Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ IT МАМАНДАРҒА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ IT МАМАНДАРҒА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Жаһандық экономикадағы ең жылдам дамып келе жатқан сала – IT-индустрия. Сарапшылардың пікірінше, биыл әлемдік IT-нарықтың көлемі 4,5 триллион долларға жетеді. Өркениет өріс алған бұл саладан отандық IT мамандар да ойып тұрып орын алып жатыр. Кейінгі 3 жыл ішінде елдегі IT-қызметтің экспорты 5 есе өсті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, есеп 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Қазақстан бұл бағытта Орталық Азияда көш бастап тұр. Тіпті дамыған елдерде жоқ тетіктерді жүзеге асырды. Ғылым мен технологияға, инженерия мен математикаға басым бағыт берген білім беру жүйесінің арқасында еліміз кейінгі онжылдықта IT-саласына қажетті айтарлықтай білікті мамандар даярлады. Бұл мамандарға шетелдегі алпауыт компаниялар қызығушылық танытып, әлемдік нарық бәйгесіне шақырып жатыр. Әсіресе АҚШ-тың сұранысы жақсы. Қазір АҚШ-тың технология саласында әлемнің түкпір-түкпірінен, оның ішінде біздің елден барған білікті қызметкерлер еңбек етеді. Мамандардың пікіріне сүйенсек, мұндағы IT-саладағы кадрлар сұранысын қамтамасыз ететін маңызды елдердің бірі – Қазақстан. АҚШ-тың Калифорния штатында бірнеше жылдан бері тұрып жатқан «CoPath»-дың негізін қалаушы және бас директоры Нұржан Махмұдов Кремний алқабындағы қазақ IT мамандары туралы тың ақпарат айтты. Н. Махмұдов: «Қазақстаннан келген мамандарды АҚШ-тағы жұмыс бірнеше себепке байланысты қызықтырады. Америкадағы технологиялық индустрия басқа елдердегі аталған сектормен салыстырғанда инновацияда жетекші рөл атқарады. Кремний алқабы жоғары технологиялардың әлемдік орталығы және әлемнің түкпір-түкпірінен талантты мамандарды тартады. «Google», «Apple», «Facebook», «Amazon», «Tesla» сияқты америкалық IT-компанияларда өз салаларында көшбасшы болып жүрген, технологиялық инновацияларда басқарушы позицияларды иеленетін отандық мамандар көп. Мысалы, «Tesla»-ның «Global Supply Manager» позициясында Әділ есімді азамат жұмыс істейді, ол өзінің негізгі жұмысынан бөлек, аптасына екі рет біздің аймақтың жас мамандарына америкалық алып корпорацияда жұмыс істеуге дайындалуға көмектеседі», дейді. Шетелдегі мамандардың көбінің техникалық қабілеттері басым. Өйткені Қазақстанның білім беру жүйесі бағдарламалық инженерия мен информатика сияқты салаларға баса назар аударады. Цифрландырудағы қазақ біліктілері әлемдік технология индустриясының негізгі тілі – ағылшын тілін де еркін меңгерген. АҚШ-тағы мамандардың айтуынша, заманауи және прогрессивті Орталық Азия қоғамынан шыққан мамандар АҚШ-тың корпоративтік нормаларына тез бейімделеді. Қазақстан этностық және діни әртүрліліктің жоғары деңгейімен ерекшеленетіндіктен әртүрлі ортадағы адамдармен ынтымақтастыққа ашық. «Booking.com» компаниясының (Амстердам) IT маманы Мақсұт Нәрікби Қазақстанның цифрландыру бағыты тіпті Еуропа мен АҚШ-ты да артта қалдыра алатынын атап өтті. «Қазақстандағы цифрландыру деңгейі кейінгі 5-10 жылда бұрынғы жағдаймен