Жаңалықтар

ӨЗІН-ӨЗІ АЛДАУДЫҢ ЗАРДАБЫ

ӨЗІН-ӨЗІ АЛДАУДЫҢ ЗАРДАБЫ

Бүгінде «Адам не үшін құмар ойын ойнайды?», «Ойын кезінде адам өзінің қандай мұқтаждығын қанағаттандырғысы келеді?», «Өмірде ойыннан басқа ешқандай қызықтың қалмау себебі неде?» деген сынды қоғамдық сананы мазалаған сұрақтар кесекөлденеңдейді. Әрине, мұның бір ғана жауабы бар, бұл – адамның өзін-өзі алдауы. Өзінің ойынқұмарлық деген ішкі алаяқтығына сеніп қалу. Сөйтіп, жатып келіп өз бассыздығының зардабын шегу... «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалында қоғам қайраткері, жазушы Жан Ақжановтың қатысуымен өткен жиында осы сұрақтардың біршамасына жауап тапқандай болдық. «Қазақстанда лудоманияға шалдыққандар саны 350 мың деп шамалануда. Мамандардың пікірінше, қаржылық сауаттылық көп мәселенің шешімі бола алады. Сондықтан халық арасында түсіндіру жұмыстарын жиі жасауды қолға алу керек. Жасөспірімдер арасында осы тақырып бойынша дебат өткізуді ұсынамын. Жастар өзара талқылап, мәселенің қаншалықты ауқымды әрі күрделі екендігін түсінсе, құмар ойынға құныққандардың саны азаяр ма еді?! Кез келген тәуелділік сияқты, компульсивті құмар ойындарды тоқтату қиын болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ойынға тәуелді адамды қалпына келтіру бағдарламасы, мамандардан жеке кеңес алу, дәрі-дәрмек және өмір салтын өзгерту құмар ойындарға тәуелділікті жеңуге көмектеседі. Егер сіз құмар ойын проблемасын емдемесеңіз, бұл күрделі қаржылық мәселелерге әкелуі мүмкін. Сондай-ақ бұл сіздің отбасыңызбен, достарыңызбен және басқалармен қарым-қатынасыңызға теріс әсер етуі мүмкін. Тиімді емдеу сізге осы салдардан аулақ болуға және қоршаған ортамен қарым-қатынасыңызды қалпына келтіруге көмектеседі, – дейді аталмыш шараның бастамашысы әрі басты спикері Жан Ақжанов. «Құмар ойынға тәуелді адамдарда жеңіліп, өзін тағдырдан соққы көрген адам ретінде сезінбеу үшін ойында жеңуге тырысу сезімі болады. Мұндай уәждеменің негізіне баланың ата-анамен өзара қатынасының бұзылуын жатқызамыз. Ондай жағдайда ойын ана мейірімін қайтарудың тәсілі немесе ана алдындағы кінәсін жою үшін өзін-өзі жазалау тәсілі ретінде қолданылады. Ақыл-ой дамуының кері кетуі, тежелу гипотезасын Шандор Ференци деген венгер психоаналитигі ұсынды. Бұл гипотезаға сәйкес, ойыншы көктегі Жаратушы Иемен байланысқа түсу иллюзиясын басынан өткеріп, тағдырдың өзін таңдағанына және сөзсіз жеңіске жететініне сенеді. Осындай аффект (ашу қысып, долданған) жағдайда ойынға берілген адам өзіне сенімділіктен басы айналып, өзіне қандай санның түсетінін Жаратушы Ие өзі құлағына сыбырлап тұрғандай, сөйтіп, ерекше назар ауғандай сезімді басынан кешіреді. Генетиктер көптеген жылдар бойы құмарлыққа бейім генді іздестіруде. Әзірге ол ізденіс сәтсіз», деген психолог Зигмунд Фрейдтің жылдар бұрынғы тұжырымдамасы әлі де өзекті. Лудомания ауруына компьютер де алып келуі мүмкін. Қазіргі таңда оны пайдалануға еш шек қойылмайды және адам жасына тәуелді емес. Компьютерде ойнайтын ойынқұмарлар өз жеңісінің әрбір тиынына дейін есінде сақтайды. Бірақ қанша рет жеңілгенін білмейді де, білгісі де келмейді. Оңай олжаға кенелу сезімі кез келген адамның санасын улап, ойын ойсырататыны анық. Бұл әсіресе ойын автоматтарына, казиноға қатысты. Бір рет жеңіске жетіп, оңай жолмен табылған ақшаға ие болып өз жеңісін қайталағысы келеді, бірақ ол ойы әрқашан орындала бермейді. «Компьютерлік ойындар баланы шынайы өмірден алыстатып, ойдан құрастырылған әлемге таңып қоятынын естен шығармау қажет. Баласының өзінен-өзі бұйығы өмір кешіп, ешкіммен араласпай өмір сүргенін ешқандай ата-ана қаламасы анық. Демек, балаңыз