Жаңалықтар

«АҚБЕРЕНде» абыройымызды асқақтатты

«АҚБЕРЕНде» абыройымызды асқақтатты

Ақтау қаласында шығармашылыққа жаны жақын оқушылар арасында X республикалық «Ақберен» байқауы өтті. Бабалар дәстүрін қайта түлету, мемлекеттік тіліміздің қадір-қасиетін мектеп қабырғасында жүрген оқушылардың санасына таза сіңіру, таланттарды тауып, өзгелерге үлгі ету мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын байқауға биыл Қазақстанның әр өңірінен 132 жас дарын қатысты. Ал облысымыздан 6 оқушы бақ сынады. «Шешендік», «Көркемсөз оқу», «Эссе жазу», «Ұлттық аспапта өнер көрсету», «Ақындар айтысы», «Ақындар мүшәйрасы» сынды алты бағытты қамтыған өнер бәсекесіне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, ақын Аманжол Әлтай (төраға), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Қарлығаш Сарекенова, осы университеттің профессоры, ақын Жанат Айтмұхамбет, академик Азат Бабашов, айтыскер ақындар – Айбек Қалиев, Еркебұлан Қайназар қазылық етіп, кіл мықтының ішінен кім мықтыны анықтады. Байқау қорытындысы бойынша, Талас ауданын­дағы Ақкөл орта мектебінің 11-сынып оқушысы Алдияр Жүзбайұлы «Көркемсөз оқу» аталымы бойынша II орынды еншіледі. Ал Меркі ауданындағы №39 Темірбек Қожакеев атындағы мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Жанайым Есеналы мен облыстық Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Ахмет Зейін «Аспапта ойнау» аталымы бойынша III орынды қанағат тұтты. Сонымен қатар Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Інжу Жаңабай өз білімімен ерекшеленгені үшін грамотамен марапатталды.