салыстырғанда өте жақсы деп ойлаймын. Айта кетерлік жайт, басқа мемлекеттермен салыстырғанда Еуропа мемлекеттерімен немесе АҚШ-пен, тағы да басқа IT-саласы дамыған мемлекеттерге қарағанда, жалпы біздің деңгейіміз жақсы. Шыны керек, біз көптеген мәселемен, мысалы, сыбайлас жемқорлықпен күресіп келеміз. Осы мәселе цифрландырудың көмегімен шешіледі деген ойдамын. Бұл сала азаматтың мемлекетпен қарым-қатынасының барлық тұсы деп айтсам, артық емес. Сондай-ақ әлемдегі IT-cаланың үлкен жетістігі – цифрлық банктердің пайда болуы. Бұл жетістік нарықта жаңа жолдар салып, саланың екінші тынысын ашты. Кей мемлекеттерде осы тұрғыдан біраз мәселе бар. Мысалы, Германияда халық әлі күнге дейін қағаз ақша ұстайды, ал Голландияда керісінше қағаз ақша мүлдем пайдаланылмайды. Осындай әртүрлі деңгей бар. Қазақ мамандарына нарықтың осы алаңында мыңдаған мүмкіндік бар», дейді «Booking.com» компаниясының қызметкері М.Нәрікби. Ол біздің елдегі кейбір мәселені шешуге үлгі болатын ұсыныс та айтты. Цифрландыру «көлеңкелі» экономиканы қалай жоятыны туралы да баяндап берді: «Мен Голландияда тұрамын, осы жерде кәсіп ашуға арналған көптеген мемлекеттік жеңілдік бар. Ол жеңілдіктер цифрлық өнімдер ретінде ұсынылған. Төлем қабылдау үшін Голландия өзінің төлем жүйесін құрған, ол PIN деп аталады. Бұл жүйенің қызығы – мемлекет карталарды қолданбай, онлайн төлем жүргізеді, яғни мемлекетке ешқандай тәуелділік болмайды. Мысалы, үйіңізге сантехник келетін болса, төлем кезінде өзінің посттерминалын ұсынады. Бұл жерде цифрландырудың артықшылығы – мемлекеттегі көлеңкелі нарықты жояды». Рас, цифрландыру жүйесі қанша жерден өсіп-өркендегенімен белгілі бір деңгейде мемлекет тізгінді өз қолына алуы керек. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазіргі кезеңде мемлекет саясаты елдегі инновациялық экожүйені қарқынды дамытуға бағытталып отырғанын айтқан еді. Оның ішіне адами капиталдың сапасын жақсарту, IT-инфрақұрылым мен венчурлық қорларды құру, шетелдік технологиялық компанияларды тарту және жергілікті стартаптар үшін қолайлы жағдайлар жасау кіреді. Еске сала кетейік, шетелдік ірі технологиялық компанияларда жұмыс істейтін қазақ IT мамандардың қауымдастығы іске қосылған еді. Ол – «Digital Nomads». Бүгінде оның құрамында 400-ден астам маман бар. «ІТ-саласындағы инвестиция көлемі өсіп, стартаптар Кремний алқабының акселерациясына да шығып жүр. Бұл – біздің цифрлық өнімдеріміздің халықаралық аренада бәсекелі болуының кепілі. «Astana Hub» – Орталық Азия өңіріндегі «Google for Startups»-тың жалғыз серіктесі. Осылайша Қазақстан аймақтың ірі IT ойыншысына айналып келеді», деген еді Б.Мусин. Министр қазақстандық IT-қызметтердің экспортын ұлғайту үшін жақын арада Оңтүстік-Шығыс Азия мен Таяу Шығыста «Silkroad hub» өкілдіктері ашылатынын да мәлімдеген. Сондай-ақ білікті мамандарды тарту үшін «Digital Nomad Visa» жобасы іске асырылады. Бүгінде ел нарығында стартаптарға 145 миллион доллар инвестиция салған 24 венчурлық қор жұмыс істейді. Мұның бәрі – мемлекеттің белсенді саясаты мен IT-салаға қызығушылықтың күрт өсуінің нәтижесі. Елігімай ТӨҢКЕР, журналист