Жаңалықтар

Құжаттарға апостиль қоюдың тәртібі қандай?

Құжаттарға апостиль қоюдың тәртібі қандай?

Соттар жыл сайын әртүрлі даулар мен мәселелерге байланысты көптеген шешімдер қабылдайды. Солардың кейбіреулері біздің елден тыс, шет жерлерде де талап етілуі мүмкін. Қандай да сот актісі ресми құжат мәртебесіне ие болу үшін, яғни ол шет мемлекеттерге жолданар алдында міндетті түрде заңдастырылады, апостиль қойылады. Апостиль дегеніміз – құжатқа қол қойған адамның қолын және оның өкілеттіктерін, сондай-ақ осы қағаз немесе электрондық нысандағы құжат бекітілген мөрдің немесе мөртаңбаның тұпнұсқалығын растайтын арнайы мөртаңба. Ол бізге не үшін керек деген сауал туындауы мүмкін. Жалпы апостильденген құжат аттестациялауды немесе заңдастыруды талап етпейді және оны Конвенцияға қатысушы барлық мемлекеттің ресми органдары мойындайды. Бұған байланысты қажетті құжаттар тізбесі мен оның қолданылуы, өтініш беру үлгісі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің шешімімен қабылданған 2020 жылғы 13 сәуірдегі «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» туралы заңнамада айқын көрсетілген. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсету нысаны электрондық (ішінара автоматтандырылған) немесе қағаз түрінде болады. Аталған заңнамаға сәйкес, бұл мемлекеттік қызметті қабылдау және мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін беру «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) және Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігінен бөлек, «электрондық үкіметтің» веб-порталы www.egov.kz (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады. Тәжірибеде көрсетілгендей, азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдері сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою туралы арызбен жүгінген кезде бұл мүмкіндіктерді пайдаланбайтынын көруге болады. Электронды өтінішті қабылдау және мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін беру «электрондық үкіметтің» веб-порталы» www.egov.kz (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады. «Single Sign-On» технологиясының көмегімен апостиль қою туралы арыз «Сот кабинеті» сервисіне түседі, онда арыздың электронды үлгісін, мемлекеттік баж, басқа да құжаттарды тіркеу туралы функционалын толтыру қажет. Порталда көрсетілетін қызметті алушының «Жеке кабинетіне» мемлекеттік қызмет көрсетуге дайын екендігі туралы хабарлама немесе бас тарту себептері көрсетілген жауап жіберіледі. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижелерін ұсыну нысаны: қағаз түрінде. Мемлекеттік қызмет ақылы түрде көрсетіледі. Мемлекеттік қызмет көрсетiлгенi үшiн әрбір апостиль қойылатын құжат үшін 0,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік баж алынады. Мемлекеттік баж екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, сондай-ақ электрондық үкіметтің төлем шлюзі арқылы төленеді. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі порталда тиісті құжаттарды жолдағаннан кейін бір жұмыс күнін құрайды. Арыз берген күн қызмет көрсету мерзіміне кірмейді. Порталда жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері өтініш білдірген кезде, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес өтініштерді қабылдау келесі жұмыс күні) жүзеге асырылады. Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелерін беру көрсетілетін қызметті алушының тіркелген жері бойынша сағат 9:00-ден 17:30-ға дейін жүзеге асырылады, сағат 13:00-ден 14:30-ға дейін түскі асқа үзіліс. Портал арқылы апостиль қою туралы арызбен жүгінген кезде мемлекеттік қызмет көрсету үшін бірқатар құжаттың тізбесі қажет. Нақтылап айтсақ, көр­сеті­летін қызметті алушының электронды цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық өтініш, апостиль қою үшін ұсынылған құжаттың электрондық көшірмесі (сканерленген көшірмесі) қажет болады. Сондай-ақ мемлекеттік баждың бюджетке төленгенін растайтын құжаттың электронды үкіметтің төлем шлюзі арқылы төленген жағдайларды қоспағанда, электрондық (сканерлік) көшірмесі керек. Мұнымен қатар көрсетілетін қызметті алушы тегін, атын, әкесінің атын (болған жағдайда) өзгерткенін растайтын құжаттың электрондық (скенерленген) көшірмесі қажет. Егер өзгерту Қазақстан Республикасының аумағында 2008 жылдан кейін тіркелген жағдайда құжаттың көшірмесі ұсынылмайды. Электрондық апостильдеудің басты артықшылығы – апостиль шығаруға және оның түпнұсқалығын белгілеуге жұмсалатын шығындар мен уақытты қысқарту, апостиль қызметтеріне қол жеткізуді жеңілдету, алаяқтықтан қорғауды арттыру. Сонымен қатар құзыретті органдардың жүктемесін азайту, құжаттарды жоғалту қаупін азайту, халықтың мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін және статистика жүргізуді жеңілдету. Осылайша электрондық апостиль – апостильді қою, жазу және тексеру үшін жылдам, қауіпсіз және қағазсыз процедураны енгізеді. Людмила Сырымбетова, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің облыс бойынша департаментінің ұйымдастыру-талдау бөлімінің бас маманы