БАЛАСЫН ОРЫС МЕКТЕБІНЕ БЕРЕТІН ҚАЗАҚТАР АЗАЙМАЙ ТҰР
БАЛАСЫН ОРЫС МЕКТЕБІНЕ БЕРЕТІН ҚАЗАҚТАР АЗАЙМАЙ ТҰР
Аралас мектептердің саны басым аймақтардың көшін Алматы қаласы бастап тұр. Өзіміздің өңірді бөлек алып қарасақ Жамбылда бұл жағдай ақырындап түзеліп келеді. Қазақ тілінде білім беретін мектептер мен мемлекеттік тілде оқитын оқушылар саны да жыл сайын өсуде. Облыстағы 444 мектептің 310-ы қазақ тілінде, 126-сы аралас тілдерде, 8-і орыс тілінде білім беруде. Осылайша өткен жылмен салыстырғанда орыс тілінде білім беретін мектептер саны 3-ке кеміген. Облыс мектептерінде оқитын 238713 оқушының 183091-і қазақ тілінде, 55481-і орыс тілінде, 141-і өзбек тілінде білім алуда. Соңғы 5 жылда мемлекеттік тілде білім алатын оқушылар саны 74,5 пайыздан 77 пайызға өссе, оның ішінде мемлекеттік тілде білім алатын өзге ұлт өкілдері оқушыларының саны 5488-ден 7092-ге, демек 1604 оқушыға өскен . Этнос өкілдері көп шоғырланған Қордай ауданында 2021-2022 оқу жылында 48 мектеп жұмыс істесе, оның 22-і қазақ, екеуі орыс, 24-і қазақ және орыс тілдерінде білім береді. Өткен оқу жылымен салыстарғанда орыс мектептерінің саны 3-ке кеміді. Қазақ сыныптарының саны көбейіп, қазақ тілінде білім алушылар үлесі өткен жылмен салыстырғанда 58,8 пайыздан 60,4 пайызға артқан. Осы орайда аралас мектептердің жайын хабардар ете кетсек. Күнделікті тәжірибеден көріп жүргеніміздей, аралас деп көңіл жұбатып, тігісін жатқызып аталғанмен, бұл білім ошақтары да таза орыстілді мектептерге бір табан жақын екендігі айдан анық. – Бұл өзі бір кезде амалсыздықтан туған қадам болатын, – дейді Талас ауданы, Б.Әлменұлы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлзира Бештаева. – Облыс орталығында кешегі кеңес заманында балабақша, мектеп-интернаттарда білім көбінесе орыс тілінде жүргізілетін. Жергілікті ұлт тілінде білім беретін мектептерде ауыл балалары оқитын. Ауыл қазақылықтың ордасы болған соң бізге күрмеуі шешілмей тұрған бұл мәселе әлі жете қойған жоқ. Ауыл тұрғындары, балаларымыздың ана тілімізге деген құрметі жоғары. Ал қалада тұратын қазақтардың балалары жүз пайыз орыс тілінде білім алды. Аралас мектептерде білім алатын қазақ балаларының қай тілге жақын екендігін елдің бәрі біледі. Егер балалар өз тілінде таза сөйлесін десеңіз, онда аралас мектептен арылатын жағдай жасау керек. Тіл жанашыры айтса айтқандай, мұндай мектептерде оқитын қазақ балаларының тілі орысшаға жақын, үйір. Үзілісте, ойын кезінде кілең орыс тілінде сөйлейді. Демек пайызға шаққан кезде аралас білім ошақтарында тәлім-тәрбие алып жатқан жергілікті ұлттың өрендерін орыстілді деп есептесеңіз де артық емес. Бір есептен балаларының орыс тілінде білім алуына ата-аналардың, әсіресе жас отбасылардың өздері ынталы. – Немерелерімді мектепке өзім тасимын. Үнемі алғашқы қоңырау, соңғы қоңырау жиналыстарына қалмай қатысып білімдерін назардан тыс қалдырмаймын. Оқу жылының алдында оқушыларды сыныптарға бөлген кезде ата-аналар көбіне орыстілді сыныптарды қалайды. Бейжай қарай алмай себебін сұрап көрсек, үйде сабақтарына көмектесе алмаймыз дейді. Өйткені жас ата-аналардың өздері ана тілдерін білмейді ғой. Тіл проблемасы осылайша бір-бірімен сабақтасып жатыр. Біздің ұл мен келін де әуелгіде орыс сыныбына бермек болған. Кейін ақылға көніп, немерелерін қазақ тілінде білім алып жатыр. Орыс тілінде білім алған бала білімдірек болады деген теріс оймен өз балаларымызды өзіміз орыстандырып жатқанымыз жаныма батады, – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Айжамал Мұқан. Ескере кететін бір жайт, шын ниетті адамдардың сұранысы қанағаттандырылмайтын да жай бар. Ол өздері тұратын мекенжайда жергілікті ұлт тілінде тәлім-тәрбие беретін мектептің болмауы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті бір сұхбатында «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», деген еді. Сондай-ақ балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет екенін ерекшелеп айтқан-ды. «Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», деді Мемлекет басшысы. Қазіргі күні