ҚАЛДЫҚТЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ
ҚАЛДЫҚТЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ
ХХІ ғасырдың әлем алдында тұрған ең күрделі мәселесі – қатты тұрмыстық қалдықтар жайы. Дүниежүзіндегі әр тұрғын шамамен жылына 300 келіге жуық қоқыс шығарады екен. Бұған зауыттар мен фабрикалар секілді ірі өнеркәсіптерден бастап, қоғамдық тамақтану орындары мен коммерциялық нысандарды қоссаңыз, тау болып үйілген қоқыс полигондарын көз алдыңызға елестете беріңіз. Елімізде жыл сайын 5 миллион тоннадан аса тұрмыстық қалдықтар жиналып, оның ішінде қағаз, картон, металл, пластик, тамақ қалдықтары, ағаш өнімдері, шыны сынықтары сияқты қалдықтардан өзге, қоршаған ортаға зиянды әрі адам өміріне қауіпті батареялар, электр құралдары, тұрмыстық техника, бояғыштар, медициналық қалдықтар, пестицидтер, тыңайтқыштар, химиялық заттар мен құрамында сынабы бар басқа да заттар суға, топыраққа және ауаның ластануына аса жоғары әсерін тигізеді. Бұдан бөлек түрлі буып-түю секілді заттың сыртқы орама қаптары да осы қоқыстардың қатарында. Сондықтан қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) қайта өңдеу бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып тұрған жайы бар. Бұл ретте 2025 жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 34 пайызға дейін жеткізу мемлекет алдында тұрған нақты міндеттердің біріне айналып отыр. Аталған мәселені шешу үшін экологиялық қаупін азайтуға мүмкіндік беретін технологиялық және экономикалық саясатты талдап, әлемдік тәжірибедегі оның даму тенденцияларын ескеруді және өзіміздің әрекетімізге қарай бейімдеуді қажет етеді. Егер Еуропаның Германия, Аустрия, Швеция және Нидерланд сияқты алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіндегі негізгі үш бағытқа сүйенсек, аталған өнімнің құнды компоненттерін қайталама шикізат ретінде қолдануға және қайта өңдеуге басымдық беруге болады. Өйткені адам еңбегімен жасалынған көптеген өнім бір рет қолданғаннан кейін, мәселен, қағаз қалдықтары, консервіленген және алюминий құтылары, пластмасса мен шыны бөтелкелерді қайталама энергетикалық ресурстар ретінде пайдаланып, кейін залалсыздандыруды керек етеді. Бұның бәрі белгіленген табиғатты қорғау нормалары мен ережелерге сәйкес қалдықтарды полигонға жеткізеді. Нәтижесінде, біріншіден, қалдықтың 40-65 пайызы қайталама материалдық ресурстар ретінде қолданылса, екіншіден, 25-35 пайызы энергияны кәдеге жарату арқылы жағылып, оның 20 пайыздан азы көміледі екен. Осылайша бұл мәселе қайталама материалдық пайдалану арқылы шешілді деуге болады. Яғни ҚТҚ-ның кем дегенде 50 пайызы қайталама материал ретінде іске асырылды деген сөз. Мұндай көрсеткіш біздің елімізде нөлге тең. Бұл мәселені шешудің, өкінішке қарай, ғылыми негізделген стратегиясы жоқ. Еуропаның алдыңғы қатарлы елдерінде қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеу деңгейі жоғары және олардың бір-бірімен араласып кетпеуін қатаң қадағалайды. Мәселен, батареялар, термометрлер, манометрлер, сынап шамдары мен бояғыш қалдықтарының өз жолы мен өңдеу әдістері бар. Ал бізде әлі күнге қалдықтар сұрыпталмайды, барлығы бір үйіндіге жиналады. Бұл ретте халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тіршілік ету ортасының сапасына жауапкершілікпен қарауды, қоқыстың бөлек жиналу маңыздылығы мен қажеттілігін, халықтың экологиялық санасын, қоғамдық пікірін қалыптастыру мен сұрыптау ережелерін түсіндіру керек. Дамыған елдердің тәжірибесінде қоқысты қайта өңдеу тек энергия көзі ғана болып қоймай, сонымен қатар қосымша