Жаңалықтар

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ ЖАСТАРДАН БАСТАЛАДЫ

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ ЖАСТАРДАН БАСТАЛАДЫ

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары – экологиялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға, қалалар мен ауылдық елді мекендерді көгалдандыруға, абаттандыруға, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған жалпыұлттық қозғалыс. Биыл облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын үйлестіру, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру» тақырыбындағы мемлекеттік-әлеуметтік жобасы шеңберінде 300 жас жұмыспен қамтылған. – Жоба аясында жұмыспен қамтылған жастар маусым-қараша айларында жұмыс атқарды. «Жасыл ел» жасақтары күндігіне 4 сағаттық жұмыс уақытымен аптасына 6 күн бойы, 2 ауысыммен жұмыс істеді. Жұмысқа қабылданушылар 14 жастан басталғандықтан ортақ жұмыс уақыты 4 сағат болып бекітілген. Жұмысқа 18-ге толмаған жастар ата-анасының жазбаша өтінішімен қабылданады. Жобаны «JASTAR» дамыту орталығы» жастар қоғамдық бірлестігі Тараз қаласында жүзеге асырды. Сонымен қатар облысымыздағы «Жасыл ел» жасағы жұмыс маусымында Тараз қаласы аумағындағы Абай, Жамбыл, Ы.Сүлейменов, Д.Қонаев, С.Сейфуллин, Әл-Фараби, Сыпатай батыр, Қ.Тұрысов, Б.Момышұлы, Б.Майлин көшелері бойындағы ағаштардың бұтақтарын аралап, тазарту жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар «Жеңіс», «Мамыр», «ҚР Тұңғыш Президенті», «Қ.Рысқұлбеков», «Түрксіб», «Денсаулық» С.Сейфуллин көшелеріндегі саябақтарға тазарту жұмыстарын жүргізді. Қала көшелерінің бойындағы аялдамаларды жабайы жарнамаларды жойып, қала аумағындағы ықшамаудандардың арықтарын қоқыстан тазартты. Арасында «Жасыл ел» жастарын және волонтер жастарды тарта отырып 10 сенбілік өткізген болатынбыз. Сенбілік жұмыстары қала аумағындағы Б.Майлин көшесінде, «Түрксіб» саябағында, С.Сейфуллин көшесінің бойындағы саябақтарда, «Мамыр» саябағында, қала аумағындағы ықшамаудандарда жүргізілді, – дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар. Расында, бұл жоба аясында атқарылып жатқан тірлік көп. Биыл «Жасыл ел» жобасына жергілікті бюджет есебінен 141,6 миллион теңге бөлініпті. Жоба аясында жыл соңына дейін 1 900-дан астам жасты маусымдық жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда жоба аясында 1 840 жас маусымдық жұмысқа тартылған. Оның ішінде 283-і уақытша бос жүрген «NEET» санатындағы жастар. Ал 14-і пробация тізімінде тұрған жастар. Жоба аясында жастар қала немесе ауылдық елді мекен аумағындағы парктерді, ықшамаудандар ауласын, көшелерді, арық жүйелерін, каналдарды күл-қоқыстардан тазартып, тал-дарақтарын әктеп, көгалдандыру жұмыстарын жүргізеді. Атап айтар болсақ, маусымдық жұмыстар барысында 450 мың шаршы метр аумақ тазаланып, 214,9 тонна күл-қоқыс шығарылған. Сондай-ақ 670 қураған ағаш кесіліп, 9 565 ағаш көшеті отырғызылған. Ж.Дүйсенұлы жастар мен волонтерлер жоба аясындағы жұмыстармен ғана шектелмей неше түрлі акцияларға қатысып, қаламызды абаттандыруға барынша күш салатынын айтады. – Биыл сәуір айында «Таза қала – таза жағалау» атты акция аясында қала жастары мен волонтерлер «Қарасу» ықшамауданындағы «Әулиебастау» бұлағы маңын күл-қоқыстан тазалау жұмыстарын жүргізді. Акцияға 200-ден астам жас қатысты. Сол секілді «Қарасу-2» каналының бойында да «Табиғатым – махаббатым» атты эко-акция өткізіліп, канал маңы күл-қоқыстан тазаланды. Ал одан кейін «World clean up Day» атты дүниежүзілік экологиялық акция ұйымдастырылды. Акция аясында қаланың белсенді жастары мен еріктілері «Талас» өзенінің бойын күл-қоқыстан тазалап, тазалық жұмыстарын жүргізді. Тараз, Шу қалалары мен аудандық жастар ресурстық орталықтары тарапынан «Экологиялық мәдениет» бағыты аясында 709 іс-шара өткізіліп, оған 14 539 адам қамтылды, – дейді Ж.Дүйсенұлы. Сондай-ақ «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының «Таза Қазақстан», «Үнемді Қазақстан», «Табиғат», «Экология болашағы» атты төрт негізгі бағыты бойынша 72 экологиялық акция мен 395 сенбілік өткізіліп, жалпы 10 мыңнан астам жас қатысқан. Шапағат Әбдір