салыныпты. Ақтоты жаңабай