Жаңалықтар

12,5 МЫҢ ТҰРҒЫН ТЕГІН ЗАҢГЕРЛІК КӨМЕК АЛҒАН

12,5 МЫҢ ТҰРҒЫН ТЕГІН ЗАҢГЕРЛІК КӨМЕК АЛҒАН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында кеше ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев облысымызға арнайы іссапармен келіп, тұрғындармен кездесті. Кездесуде Азамат Несіпбайұлы тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беріп, арызданушылардың мәселелерін тыңдап, тиісті салалық департамент басшыларына тапсырмалар берді. Ал министрге азаматтар адвокаттардың әрекетіне, атқарушылық іс жүргізу бойынша сот шешіміне, жеке сот орындаушылардың жұмысына байланысты және жылжымайтын мүлікке шектеу қою мәселесі бойынша сұрақтар қойды. Тұрғындардың мәселесін назарында ұстайтынын айтқан министр өз сөзінде биыл облысымыздың 12,5 мың тұрғыны тегін заңгерлік көмек алғанын жеткізді. Сонымен қатар тегін заң көмегіне кепілдік беретін қызметкерлердің саны кеңейтілгенін де атап өтті. А.Есқараев: «Енді аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, зейнеткерлер тегін заңгерлік кеңес ала алады», – деп, сондай-ақ жаңа мемлекеттік қызметтерді енгізу және цифрландыру, атқарушылық өндіріс, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, құқықтық насихат жұмыстары, заңнаманы дамытудағы негізгі мәселелер мен оны жетілдіру жайында да сөз қозғады. Кездесуден кейін Әділет министрі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Сонымен қатар баспасөз мәслихатын өткізді. Шапағат ӘБДІР sapagat.abdir@mail.ru