өмірге құштар, жақсылыққа құмар азамат болып өссін десеңіз, оның компьютердің алдында ұзақ уақыт бойы отыруына тыйым салыңыз. Виртуалды әлемге берілген бала шынайы өмірде кездесетін қиындықтарға төтеп бере алмайтын әлжуаз адам болып өсетінін ұмытпаңыз. Ал ерік-жігері әлсіз адам еліктегіш келеді. Құмар ойындарға да күш-жігерін басқара алмайтын, психологиясы әлсіз адамдар көбірек душар болады. Ойынқұмарлардың эмоциялық көңіл күйі ойынның әрі қарай қалай өрбуіне байланысты. Мысалы, ойыншылардың көбі ұтылған сәтте өздерін жегідей жеп, кінәлау сезімін бастан кешірсе, ал жеңіске жеткен кезде өздерін ғажап күйде сезінеді. Ойынқұмарлардың ерік-жігеріне, ұстамдылығына, есте сақтау қабілетіне келсек, барлығының осал тұсы – ерік-жігерін басқара алмауында жатыр. Соның салдарынан олар ойынды дер кезінде тоқтата алмайды. Көпшілігі мұны мойындағысы келмейді. Өздерінше құмар ойынның санын қадағалап отырмыз, кез келген сәтте ойыннан шыға аламыз деп ойлайды. Ойынға тәуелді жандардың басым бөлігі жалғызілікті. Бірақ олар жалғыздықтан гемблингке құмартқан жоқ, гемблингтің салдарынан жалғыз қалды деуге болады», дейді психолог Лимана Қойшиева арнайы жазған еңбегінде. Елімізде көптеген басылымдар әдетте ресми деректерге қайшы келетін күмәнді статистиканы, парламенттік мәлімдемелерден алынған сөздерді және ойыншылардың анонимді әңгімелерін ұсыну арқылы құмар ойындары жөнінде түрлі әсіреленген ақпараттар жариялап жатады. Алайда бұл деректердің ішінде құмар ойындарға байланысты заңды казинолардың, букмекерлік кеңселердің және лотереялардың ішкі статистикасына сүйене отырып, қанша қазақстандықтың шын мәнінде ойнайтыны туралы нақты деректер белгісіз. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 2016-2023 жылдар аралығында экономикалық тергеу қызметі 133 заңсыз ойынхана мен 897 ойын залын анықтап, жойып, 988 адамды жауапқа тартқан. Сонымен қатар заңсыз айналымнан 4 мыңға жуық ойын автоматын тәркілеген. Қазақстанда құмар ойындар көрсеткіші спорт, мәдениет, тіпті өнер саласындағы көрсеткіштерден де асып түсіп отыр. «Finprom.kz» ресурсының хабарлауынша, былтыр құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша көрсетілетін қызметтер көлемі 73,9 миллиард теңгені құраған. Пандемия жылдары бұл саладағы көрсеткіш рекордтық деңгейге жетіп, 78,6 миллиард теңгеге жеткені мәлім. Үйде жұмыссыз, ерігіп жатқан адам құмар ойындарға көбірек құнығып кететінін осы көрсеткіштен-ақ байқауға болады. Салыстыра айтсақ, бүгінгі таңдағы көрсеткіштер құмар ойындарына салынған ақша бойынша спорт, демалыс пен ойын-сауықты ұйымдастыру саласындағы көрсеткіштен 21,3 пайызға, кітапханалар, мұрағаттар, мұражайлар және өзге де мәдениет объектілері көрсететін қызметтер көлемінен 9 есеге және өнер мен ойын-сауық саласындағы көрсеткіштен 12 есе артық. Демек, азаматтардың спортпен шұғылданып, шығармашылық жұмыстармен айналысқаннан гөрі, құмар ойындарға тартылуы жиірек болып тұр. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде де талай көтерілген болатын. Мәдениет және спорт министрлігі сайтындағы мәліметке сүйенсек, онлайн-казино сайттарының қолжетімділігі мен олардың кеңінен таралуы – халықтың құмар ойындарға тартылуының негізгі себебі. Алайда мемлекеттік органдарда мұндай сайттардың саны, құмар ойындарға тәуелді азаматтардың онлайн казиноға жұмсаған қаражатының көлемі туралы нақты деректер жоқ. Сондықтан Үкімет Мәдениет және спорт министрлігі базасында мөлшерлемелерді есепке алу орталығын құруды қолға алды. Сондай-ақ заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл және азаматтардың құмар ойындарға тартылу деңгейін төмендету бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеп, құмар ойындардың зияны туралы әлеуметтік роликтер жасау және насихаттау туралы шешім қабылдаған еді. Құмар ойынға құныққан адам алғашында өзінің тәуелділігін саналы түрде мойындай қоймайды. Лудоманияға шалдығып, өмірінің 5 жылын ойын автоматтарының алдында өткізіп, сол күндерді өкінішпен еске алған Азамат Кенжебеков: «Мен бастапқы уақытта қызық көріп, лотерея ұтыстарында бағымды сынап көрдім. 