Астана күнін қашан тойлаған дұрыс?
Астана күнін қашан тойлаған дұрыс?
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, ел астанасын оңтүстіктен орталыққа қарай көшіру мәселесі көтерілді. Қазақстанның сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елдің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы қаланы анықтау мақсатында республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Талдау қорытындылары барлық нұсқаның ішінен ең қолайлысы Ақмола қаласы екенін көрсетті. Бұл туралы Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай деп еске алады. «Ақмола Қазақстанның географиялық орталығы деуге болатын, Қазақстан экономикасының өрлеуінде жетекші де өскелең нүктелері болып отырған маңызды шаруашылық өңірлерге жақын орналасқан. Қала ірі көліктік арналардың қиылысында, тоғыз жолдың торабында тұр. Бұдан басқа, қала Қазақстан үшін көптеген шетелдерге шығудың мейлінше төте жолы – трансеуразия арналарына таяу қоныстанған», деп жазған еді Н.Назарбаев. Қазақстанның заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екені баршаға аян. Қазақстанның Жоғарғы кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде Назарбаевтың ұсынысымен елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдайды. Араға үш жыл салып, 1997 жылы 20 қазанда Елбасы астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қояды. Осы құжатқа сай Ақмола Қазақстанның астанасы құқығын 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап иеленді. Деректерге сүйенсек, елорданы ауыстыру туралы шешім қабылданған кезде, Ақмола қаласы (қазіргі Нұр-Сұлтан) халқының саны 290 мыңдай ғана болған екен. Жалпы, Астана қаласының даму тарихын шартты түрде төрт кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең – ортағасырлық Бозоқ қаласының тарихымен байланысты. Осы жерде бір мәселені атап өткіміз келеді. Бізде кеңестік идеологиямен шырмалған «Қазақстандағы қалалар орыстардың келуімен салынды» деген қате пікір қалыптасқан. Бұл олай емес. Бозоқ қаласы – соның айқын дәлелі. Екінші кезең – 1830 жылы Ақмола бекінісі іргетасының қалануы. Оның сол кездегі тұрғындарының саны небары 313 адам болған екен. Үшінші кезең – Кеңес дәуірі. Соғыстан кейінгі тың игеру жылдарында қала Целиноград атауымен белгілі болды, тың өлкесінің орталығына айналды. Төртінші кезең – Тәуелсіздік кезеңі. Қазақстан Республикасының жаңа астанасының құрылуы. Дәл осы жылдары еліміз егемендігін алумен қатар, астанамыз Алматыдан Ақмолаға ауысты. Бұл бүгінгі Қазақстанның дамуына орасан зор ықпалын тигізді. Бірінші кезекте, жасыратыны жоқ, Ақмола ғана емес, солтүстікке қоныстанған қазақтардың саны артты. Тұтастай аймақ қазақыланды. Өз жерінде азшылықта қалып, бұйығып қалған жергілікті қазақтардың рухы оянды. Екіншіден, бұрынғы Астана қаласының құрылысының басталуымен инвестиция ағылып, жаңа жұмыс орындары ашыла бастады. Сөйтіп экономикада қозғалыс пайда болды. Ал құрылыс саласы біртіндеп бүтіндей ел экономикасының локомотивіне айналды. Қала мүлде жаңа, түрленген, жаңарған, жасампаз кейіпке енді. Елорда күні бүгінде жалпыхалықтық мейрамға айналды. Бұл мерекені еліміздің әр өңірі ерекше атап өтеді. Мерекелік концерттер, көрмелер, халықтық серуендер ұйымдастырылады. Алайда ел ордасы Нұр-Сұлтанның ресми таныстырылған күні – 10 маусым. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. Демек маусымның 10-ы – астананың бұрынғы туған күні. Қазақстанның астанасы 1997 жылы желтоқсанның 10-ы күні Ақмолаға көшкеннен кейін, ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымында өтті. Алғашқы той дәл былтырғыдай ұлан-асыр аталып өтпесе де, қазіргі Конгресс-хол жанындағы ескі алаңда шетел қонақтары мен шетел жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылып, ол бүкіл Қазақстанға тікелей телеэфирден көрсетілген болатын. Сол кезде Талғат Мұсабаев та ғарыштан республика халқына гитарамен ән-шашуын арнаған еді. Содан бері 10 маусым Астана күні ретінде тойланып келді. Ал 2008 жылдан бері мереке Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне – шілденің 6-сына ауыстырылып, Қазақстанда мемлекеттік мереке болып жарияланды. Осылайша «Мерекелер туралы» заңға енгізілген түзетулерден соң 2009 жылдан бастап шілденің 6-сы мемлекеттік мереке ретінде аталып өтіп келеді. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлытау өңірінде Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өткендігін білесіздер. Құрылтай отырысында ел Президенті Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған болатын. «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», деді Тоқаев Ұлытауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында. Сонымен қатар Қ.Тоқаев Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтты. «Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», деді Мемлекет басшысы. Осылайша, ел есінен ұмытылып, көлеңкеде қалып қойған тарихи күнге «Республика күні» мәртебесі қайтарылды. Осы тұста талай елдің көкейінде жүрген бір ойды қозғай кеткіміз келеді. Астана күні алғаш құрылған жылдағыдай 10 маусымда тойланса. Есілдің жағалауынан бой көтерген әсем елордамыздың әлемге дәл осы күні таныстырылған. Ел тарихында, елорда шежіресінде де осылай жазылған. Демек «Астана күні» де өзінің тарихи датасына ауыстырылғаны дұрыс. Сіз қалай ойлайсыз құрметті оқырман? Астана күнін қашан тойлағанымыз дұрыс?
Ақтоты Жаңабай