Жаңалықтар

ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ГАЗДАНДЫРУ ЖАЛҒАСУДА

ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ГАЗДАНДЫРУ ЖАЛҒАСУДА

Биыл энергетика және тұрғын үй-коммнуалдық шаруашылық саласы бойынша республикалық және жергілікті бюджет есебінен жалпы 146 жобаны іске асыруға 31,9 миллиард теңге қарастырылған. Келесі жылға жалпы сомасы 78,9 миллиард теңгеге 175 жоба қаржыландыруға ұсынылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізген облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Дамир Тұңғатов айтты. Биылғы 10 айда 23 елді мекендегі 16,5 мың адам, қалалардағы 3 тұрғын алқапта 6,3 мың адам сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген. Облыста сапалы ауызсумен қамтамасыз етілмеген 56 ауылдық елді мекен және Тараз, Шу қалалары бойынша 15 тұрғын алқап қалыпты. – Облыстағы 371 елді мекенде 1 257 955 халық тұрады. Биыл 11,8 миллиард теңгеге 36 елді мекенде газдандыру құрылысы бойынша 16 жоба іске асырылуда. Жыл соңына дейін 11 елді мекен табиғи газға қосылып, облыстың газбен қамту деңгейі халық санымен 91,1 пайызға жететін болады. Газдандырылмаған қалған 61 елді мекенге қайта талдау жүргізілді. Оның ішінде 26 елді мекен бойынша қазіргі таңда 4 жоба әзірленуде. Құрылыс жұмыстарының құны шамамен 32,6 миллиард теңгені құрайды. 9 елді мекенге аудан әкімдіктерімен келесі жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленетін болады. 26 елді мекенде халық саны аз болуына байланысты газдандыру кейінгі жылдарға жоспарланған. Халық саны 28 663 адамды құрайтын Мойынқұм ауданы ғана толық газдандырылмай отыр. Ауданды газдандыру үшін кешендік іс-шаралар жоспары жасалған, – деді Дамир Тұңғатов. Мұнан соң спикер электр энергиясы, алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелеріне тоқталды. Айжан Өзбекова