Жаңалықтар

БІЛІМДІ ЦИФРЛАНДЫРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

БІЛІМДІ ЦИФРЛАНДЫРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Қазір цифрлық технологияларды пайдалануда жоғары білімнің цифрлық түрлендірілуі (трансформациясы) туралы әңгіме жиі қозғалады. Осы орайда жаңа цифрлық технологияларды жаппай енгізуде университеттер дамуын, сондай-ақ студенттерді даярлау жүйесіне сыртқы әсерлердің өзгеруін сипаттайтын заңдылықтарды айқындап, жүйелеу – өзекті мәселе. Оны шешу алдағы ғылыми-педагогикалық зерттеулерді, оқытушыларды даярлау жүйесінің даму жолдарын анықтау үшін маңызды. Кейінгі жылдары түрлі технологиялардың қолданылуына байланысты жоғары оқу орындарында студенттерді даярлау үдерісіне елеулі өзгерістер енгізіліп жатыр. Бұл жерде біз жаппай онлайн курстардың пайда болуы мен дамуын, жаңа өнеркәсіптік революция технологияларының таралуын, біртұтас ақпараттық ортаның қалыптасуын, цифрлық технологияларды меңгерген оқытушылар құрамының айтарлықтай артуын айтып отырмыз. Ендігі жерде осы және өзге де факторлар студенттерді оқытудың жаңа әдістері мен цифрлық білім ресурстарын жасау саласындағы зерттеушілердің кәсіби әзірлемелерімен толығуы қажет. Әрине, жоғары оқу орындарын техникалық қайта жарақтандыруға, оқытудың мазмұнын, әдістері мен формаларын жаңартуға байланысты кез келген үдерісті дамыту ғылыми зерттеулер негізінде жүзеге асуға тиіс. Мұндай зерттеулер тек теориялық және практикалық әзірлемелер түрінде ғана іске асырылып қоймай, ғылыми талдау сипатында болуы да мүмкін. Өйткені бүгінгі жағдайды зерделеу нәтижелері жоғары білімнің цифрлық түрлендірілуінің тиімділігі мен нәтижелілігін арттырып, қажетті жұмыс бағыттары мен түрлерін анықтау үшін маңызды. Осы орайда жаңа цифрлық технологияларды жаппай енгізу, сондай-ақ оқу жүйесіне сыртқы әсерлердің өзгеруін сипаттайтын заңдылықтар мен факторларды анықтау, жүйелеу мәселесі туындайтыны сөзсіз. Мұндай мәселені шешу осы саладағы өзектілігі жоғары ғылыми-педагогикалық зерттеулердің бағытын, сондай-ақ университеттер, академиялар мен институттар үшін оқытушыларды даярлау мен олардың біліктілігін арттыру жүйесін дамыту жолдарын анықтау үшін маңызды. Кейінгі кезде жоғары білімді ақпараттандырудың кейбір үдерістерін, атап айтқанда, қашықтан оқыту формаларының даму ерекшеліктерін, пандемия жағдайындағы білімді технологиялық және әдістемелік қамтамасыз етуді өзгерту мәселелерін, білімнің деңгейлері мен түрлерін цифрлық түрлендіру ерекшеліктерін талдау әлемдік зерттеулердің маңызды бөлігіне айналды. Біздіңше, «білімді цифрландыру» мен «білімді ақпараттандыру» терминдерін байланыстыра қарастырған жөн. Білімді ақпараттандыру – ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу, тарату технологиялары мен құралдарын қолдану арқылы оқыту мен тәрбиелеудің психологиялық-педагогикалық мақсатына жету, осы бағыттағы адам қызметінің ғылыми-практикалық саласы. Байқасаңыз, «білімді ақпараттандыру» анықтамасында «компьютерлендіру» ұғымы жоқ. Өйткені білімді цифрландыру – мақсатты цифрлық нәтижеге жеткізетін білімді ақпараттандырудың анағұрлым компьютерлендірілген түрі. Жоғары білімді ақпараттандырудың маңызды бір үрдісі – оқу үдерісінде онлайн курстардың көбеюі. Олардың көбін мұндай курстар оқытылатын университетте жұмыс істемейтін авторлар ұжымы әзірлейді. Бұл әдістемелік қамтамасыз ету мүмкіндіктерін кеңейтеді. Екінші жағынан, жаңа оқу материалын қолданыстағы көлемді курстарға бейімдеу, қосу және «тегістеу» бойынша қосымша қадамдарды талап етеді. Мұндай жұмыстар жүргізіліп жатыр да. Ол қосымша дидактикалық зерттеулерді қажет етеді. Өйткені мұндай курстар мен оны пайдаланатын студенттердің саны ұдайы өсіп келеді. Сонымен қатар онлайн курстарда бүкіл оқу жоспарын меңгеру, кредит жинау немесе білім нәтижелері құжатын алу жиі талқыланатын даулы мәселе болып тұр. Бұған қатысты да елеулі зерттеулер керек. Жоғары оқу орындарында көп форматты онлайн курстарды жобалау, әзірлеу және енгізу үрдісі бар екені анық. Цифрлық технологияларды енгізу жоғары білім жүйесін студенттердің, оқытушылардың және еңбек нарығының қажеттіліктеріне икемді ете алады. Мұндай оқу құралдарымен жұмыс істеу үшін