ресурстар өндіре алады. Осылайша «Apple» компаниясы 2015 жылы «trade in» (ескі құрылғыларды жаңаларына айырбастау) есебінен бір тоннаға жуық алтын және тағы үш тоннаға жуық күміс өндірген. Елдегі ҚТҚ өңдеу үлесіне көз жүгіртсек, республикалық маңызы бар 3 қалаға (Астана, Алматы, Шымкент қалалары) және 4 өнеркәсіптік өңірге (Қарағанды, Павлодар, Атырау мен Маңғыстау облыстары) қоқыс өңдеудің деңгейі 38 пайыздан жоғары, қалған өңірлерде 15 пайыздан аспай отыр. Сарапшы Ерлан Каримов: «Бүгінгі таңда елімізде қатты тұрмыстық қалдықтардың 3 005 полигоны бар, оның ішінде экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келетіні – 635 полигон. Бұл жерлерде 125 миллион тонна қатты тұрмыстық және қауіпті қалдықтар жинақталған. Оларды қайта өңдеу де, жою да мүмкін емес, өйткені аймақтарда қоқысты қайта өңдеу инфрақұрылымы әлі де дұрыс жолға қойылмаған. Жыл сайын өткізілетін ғарыштық мониторингтің нәтижесінде мыңдаған заңсыз полигон анықталады. Тау болып үйіліп жатқан қоқыстың экологияға зияндылығын азайту мақсатында әлем елдерінің ҚТҚ өңдеу бойынша түрлі әдісін ендіру – тығырықтан шығаратын бірден-бір жол. Әлемдік тәжірибеде қоқыстарды өңдеудің дамыған әрі кеңінен таралған әдісі – өртеу. Бұл – қоқыстарды жағу және жалпы электр желісіне сатылатын электр энергиясын өндіру механизмі. Қалдықтарды өртемес бұрын олар алдын ала сұрыпталады, бұл әдістің артықшылығы қоқыс үйінділерін он есеге азайтуға болады», дейді. Бүгінде әлем бойынша 2 мыңға жуық қоқыс жағу зауыты бар, олардың көпшілігі ЕО, АҚШ және Жапония елдерінде орналасқан. Сарапшы қоқыс жағу зауыттарында қолданылатын заманауи технологиялар барлық қауіпті шығарындыларды ұстап қалуға мүмкіндік беріп, қоқысты жағу арқылы электр және жылу энергиясы өндірілетінін, бұл жергілікті халықты жеңілдетілген тарифпен қамтамасыз етуге, ал қалғандарын жол құрылысына пайдалануға болатынын жеткізді. Мәселен, Жапонияда аралды кеңейту және әуежайлар сияқты ірі нысандарды, тіпті Осака қаласындағы EXPO-2025 нысандарын салу үшін қождан (шлак) брикеттер шығарылады. Швеция өз зауыттарының жұмысын қамтамасыз ету үшін көрші елдерден қоқыс импорттауға мәжбүр. Аустрияда жергілікті тұрғындар қоқыс жағу зауыттарының жанынан тұрғын үй сатып алуға тырысады, өйткені үй жеңілдетілген негізде жылу мен электрмен қамтамасыз етіледі. Германияда Ганновер қоқыс электр стансасы (EEW Energy from Waste) 280 мың тонна қалдықтарды жағып, 53 мың үй шаруашылығын электрмен қамтамасыз ету үшін 170 000 сағатына МВт/электр энергиясын өндіреді. Қатты тұрмыстық қалдықтарды азайту, сондай-ақ тапшы электр энергиясын өндіру мақсатында еліміздің бірқатар өңірінде заманауи қоқыс жағу зауыттарының құрылысы қолға алынып, қазірдің өзінде 6 қоқыс жағу зауытын салу жоспарланған. Бұл қоқыс өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуға және ҚТҚ өңдеу арқылы табыс табуға ниеттенген жеке компаниялардың санын арттырады деген үміт бар. Қатты тұрмыстық қалдықтар нарығын дамытуды ынталандыру мақсатында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп іс-шаралар жоспарын бекіткен еді. Реформа шеңберінде тарифтік реттеу қағидалары қайта қаралап, нарыққа қатысушыларды іріктеу өлшемшарттарын бекіту, шарттар жасасу мерзімдерін регламенттеу және жергілікті атқарушы органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының ҚТҚ нарығына қатысуын қысқарту жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде бизнестің бәсекелестік ортада жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызады. Гүлмира БАҒЫТҚЫЗЫ, журналист