Жаңалықтар

БИЛЛ ГЕЙТСТІҢ «БЫЛЫҒЫ»

БИЛЛ ГЕЙТСТІҢ «БЫЛЫҒЫ»

Қазнетте Билл Гейтстің кәсіпкер және меценат емес, алаяқ екенін дәлелдейтін қысқаметражды деректі фильм тарады. Ол демеушілік еткен әртүрлі ауруларға қарсы вакциналар сыналған көптеген балалар мен ересектер қайтыс болған. Осы фильмнің негізгі тезистерін талдап шығайық. 1. «Билл мен Мелинда Гейтс қоры» даулы сот ісінен кейін Гейтстің беделін жақсарту үшін құрылды. Фильмде «Билл мен Мелинда Гейтс қоры» «Microsoft» корпорациясы қалыптасқан монополияны теріс пайдаланғаны үшін «Гейтс» компаниясын сотқа бергеннен кейін құрылған дейді. АҚШ Федералды сауда комиссиясы тергеуді 1990 жылы бастап, ешқандай дәлел таппағандықтан оны тоқтатты. 1994 жылы АҚШ Әділет департаменті жүргізген тағы бір тергеуден кейін «Microsoft» өздері шығарған жаңа өнімдерді «Windows» операциялық жүйесін сатумен байланыстырмауға келісті. Кейін компания «Internet Explorer» браузерін шығарды. АҚШ үкіметі бұл келісімді бұзу деп санады, өйткені браузер «Windows» жүйесіне байланған. Бұған қатысты талап-арыз 1998 жылы 18 мамырда берілді. Осы кезде сот істі қарай бастады. 1999 жылы «Microsoft» компаниясы монополия деп танылып, сот оны біреуі операциялық жүйемен, ал екіншісі басқа өнімдерді жасаумен айналысатын бөлек жұмыс істейтін екі қанатқа бөлу туралы шешім қабылдайды, Алайда компания басшылығы бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым береді. Нәтижесінде іс одан әрі қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа қайтарылды. Сөйтіп, «Microsoft» пен АҚШ үкіметі келісімге келіп, компания өзінің тұтастығын сақтап қалды. Бұл 2002 жылы болды. Билл Гейтс қоры 1994 жылы, яғни сот процесі басталғанға дейін құрылды. Ол «Уильям Г.Гейтс» қоры деп аталды және оны үлкен Билл Гейтс басқарды. 2000 жылы Қор атауы мен басшылығы өзгерді – содан бері ол «Билл мен Мелинда Гейтс қоры» деп аталады. Қордың «Microsoft» корпорациясына қарсы сот ісіне қатысы бар деп санауға негіз жоқ. 2. Билл Гейтс – ДДСҰ-ның ең ірі демеушісі Бұл – манипуляция. «Билл мен Мелинда Гейтс» қоры, біріншіден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең ірі демеушісі емес, оны ұйымның сайтында жарияланған есептерден көруге болады. Екіншіден, Қордың ұйымға беретін барлық ақшасы бір ғана полиомиелитті жою бағдарламасына бағытталған. 3. Билл Гейтс Үндістанда папилома вирусына қарсы вакциналарды қыздарда сынаған, соның салда­рынан олардың кейбіреулері қайтыс болды. Бұл – ескі фейк. Үндістанда АПВ-ға қарсы егу науқаны кезінде бірнеше қыздың қайтыс болғаны туралы хабарланды, бірақ бұл вакцинамен байланысты емес. Жәбірленушілердің бірі суға батып кетті, қалған екеуі кездейсоқ инсектицидтермен уланған, тағы біреуін жылан шағып алған, екеуі безгектің ауыр түрімен ауырған, тағы біреуі АПВ-мен байланысы жоқ аурудан көз жұмған. 4. Билл Гейтс Африка тұрғындарын азайту үшін континентте вакциналарды сынаған. Бұл – жалған. Теория екі ескі фейкке негізделген. Біріншісі – Гейтс африкалықтарға жасырын сынақтар жүргізгені туралы. Екіншісі – америкалық саясаткер Генри Киссинджердің Африка халқының санын вакциналармен азайту қажет деп айтқаны туралы. Бұл ақпаратты Пойнтер медиа зерттеулер институты жоққа шығарды. 5. Гейтстің эксперименттік вакциналарының салдарынан Оңтүстік Суданда балалар қайтыс болды. 2017 жылы Оңтүстік Суданда қызылшаға қарсы вакцинация науқаны салдарынан қайғылы оқиға орын алды. Кем дегенде 15 бала қайтыс болды. Бұған Билл Гейтстің қатысы жоқ. Жүргізілген сараптама барлық балалар стерильді емес бір шприцпен егілгенін, сондай-ақ вакцина ампулаларын сақтау кезінде температуралық режим сақталмағанын көрсетті. Демек, негізгі тезистердің ешқайсысы шын емес. Олардың барлығы ескі фейктерге негізделген және объективті шындыққа қайшы келеді. Олай болса, таралған роликке сенбеген жөн. Жасұлан Сейілханов