Президент алға қойып отырған талаптың үдесінен шығу үшін бар күш-жігерімізді сарқа жұмсап отырмыз ба? Бүгінгі қазақ тілінің тынысына қарап олай дей алмасақ керек. Байқап отырғандарыңыздай аралас мектептерге қатысты ушығып тұрған мәселелер жетерлік. Тіпті ұлттық тілде білім беретін мектептердің орыс сыныптары мен қазақ сыныптары болып бөлінуінің өзі жағдайды күрделендіре түскендей. Әрине, әр ата-ананың баласын өзі қалаған мектепке беруге толықтай құқығы бар. Аралас мектептердің мәселесі қаншама жылдан бері айтылып жатса да, әлі де шешімін тапқан жоқ. Егемендік алғанымызға 30 жылдан асса да ата-аналар неге баласын қазақша оқытудан қашады? Не кедергі? Бұл тұста басым бөлігінің ойы: «Үйде тегінен ажырамас үшін қазақша сөйлесеміз, ал білімді орыс тілінде алған бала алғыр болады», деген пікірде тоғысады. Әсте олай емес. Мемлекеттік тілде білім беретін мектептер де атақ-абырой, марапаттардан кенде емес. Қазақ тілінде оқытатын мектептің мұғалімдері намысқа тырысып, жұмыс істеп, неше жыл қатарынан білім сапасынан көш бастап, аралас мектептердің алдын бірнеше рет орап кетті. Осылайша қазақ мектебін мойындатты. Осы тұста баланың қазақ тілінде оқып-ақ топты жарып шығатынын мойындау керек. Тіпті ауылда жүріп-ақ жалпақ жұртқа білімімен, талантымен, өнерімен танылып жатқан өрендеріміз қаншама. Әлемдік пәндік олимпиадаларда оза шауып, алтыннан алқа тағынып, елдің атын шығарып жүргендер көбіне қазақ мектептерінің оқушылары екені жасырын емес. Ол аз десеңіз, қазақ мектептері білім деңгейінің жоғары екендігін ҰБТ көрсеткіштерінен-ақ көруге болады. Биыл қазақ тілінде тест тапсырған талапкердің балы, орыс тілінде сынақтан өткендерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Сондықтан орыс тілді білім мекемелерінің білім деңгейі қазақ тілінде оқытатын мектептерге қарағанда әлдеқайда сапалырақ деген жаңсақ пікірдің жетегіне ермейік. Бүгінде қазақ мектептерінің түлектері әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орнында – Еуропаның төрінде, АҚШ-тың мен деген университеттерінің аясында білім алып жүргені ешкімге де жасырын емес. Психолог мамандардың айтуынша, ата-ана баласын қай тілде оқытса, сол ұлттың мінезін бойына сіңіреді. Сол себепті жоғарыда келтірген қарадомалақтар орыс тілінде сайрап жүргенімен қоса, ұлттық тәлім-тәрбиемізден алыстап бара жатқаны қынжылтады, ойландырады. «Орысша білсе, далада қалмайды» деген түсініктен арылатын кез келді. М.Қашқари, «Игі істің басы – тіл. Тәрбие басы – тіл» дегендей қазақ баласы қазақ мектебінде болғаны абзал. Оның парқын жақсы пайымдап отырған боларсыз. Мақаламыздың нүктесін тіл жанашыры, Республикалық «KAZBILIM» орталығы директоры Аятжан Ахметжанның сөздерімен қойғанды жөн санадық. Тәуелсіздіктің ширек ғасырын қорытындылаған ел үшін бүгінде жаңа құндылықтар бой көтерді. Уақыт пен тарих өзі көп дүниені реттейтіні түсінікті күйге жетті. Басқасын айтпағанда орыс тілді ақпараттық ортаның ешқандай күші қалмағаны, қазақ басылымдарының күш алғаны, орнының нығайғаны анық. Басқасын айтпағанда, әлеуметтік желінің өзінде орыс тілінде көтерілген мәселеге жұрт назар аудармайды да. Ал дәл сол мәселе қазақ тілінде көтерілсе мыңдаған жұрт талқыға салады. Бұл әлеуметтік ортаның қазақ ортасына ығысуы. Қазақта көп қорқытады, терең батырады, деген тәмсіл бар, базбіреулер жанын сала орыс тілін қорғаса да, сіз балаңызды орыс сыныбына берсеңіз де, Қазақ еліндегі орыс тілі енді оң жамбасымен тұрмайды. Сіз теңізге қарсы шықпаңыз, біз сіздің балаңызға жанымыз ашиды, жанымыз ашығандықтан айтамыз. Балаңды қазақ мектебіне бер! Бұл кезінде ұлтты сақтау үшін айтылған ұран болса, бұл күнде ұрпаққа жаны ашығаннан айтылатын ақыл. Сіз балаңызды жоғары белестен көргіңіз келе ме, алдағы оқу жылында балаңыз қазақ мектебіне ауыстырыңыз, қазақ мектебіне беріңіз, мұны қазақ есің барда еліңді тап дейді… Сіздер де естеріңіз барда елдеріңізді табыңыздар… Балам ертең қоғамнан оқшауланып қалмасын десеңіз, онда бүгіннен бастап ойланыңыз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