Жаңалықтар

Жамбыл облысында аутизмі бар балаларды қолдау орталығы ашылды

Жамбыл облысында аутизмі бар балаларды қолдау орталығы ашылды

Жамбыл облысының орталығы – Таразда аутизмі бар балаларға арналған орталық ашылды. Бұл еліміз бойынша «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорларының демеушілігімен құрылған бесінші орталық. Оған облыс әкімдігі мен "Қамқорлық" корпоративтік қоры да қолдау білдірген. Жыл сайын орталықта 1,5-тен 18 жасқа дейінгі 125 бала мамандардың көмегін тегін алып, олардың ата-аналарына қолдау көрсетіледі деп күтілуде. Салтанатты ашылуға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев, «Самұрық-Қазына» қоры Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Қамқорлық» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова қатысты. Аймақ басшысы өз сөзінде орталықтың облыс тұрғындары үшін маңызы зор екенін баса айтты. - Кез келген мемлекеттің құндылығы мен ізгілігі балалар мен қарттарға, мүгедектігі бар азаматтарға қарым-қатынасымен айқындалады. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қоғамда тең жағдай жасау және оларға қамқорлық көрсету мемлекеттің борышы болып табылады. Мемлекет басшысы бастамасымен әлеуметтік жағынан әлсіз, мүмкіндігі шектеулі жандар жан-жақты қолдауға ие болуда. Бұл бағытта облыста да игі істер іске асырылуда. Облыста 45 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркеліп, оларды қолдауға ағымдағы жылы 3,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Тиісті бұйымдармен толық қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ, ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған әлеуметтік инфрақұрылым нысандары да кезең-кезеңімен жаңартылуда. Соның бірден-бір көрінісі ретінде 110 орындық осы Аутизмі бар балаларды қолдау орталығының ашылуын айта аламыз,-дей келе облыс әкімі нысанды қайта жөндеуден өткізіп, оны толық жабдықтауға қолдау көрсеткен «Қазақстан халқына», «Самұрық-Қазына» қорларына облыс тұрғындары және ем алушы балалардың ата-аналары атынан алғыс білдірді. Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев, «Самұрық-Қазына» қоры Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Қамқорлық қоры» Әлеуметтік қорының директоры Арайлым Еркінова сөз алып, жалпы аутизмге шалдыққан балалардың сауығуына орталық мамандарымен, қоғам қолдауы ауадай қажет екендігін атап өтті. Олар бұл орталық осындай диагноз қойылған балаларға және олардың отбасыларына қоғамның толыққанды мүшесі болуына үлкен мүмкіндік екенін жеткізді. Мұнда логопед, психолог және дефектолог және басқа да мамандар ерекше балаларға ава-терапия, эрготерапия, кинезиотерапия, бейімделген және емдік-денешынықтыру, еңбек терапиясы, арт-терапия, музыкалық терапия, сенсорлық интеграция, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бойынша сабақтар жүргізіп отырады. Олар әр баламен олардың қабілеттері мен қажеттіліктерін ескере отырып, әдіскерлер әзірлеген жеке бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Орталық директоры Рашида Каримова мекеменің 125 балаға арналғанын айтты. - Бізде 30-ға жуық түрлі кабинет бар, олардың барлығы қажетті жабдықтармен жабдықталған. Біз мүгедектігі белгіленген үш жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдаймыз. Бізге медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысы негізінде және оңалтудың жеке бағдарламасы болған жағдайда қол жеткізуге болады, - деді Р. Каримова.