оқытушылардың арнайы білімі мен дағдылары болуы керек екенін ескеру де маңызды. Ал бұл жоғары оқу орындарының оқытушыларын даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін дамытуға бағытталған әдістемелік зерттеулердің өзектілігін арттырады. Ендігі жерде жаңа цифрлық құралдарды әзірлеуден олардың технологиялық, әдістемелік, мазмұндық және интерфейстік интеграциясы мен бірегейлік тетіктерін жасауға көшу қажет. Бұл жеке цифрлық ресурстарды университеттердің бірыңғай цифрлық білім ортасының құрамдас бөліктері ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Әрбір жаңадан жасалған ресурсты кейіннен мұндай ортаға кіру мүмкіндігін ескере отырып әзірлеген жөн. Жоғары оқу орындарында ақпараттандыру құралдарын қолданудың қазіргі кезеңінің тренді – жаңа өнеркәсіптік революция технологиялары негізінде әзірленген заманауи цифрлық ресурстар үлесін арттыру. Иммерсивті технологиялардың, ауқымды деректер технологияларының, жасанды интеллект алгоритмдерінің, «ақылды» сыныптар мен үйлердің құрамдас бөліктерінің айтарлықтай дамуына жоғары білім мен педагогика ғылымы жүйесінің ықтималды жауабы да бар. Ол төмендегі ғылыми негізделген ұсыныстар. Біріншіден, әртүрлі мамандықтағы студенттерді объектіге бағытталған тәсілмен оқыту. Екіншіден, сәйкес салалардағы студенттердің инженерлік даярлығын бір-бірімен өзара әрекеттесе алатын цифрлық құралдар мен технологияларды дамытуға қайта бағдарлау. Үшіншіден, адамның қатысуынсыз цифрлық ресурстардың өзара әрекеттесу технологияларына байланысты жоғары оқу орындарында жаңа мамандықтарды ашу. Төртіншіден, оқытушылар мен студенттерді заманауи оқу құралдарымен қамтамасыз ету үшін университеттер мен заманауи цифрлық ресурстарды өндірушілер арасында практикалық өзара әрекеттесуді ұйымдастыру. Бесіншіден, университет түлектерінің инновациялық кәсіпорындардағы қызметінің ерекшеліктерін зерттеуді ескере отырып, студенттерді оқытудың мақсаттарын, мазмұнын және әдістерін жетілдіру. Алтыншыдан, жоғары оқу орындарында инновациялық кәсіпорындардың цифрлық және басқа да жабдықтарын қолдану. Жетіншіден, магистратурада оқыту арқылы цифрлық жүйелерді құру және енгізу саласында маман-практиктердің педагогикалық білім алуын жолға қою. Қашықтан, аралас және гибридтік оқытудың тәжірибесі осы саланың айтарлықтай объективті дамуына қарамастан, дәстүрлі оқытудың даусыз артықшылығын көрсетті. Десе де цифрлық технологияларды саналы және мақсатты түрде қолданатын, оқу үдерісінің тиімділігін арттыруға ықпал ететіндей жұмыстың қашықтан және күндізгі түрлерін үйлестіре алатын оқытушылардың саны біршама өсті. Сонымен қатар білімнің тиісті сапасын қамтамасыз етудің негізінде қолданылатын цифрлық құралдар ғана емес, оқытушылардың оқытуды жоспарлау мен жүзеге асыру, сондай-ақ заманауи ақпараттық технологияларды орынды қолдану саласындағы кәсібилігі жатыр деп айтуға болады. Жоғары білімнің цифрлық түрлендірілуін тежейтін негізгі мәселелер жиынтығы жеткіліксіз техникалық жарақтандыру, цифрлық ресурстар мазмұнының төмен сапасы және білімді ақпараттандыру жағдайында педагогтардың кәсіби қызметінің барлық түрін орындауға жеткіліксіз дайындығынан тұрады. Әсіресе екінші және үшінші мәселе аса өзекті. Оларды шешуге тиісті зерттеулер жүргізіп, қажетті әдістемелік материалдарды әзірлеу арқылы баса назар аудару керек. Оның үстіне соңғы жылдардағы пандемиялық шектеулер үшінші мәселені шешуге итермелегенін ұмытпаған жөн. Сонымен қатар оқу-әдістемелік құралдардың барлық түрінің сапасын қамтамасыз ету, бағалау саласында ғылыми-зерттеу мен әзірлемелерді жалғастыру, шашыраңқы ақпараттық жүйелерді бірыңғай ақпараттық немесе цифрлық білім орталарына біріктіру әрі біріздендірудің теориялық және практикалық тәсілдерін айқындау қажет. Сайып келгенде, жоғары оқу орындарында қолданылатын цифрлық технологиялар аясының кеңеюінен туындаған барлық өзекті мәселені шешудің басты факторы – оқытушылар мен университет қызметкерлерінің жаппай ақпараттандыру жағдайында жұмыс істеуге дайындық деңгейі. Сондықтан мамандарды даярлау және қайта даярлау жүйелерін ғылыми негізделген мазмұнды әрі әдістемелік тұрғыда жаңарту қажет. Есен БИДАЙБЕКОВ, педагогика ғылымдарының докторы, профессор