Жаңалықтар

Анық-қанық

Анық-қанық

РЕСМИ МӘЛІМДЕМЕЛЕР ҚР Қорғаныс министрлігі Арменияға қару-жарақ жеткізу туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Яғни әлеуметтік желілерде және интернет-сайттарда Қазақстанның Арменияға әскери техниканы жеткізгені туралы ақпараттар тарады. Бұл ақпаратты ҚР Қорғаныс министрлігі теріске шығарды. ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми хабарламасында: «Армения Республикасына қазақстандық қару-жарақты жеткізу туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Сонымен қатар 2022 жылдан бастап Қазақстанда қару-жарақ пен әскери техниканы экспорттауға тыйым салынған. Осыған байланысты азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарын мұндай қауесеттерге ермеуге және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырамыз», делінген. * * * Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының әкімдігі қытайлық инвесторларға жалға берілетін жер учаскесінің ауданы туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Әлеуметтік желілерде Батыс Қазақстан облысында жалға беру жоспарланып отырған жер ауданы туралы фейк ақпарат таратылуда. Оған сәйкес, 100 мың шаршы шақырым жер берілмек. БҚО әкімдігі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді: «100 мың шаршы шақырымдық жер туралы сөз болған жоқ. Шетелдік инвесторларға жерді жалға беру мәселесі қаралып жатқан жоқ, сондай-ақ Жер кодексіне сәйкес, шетелдік тұлғаларға жерді сатуға тыйым салынады». * * * Әлеуметтік желілерде балаларды қызылшаға қарсы белгісіз қытайлық препаратпен мәжбүрлеп егіп жатқаны туралы ақпарат тарады. Автордың пайымдауынша, бұл коронавирустық вакцинациядан қалған екпе болуы мүмкін. Бұл ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жоққа шығарды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында: «Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінің 85-бабының 4-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты болатын жеке тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы міндетті профилактикалық екпелерді алуға міндетті. Сонымен қатар Кодекстің 77-бабына сәйкес, егілетін адамның не оның заңды өкілінің профилактикалық екпелерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе олардан бас тартуға құқығы бар. Елде қызылшаға қарсы вакцинация жүргізу үшін «Serum Institute of India» шығарған қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Бұл вакцинаның өндірісі ДДҰ-ның қайта бағалауынан өткен, өндірілетін вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беріледі», делінген. Денсаулық сақтау министрлігінің ата-аналарға жасаған үндеуінде былай делінген: «Елдегі қызылша бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, балаларда қызылшаға қарсы екпелердің болуына назар аударуларыңызды сұраймыз». Екпені тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгініп, алуға болады. АЛАЯҚТАР ЕНДІ Н.ҚОЯНБАЕВТЫ ЖАРНАМАЛАУДА Желіде орыс тілінде «Қазақстан Банкі Нұрлан Қоянбаевты тікелей эфирдегі айтқандары үшін сотқа береді» («Банк Казахстана подает в суд на Нурлана Коянбаева за то, что он сказал в прямом эфире») деген тақырыппен түсініксіздеу ақпарат тарады. Әрине, бұл – фейк. «Атышулы сұхбат» туралы мақала жарияланған сайт сырттай NUR.KZ ресурсына ұқсас етіп жасалған, дегенмен оған ешқандай қатысы жоқ. NUR.KZ сайтының өзінде мұндай мәтін жоқ. Мақалада пайдаланылған суреттер – Руслан Шаекиннің «YouTube» арнасындағы видеодан жасалған скриншоттар. Жалған мақала «Скандал разразился во время прямого эфира, когда Нурлан Коянбаев случайно раскрыл свой секрет. Многие зрители обратили внимание на «случайные» слова Нурлана и начали отправлять сообщения. Однако трансляция была прервана звонком из Банка Казахстана, который потребовал немедленно остановить прямой эфир. К счастью, нам удалось убедить Руслана Шаекина предоставить нам копию записи этого эфира. Если вы успели прочитать эту статью, имейте в виду, что вскоре она может быть удалена, как это произошло с эфиром. Поэтому, если вам посчастливилось прочитать эту статью, вам лучше перейти по ссылке, предоставленной нам самим Нурланом», деп басталады. Яғни сұхбаттың видеосы жойылғанын, ал автор көшірмесін сақтап үлгергенін айтады. Осы сұхбаттың мәтіні де жойылмай тұрғанда оқып алуға кеңес береді. Мақаланың мазмұны жалған, оның мақсаты – криптовалюта саудасына арналған платформаны жарнамалау. Оқырмандарға аз уақыт ішінде тез және көп табыс табу ұсынылады, бірақ бұл үшін алдымен депозит салу керек. Видео сұхбаттың түпнұсқасында Нұрлан Қоянбаев криптовалюта, қандай да бір интернет-ресурстардағы сауда жасау туралы айтпайды. Руслан Шаекинмен әңгімелесу барысында ол өзі туралы айтып, киноиндустрия жайлы ой қозғайды. Осы сияқты жалған сұхбат-мақалалар желіде бұған дейін де тарағанын айта кеткен жөн. Мысалы, Қазақстанда танымал тұлғалар, оның ішінде қаржы министрі мен ҚР премьер-министрі сұхбат беріп, цифрлық ақшамен сауда жасауға арналған ботты жарнамалаған. Мұндай мақалалардың мәтіні пайдаланушылардың назарын аудару үшін және оларды ақша жұмсауға итермелеу үшін бір үлгіде жазылған. Мұндай ойдан шығарылған «сенсацияларға» сенбеген жөн. Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