Сотта өкіл болудың жауапкершілігі зор
Сотта өкіл болудың жауапкершілігі зор
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ заңды мүдделерін қорғаудың Конституциямен бекітілуі әрбір адамның білікті заң көмегін алуына кепілдік береді. Сондықтан мақаламызда сотта өкіл болу тәртібіне тоқталамыз. Өкілдік ету бұрыннан келе жатқан маңызды процессуалды институт. Өкіл сот өндірісіне қатысы бар тұлғалар құқықтарының және жалпы әділеттілік саласындағы жауапкершіліктердің нақтылы түрде қорғалуына жәрдемдеседі. Азаматтың белгілі бір себептерге байланысты сот отырысына қатыспауы немесе уақыты болмауы мүмкін. Сондай кезде ол өзінің құқығы мен заңды мүддесін өкілі арқылы қорғай алады. Сонымен қатар ол іске өзі қатысса да өкіл алуға құқылы. Заңға сәйкес азаматтар өз істерін сотта өздері жеке немесе өкілдер арқылы жүргізуге толық құқысы бар. Жалпы сотта өкілдік етудің өзіндік тәртібі болады. Конституцияның 13-бабының 3-бөлігіне сәйкес әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Сондай-ақ заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі делінген. Сотта істі азаматтардың өздері жүргізетін қағидаттары ҚР Азаматтық процестік кодексінің 57-бабында көрсетілген. Аталған баптың талаптарына сәйкес, азаматтар өз істерін сотта жеке өздері немесе өкілдері арқылы жүргізуге құқылы. Алайда азаматтың іске өзінің қатысуы оны бұл іс бойынша өкілінің болу құқығынан айырмайды. Заңды тұлғалардың істерін сотта өздеріне заңмен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен немесе құрылтай құжаттарымен берілген өкілеттіктер шегінде әрекет ететін олардың басшылары және олардың өкілдері жүргізеді. Заңды тұлғаның басшысы сотқа өзінің қызмет бабын немесе өкілеттігін куәландыратын құжаттарды ұсынуы қажет. Адвокаттар заңды тұлғалардың істері бойынша – осы заңды тұлғалардың жұмыскерлері, ал мемлекеттік органдардың және олардың аумақтық бөлімшелерінің істері бойынша – осы мемлекеттік органдардың жұмыскерлері өкілдік ете алады. Кәсіптік одақтар – құқықтары мен мүдделерін қорғауды осы кәсіптік одақтар жүзеге асыратын жұмысшылардың, қызметшілердің, сондай-ақ басқа да адамдардың істері бойынша уәкілетті өкілдер. Заңмен, жарғымен немесе ережемен осы ұйымдар мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін, сондай-ақ басқа да адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген ұйымдардың уәкілетті азаматтары өкіл болуға құқылы. Сондай-ақ басқа тең қатысушылардың тапсырмасы бойынша тең қатысушылардың біреуі, іске қатысатын адамдардың өтініші бойынша сот рұқсат еткен, жоғары заң білімі бар басқа да адамдар тапсырма бойынша сотта өкіл бола алады. Тапсырма бойынша өкілдер шеттетілген жағдайда басқа өкілдің өкілеттігін ресімдеуге және оның іс материалдарымен танысуына сот бес күн уақыт белгілейді. Өкілдің өкілеттіктері Азаматтық процестік кодекстің 60-бабында көрсетілген. Өкілеттіктер заңды түрде ресімделген сенімхатпен расталып, сенім білдірушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы қоса беріледі. Сондай-ақ сотта өкіл бола алмайтын тұлғаларға тоқталатын болсақ. Судьялар, тергеушілер, прокурорлар және Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе жергілікті өкілді органдардың депутаттары, олардың процеске тиісті ұйымдардың өкілдері немесе заңды өкілдері ретінде қатысуынан басқа жағдайларда, сотта өкіл бола алмайды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет туралы заңнамасының талаптарын бұза отырып, заң көмегін көрсету туралы тапсырма қабылдаған адвокаттар сотта тапсырма бойынша өкіл бола алмайды. Сондай-ақ тапсырма бойынша мүдделері өзі өкілі болып отырған тұлғаның мүдделеріне қайшы келетін тұлғаларға осы іс бойынша заң көмегін көрсетсе немесе бұрын көрсеткен болса, ол тұлға сотта өкіл бола алмайды. Бұрын істі қараған және шешкен кезде судья, прокурор, сарапшы, маман, аудармашы, куә немесе куәгер ретінде қатысқан азаматтың өкіл болуға құқығы жоқ. Басқа тараппен немесе үшінші тұлғамен, судьямен, прокурормен, сот отырысының хатшысымен, іс бойынша қорытынды берген сарапшымен, маманмен, аудармашымен туыстық қатынастарда болса, психикалық денсаулық жағдайына не жасына байланысты және басқа да себептер бойынша өз бетінше өкілдікті жүзеге асыруға мүмкіндігі болмаса, тапсырма бойынша өкіл бола алмайды. Азаматтық процестік кодекстің 62-бабының талабы бойынша, әрекетке қабілетсіз, кәмелеттік жасқа толмағандар мен сот әрекет қабілеті шектеулі деп танығандарды сотта заңды өкілдері, атап айтқанда, ата-аналары, асырап алушылары, қамқоршылары, патронат тәрбиешілері немесе оларды алмастыратын басқа адамдар қорғайды. Бұл үшін олар сотқа өздерінің өкілеттіктерін куәландыратын құжаттарды ұсынулары керек. Ал азаматтар хабарсыз кеткен жағдайда олардың мүлкіне қорғаншылықты жүзеге асыратын адам өкіл болады. Мұрагерлікке қатысты да айтып өтсек, егер мұраны ешкім қабылдамаса, мүлік өзіне сенімгерлік басқаруға берілген азамат өкіл ретінде әрекет етеді. Заңды өкілдер барлық процестік әрекетті заң шеңберінде жасап, істі сотта жүргізуді басқа өкілге тапсыра алады. Сотта өкілдік етіп, басқа азаматтың құқығы мен заңды мүддесін қорғау өкілге үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы себепті сенім білдірушілер мен сенімге ие болушылардың заң талаптарын жан-жақты меңгерулері міндет. Сотта өкілдік етудің мақсаты – оны өкіл етуші тұлғаны сотта қорғау, заң көмегін көрсету, сот барысында сотта қаралып жатқан іс бойынша дұрыс бағыт көрсету және дұрыс шешім қабылдауына жәрдем беру. Досжан Төленбеков, Байзақ аудандық сотының төрағасы