Бірлік-тірлік
Бірлік-тірлік
Биыл маусым айында халықаралық волонтерлар форумы өткен болатын. Форумға қатысқан Президент өз сөзінде мемлекет пен қоғамның сенімді серіктестігі маңызды екенін атап өтіп, еріктілер қоғамда айрықша рөл атқаратынын айтқан еді.
– Қазақстанда 2020 жыл еріктілер жылы болды, біраз шаруа атқарылды. Қазір еліміздегі волонтерлік ұйымдар саны 3 есе өсті, яғни 680 ұйым бар. Еріктілердің саны 200 мыңға жетті. Барлық аймақта фронт-офистер ашылды. Онда мыңдаған волонтер дайындықтан өтті. Qazvolunteer.kz платформасы жасалды. Яғни, бүгінгі таңда Қазақстанда кез келген адам еріктілер тобына мүше болып, пайдалы іске өз үлесін қоса алады. Шын мәнінде, бұл – зор мүмкіндік. Сондай-ақ біздің волонтерлер Иордания, Кения, Таиланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақтады. Осы тұста мен Қазақстан еріктілеріне қолдау көрсетіп жүрген Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдеріне алғысымды айтамын,- деген еді Қ.Тоқаев.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген қазақ атамыз. Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кеңпейілділік. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет. Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі. Қайырымдылық жасау – әр адамның қолынан келетін іс.
Әрбір жасалған істе ізгіліктің бар екенін есте сақтаған абзал. Адамның жасаған игі істерінің бәрі оның ақыл-ойы мен жүрек жылуының көрінісі. Жаныңда жүрген жандардың қуанышын бөлісіп, қиындығына ортақтаса алсаңыз, қазақ халқына тән ұлттық қасиетіңіз бен көрегендігіңіздің жемісі деп біліңіз. Жүрек жылуын ұсынып, ізгілік нұрын шашып, сый-сияпат көрсете алу – адамның адамдық белгісі. Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар қатары көбейіп келе жатқаны қуантарлық жағдай. Қайырымдылық жасау мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлініп отырған аса игілікті іс болып отыр.