Жаңалықтар

Оқу жүйесінде оңды істер бар

Оқу жүйесінде оңды істер бар

Облысқа ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева жұмыс сапарымен келді. Наталья Васильевна алдымен Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне ат басын бұрып, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнан соң «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында облыс тұрғындарымен кездесті. Кездесуге облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттың депутаттары, ата-аналар комитеттері, кәсіподақ және үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері, аудандық, Тараз қалалық білім бөлімдерінің, колледждер мен мектептердің, мектепке дейінгі және мектептен тыс мекемелердің басшылары, облыс педагогтары мен қала тұрғындары қатысты. Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек баяндама жасап, өңірдегі білім беру жүйесінің дамуына, жетістіктер мен кейбір мәселелерге кеңінен тоқталды. Келесі кезекте облыс бойынша білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дәмеш Ускумбаева сөз алып, білім саласындағы кеткен кемшіліктерді жіпке тізді. Мұнан соң ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева білім сапасын арттыру, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Наталья Жұмаділдаева тұрғындардың барлық сұрақтарына жауап берді. Сұрақтар негізінен білім сапасы, оқушылардың ауыр сөмкесін жеңілдету, педагогтардың жеке мәселелеріне қатысты болды. Бірінші вице-министр жиын соңында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. А.ӨЗБЕКОВА