1-2 рет үлкен олжаға кенелген соң оңай ақша табудың жолдарын қарастыра бастадым. Қасымдағы жолдастарым Қапшағайдың бойындағы казиноға апарды. Ол жерде бағым жанып, бақытым тасығандай күй кештім. Келесі жолы барғанда көлігімді тіктім. Отбасым менің бар ақшаны ойынға салатынымды білген күні реабилитация орталығына апарып, лудоманиядан толық емделуіме көмектесті. Оңай олжаның орға жығатынын түсіндім. Бүгінгі таңда жеке кәсіппен айналысамын. Артымнан еріп келе жатқан 5 інім бар. Оларға «Қызық көріп болса да құмар ойынға жоламаңдар деп ақылымды айтып, кеңес беріп отырамын», дейді. Ойынқұмарлық жеке тұлғалық жағынан да, әлеуметтік жағынан да қоғамның күрделі мәселесіне айналғаны рас. Ойынқұмарлықтың түбі әртүрлі зардаптарға әкелуі мүмкін. Атап айтатын болсақ, барлық мүлкінен айырылудан бастап тұлғаның азғындауы немесе өзіне-өзі қол жұмсауына дейін баруы мүмкін. Одан құтылу үшін ойынға тәуелді адамды реабилитациялау керек. Жақындары тарапынан қолдау болғанда осындай келеңсіздікпен күрес анағұрлым тиімді және жылдам жүзеге асады. Дейтұрғанмен кейде лудомандардың жақындары да біле бермейтін «соңғы ойын» эпизоды болады. Психолог Нұрлыбек Тұрсынбековтің сөзінше, тәуелді адам өзіне «енді ешқашан ойнамаймын» деп сөз бергенде «соңғы ойын» эпизодымен эмоционалды байланыс болады. Мысалы, 10 рет ұтылғанның өзінде өзіне «мен ұтылмаймын» деп сөз береді. Бірақ бір рет ұтқан кезінде эмоциясына байланысты болғандықтан соған сеніп тұрады. Ары қарай ол ой қалай пайда болады? Өзін ақшаның жартысына ғана ойнайтынына сендіреді. Егер ойыншының бір миллион теңгесі болса, соның 100 мыңына ғана ойнайтынын айтып, өз санасын алдауға тырысады. Бірақ ол ойы іске аспай, бар ақшасын ұтылып қалады. Сонымен қатар тәуелді адамдар ойын кезінде ақшаны дисплейдегі сандар ретінде ғана қабылдайды. Осының бәрі лудоманияға, букмекерлік кеңселердің табалдырығын тоздыруға әкеледі. Бақытсыздыққа бастар жолдың соқпағын өз қолымен салмас үшін әр құмар ойынның құрдымына түскен адам «соңғы ойын эпизоды» емес, расында, соңғы рет ойнап отырғанын сезінуі қажет. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалында өткен жиында сөз соңын Жағыпар Исатаев қорытындылап: «Лудомания – тек ойын банкоматтарының алдында сағаттап уақыт өткізу емес. Қаржы пирамидаларына ақша құйып, оңай олжаға кенелсем деген ойдың өзі бұл аурудың алғашқы сатысы болып саналады. Құмар ойын – заңсыз бизнес көзі, оған қарсы күрес тоқтаған емес. Ойнайтындардың басым бөлігі ер адамдар және жұмыссыздар. Жастар арасындағы жұмыссыздықпен күресу керек. Айтпағым, себеппен де, салдарымен де қатар жұмыс істесек, құмар ойынның құрдымына байқаусызда түскен ойыншыларды тәуелділіктен айыруға болар ма еді?!» деді. Қазір ойын бизнесі де, онлайн казино да қаптап тұр. Мемлекет заңмен шектеу қойып, қанша жерден тыйым салып жатса да ойын бизнесін ұсынушылар да, оның «көрігін қыздырушылар» да толастар емес. Есесіне кейбіреулердің онлайн-казиноға деген аңсары «асқынып», лудоманияға дейін ушығып кеткен. Бұл да жеке адамға дес бермейтін қоғамдық дерт болып тұр. Жұрт болып күреспесек, ие бола алмай қалуымыз да әбден мүмкін. Ж.БАҚЫТБЕКҰЛЫ