Жаңалықтар

БІЛІКТІ МАМАН БІЛГЕНІМЕН БӨЛІСТІ

БІЛІКТІ МАМАН БІЛГЕНІМЕН БӨЛІСТІ

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Цифрлық дәуірдегі педагог-психолог тұлғасын трансформациялау» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Іс-шараға «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті, «Педагогикалық психология» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен магистранттар қатысты. Академиялық мәселелер жөніндегі проректордың міндетін атқарушы, Академиялық жұмыс жөніндегі департамент директоры Сәуле Құрмантайқызы студенттер мен магистранттарға жиынның маңыздылығын түсіндірді. Технология қарқынды дамыған заманда бәрі өзгеріске ұшырайтынын, ал адам сол өзгеріске бейімделіп өсіп, дамитынын тілге тиек етті. Ал PhD, профессор, «Психолог шеберлік мектебінің» директоры, ҚР Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттары қауымдастығының кеңес мүшесі Күлмаш Елшібаева тақырып аясында ойымен бөлісті. – Трансформация қарым-қаты­настан пайда болады. Тұлға әрдайым өзін-өзі дамытып отыру керек. Педагог-психолог басқаға көмек бермес бұрын, ең алдымен, өзін дамыту керек. Бүгінгі педагогика, психология саласы қарқынды дамып келеді. Шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасамыз. Отандық ғалымдар ол тәжірибені өз саламызға бірден енгізе салмаймыз. Оны ұлттық болмысымызға сай келетіндей етіп бейімдейміз, – деген Күлмаш Елшібаева білікті маман болып қалыптасу үшін оқу мен ізденістің маңыздылығын жан-жақты түсіндірді. Тәжірибелі маман тренингтер арқылы қатысушылардың жандүниесін түсініп, маман ретінде кеңес те берді. «Тұлғаның өзін-өзі дамытуы және нәтижелі коммуникация» тақырыбында психологиялық тренинг жүргізді. Сондай-ақ «Масканы шеш», «Жылы сөз айт» деген тақырыптарда психологиялық жаттығулар жасалды. «Дөңгелек үстел» отырысына қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, айтылған ақпараттар мен психологиялық жаттығулар пайдалы әрі қызықты болғанын жеткізді. «Дөңгелек үстел» «Ойталқы» айдарымен жалғасты. Онда студенттер мен магистранттар көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды. Маманның кеңесіне құлақ түрді.