Жаңалықтар

Тұрғын үй салу – қаржы игеру ғана емес...

Тұрғын үй салу – қаржы игеру ғана емес...

Облыс əкімі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Қордай ауданында болып, өңірдегі өндіріс ошақтарын, егіс алқаптарын аралап, қожалықтардың жұмысымен танысты.

Өңірде «Самғау» шаруа қожалығы алғашқылардың бірі болып егінге орақ салыпты. Қожалық жетекшісі Евгений Трубниковтің айтуынша, шаруашылық биыл жүгеріні – 350, бидайды – 100, арпаны – 28 гектарға орналастырған. Бидайға орақ салған қожалық оның əрбір гектарына 30 центнерден өнім жинауды жоспарлап отыр. Алқаптарын тамшылатып суғарып отырған қожалық судан тапшылық көріп отырғанын жеткізді. Су тапшылығы шешілсе, суармалы егістік алқабын көбейтпек ниетте екенін айтты. – Су мəселесі жылдан-жылға қиындап барады. Қажетті тіршілік нәрі көрші елдің су қоймасынан келгенімен ол бəріне жетпейді. Сол үшін ұңғыма қазып егіс алқаптарын тамшылатып, жаңбырлатып суаруға алмастыру қажет. Сол кезде ғана ағын суға деген тəуелділіктен арылып, жерді тиімді игеруге болады. Көп шаруа қожалықтары қазір ұңғыма қазып алып, су мəселесін өз беттерінше шешіп жүр, – деді облыс əкімі. Шаруа қожалық сұранысын ескере отырып, каналдарды жөндеу, бетондау жұмыстары кезең-кезеңмен жалғасатынын айтты. Аймақ басшысы Қордай ауылындағы «Батыс» тұрғын алқабында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Бүгінде онда 60 пəтерден тұратын 6 көпқабатты үй салынған. Оның үшеуінің құрылысы аяқталса, қалғанында құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Бір үйдің құрылысы енді басталған. Аудан əкімі Мəден Мұсаев алдағы уақытта мұнда 18 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Алдағы жылы тағы 5 көпқабатты үйдің құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Аймақ басшысы бірнеше ай бұрын пайдануға берілген үйдің құрылысын сынға алды. – Берілгеніне бір жыл да болған жоқ. Сылақтары түсіп, сапасыз тұрғызылғаны көзге бірден көрініп тұр. Мұндай үйді мынадай жағдайда кім алады? Мақсат қаржы игеру емес, халыққа арнап тұрғызылған үй сапалы болуы керек. Мынау үйдің жағдайы неге бұлай болды? – деп сұрады Н.Нұржігітов. Мердігер бұл тұрғын үйдің қыс айында соғылғанын айтып, облыс əкімінің қойған бірде-бір сұрағына нақты жауап бере алмады. Бұдан кейін облыс əкімі «EKO CHIKEN» коопертивінің модульді құс фермасының жұмысымен танысты. Шаруашылық 2,5 гектар жерді алып жатқан аумаққа бес құс фермасын орналастырған. Əр құс фермасында 1,5 мың балапаннан бар. Жүз тонна ет өндіріп, нарыққа шығарып келеді. Негізінен өнім Алматы қаласы мен Қордай ауданындағы сауда орталықтарына өткерілуде. Енді кəсіпкер тауықтың қауырсынын кәдеге жаратуды да жоспарлап отыр. Ферма басшысы қалған бос жерге жылыжай жəне 800 басқа арналған мал бордақылау алаңын салу, сонымен бірге балық шаруашылығын қатар алып жүру жоспарының барын айтты. Облыс əкімі «Қордай сүт өнімдері» ЖШС-ында болып, зауыт жұмысымен танысты. Зауыт директоры Ислам Давуздың айтуынша, зауыттың жылдық қуаттылығы 800 тонна екен. Онда 40 адам жұмыс істейді. Өткен жылы 1215 тонна сүт өнімдерін өндірген. Келесі кезекте аймақ басшысы «Нуну» шаруа қожалығының жұмысын көрді. Қожалық жетекшісі Санщи Нунудың айтуынша, шаруашылық 27 гектар алқапты игеріп жатыр. Қазір сəбізді қазып бастаған. Оның килосын 100 теңгеден алқап басынан өткеруде. – Бұл жер бұрын бос жатқан жер еді. Ұңғыма қазып, су шығарғаннан кейін құнарлы жерге айналды. Осы жерден екі рет өнім аламын. Жақында пияздан өнім жинап, 150 теңгеден өткізсем, енді сəбізді қазып жатырмын. Шалқанның орнына қызанақ көшеттерін отырғыздым. Сəбізден 35-40 тонна өнім жинаймын деп жоспарлап отырмын, – дейді ол. Отбасы кəсібін жерден тауып отырған шаруа балаларын да осы кəсіпке кішкентайынан баулитынын айтып, «бұл біздің кəсіп, еңбексіз ештеңе болмайды» дейді. – Ауыл шаруалығы өніміне деген қазір сұраныс жоғары. Сіздер сияқты еңбек адамының өнімі жерде қалмайды. Халықты азық-түлікпен қамтитын өздеріңіздей шаруаның көп болғаны жақсы. Аз жерден мол өнім жинау үлкен жетістік, – деді аймақ басшысы шаруаның жұмысына ырзашылығын білдіріп. Келесі кезекте Нұржан Нұржігітов Ауқатты ауылдық округіне қарасты Бəйтерек ауылындағы №45 негізгі Ауқатты елді мекеніндегі №9 орта мектепте болды. Бəйтеректегі негізгі мектеп ғимаратымен таныса келіп, оны алдағы жылы жаңадан салатынын айтты. Бұл хабар мектеп мұғалімдерін қуантып тастады. Ал Ауқатты ауылында облыс əкімін мектеп ұжымы мен ауыл тұрғындары құшақ жая қарсы алды. Осында білім алған Нұржан Нұржігітов сынып бөлмелерін аралап, сыныптастарымен кездесіп, мектептің материалдық жағдайымен танысты. LED экран арқылы шетелде тұратын ұстазы Галина Кривошееваның жылы лебізін тыңдап, сыныптастар суретін тамашалады. Аулада ауыл қарияларымен кездесіп, балалық шақтағы қызықты естелігімен бөлісті. Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданының тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының басшылық өкілдері де қатысты. Аймақ басшысы алдымен Масаншы ауылдық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесуде тұрғындар музей салу, интернет, ауызсуға қатысты мәселелер көтерді. Облыс әкімі ауылда соңғы жылдары айтарлықтай оң өзгерістер орын алып, көптеген жұмыстар атқарылғанын айтып, басқа да мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Дәл осындай кездесу Қордай ауылында да өтті. – Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес өздеріңізбен кездесіп отырмыз. Бұған дейін облыстағы түрлі деңгейдегі әкімдер тұрғындармен 375 кездесу өткізді. Жергілікті халықпен кездесіп, ой-ұсыныстары мен мәселелерін тыңдау, оларды заң аясында шешу үшін шаралар қабылдау бойынша жұмыстар жалғасатын болады. Біз сіздерді тыңдауға қашанда дайынбыз, – деді Нұржан Нұржігітов өз сөзінде. Өз кезегінде тұрғындар көкейдегі өзекті сауалдарын қойып, жауап алды. Аймақ басшысы кездесулерде көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынатынын атап өтті. Басқосудан соң облыс әкімі ауылдықтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ Қордай ауданы