Жаңалықтар

Өзгенің табысына ортақтасу – масылдық

Өзгенің табысына ортақтасу – масылдық

«Масыл» деп қазақ табыс таппайтын, бірақ біреудің есебінен күн көретін адамдарды айтады. КСРО дәуірінде «тепсе темір үзетін» соқталдай азаматтардың денсаулығы бола тұра еңбек етпеуі ұят саналатын. Ондай пиғылдағы адамдар айналасындағылардың «жұмыссыз», «еш жерде жұмыс істемейді» деп атап көрсетуінен намыстанып, еңбекке амалсыз болса да араласатын, бірақ қазіргідей көп емес еді. Бастысы жұрт жұмысқа мұқтаж болмауы керек Ол кезде елдің барлығы жаппай жұмыс істегенімен жұртшылық жалпыға ортақ өмір сүру қағидасына сай бірдей жалақы алып отырды. Соның салдарынан ол кездегі қоғамда да әлеуметтік масылдық психологиясы көрініс тапты. Кейбіреулер қанша жерден еңбекқор болса да тұрмысы жұмысты тиіп-қашып істейтіндермен бірдей еді. Жұмысқа ілініп-салынып барып-келіп жүргендердің де айлығы жүріп жатты. Ал қазір мүлде бөлек, әркімнің еткен еңбегіне қарай ақы төленеді, тапқан табысына қарай тұрмысы түзеледі. Дегенмен саусағының ұшын қимылдатпастан өзі тұрып жатқан отбасы мүшелерінің тапқан нәпақасына иек артатындар қоғамда бар. Мысалы, біреу ата-анасының табысына, зейнетақысына күн көрсе, тағы бірі әйелінің тапқанын ішіп-жейді. Мұндай масылдық түрі тоқсаныншы жылдары мемлекетіміз жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға бет бұрғанда қатты белең алған еді. Ол кезде еліміз бойынша жұмыс орындары қысқарғандықтан отбасында бірінің табысына бірі амал жоқтықтан ортақтасуға мәжбүр еді. Әйтсе де бүгінде масылдық пиғылды ұстанатындардың қатары тоқырау жылдарына қарағанда айтарлықтай азайды. Жалпы жатыпішер жалқаулардың жанаярлық әрекеті өзгеге үлгі болмауы керек. Қоғамда жұрт жаппай осындай әрекетке бой алдырса, оның ел экономикасы үшін үлкен соққы болатыны анық. Сондықтан да мемлекетіміз қазір еңбек етемін, кәсіппен айналысамын деген азаматтарға мейлінше бар жағдайды жасап бағуда. Егер халықты жұмыспен қамту саласында лайықты жұмыс жүргізілмесе, жұртшылық он жерден «масыл болмаймын» десе де жұмысқа деген мұқтаждық бар қоғамда масылдық өздігінен жойылмайды. Осы орайда біз Талас ауданы мансап орталығының директоры Нұрлан Қабылқұловқа хабарласып, аудан халқының жұмыспен қамтылуы, жұмыссыздық деңгейі жайлы сұрап білген едік. – Халықтың жұмысқа деген мұқтаждығы олардың біздің орталыққа өтінішпен қайырылуына орай біртіндеп шешімін тауып жатыр. Ауданымызда мемлекет тарапынан бөлінетін жәрдемақымен күн көріп отырғандар да, жәрдемақы алмағанымен табысы аз азаматтар да бар. Олардың арасында біздің қызметімізге жүгінетіндер жетерлік. Жұмыс іздеушілер заң аясында әртүрлі жұмыстарға жолданады, іске ебі барларға кәсіппен айналысу идеясы ұсынылады. Тұрғындардың бірі қысқамерзімді оқыту курсынан өтіп, мамандық игеру арқылы жұмысқа тұрса, тағы бірі кәсіптік негізде оқып, бизнеске қадам жасайды. Адал еңбекпен табыс тапқысы келетіндерге мемлекет қолдау көрсетуден ешқашан тартынбайды. – деді ол. Бүгінде Талас ауданында 48 936 тұрғын тіркелген болса, жұмыс күші 25 100 адамды құрайды. Жұмыспен қамтылған тұрғын саны 24 мың болса, оның ішінде жалдамалы жұмысшылар – 20,8 мың. Ал 3,2 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатында. Жұмыссыздар саны 1 153 адам болса, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрапты. Есепті кезеңде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,7 пайызды көрсеткен. – Орталықтың жұмысы негізгі 3 бағытты қамтиды. Олар – халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға құжаттарды қабылдау. Осы жылдың басынан бері 2 433 адам орталыққа жұмыс мәселесі жөнінде қайырылса, 3 389 таластық тұрақты жұмыспен және жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Оның ішінде 1 467-сі тұрақты жұмысқа орналасса, 1 922-сі жұмыспен қамтудың өзге де шараларына тартылды. Осылайша жылдық жоспар 116,6 пайызға орындалып отыр. 3 389 адамның ішінде 1 581-і әйелдер, 1 265-і жастар, 186-сы мүгедектігі бар азаматтар. Осы жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 1 396 адамды қамтуға бюджет есебінен 692,3 миллион теңге қаралған. 2023 жылдың есепті кезеңіне 1922 жұмыссыз жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, жылдық жоспар 137,6 пайызға орындалып, соның арқасында бөлінген қаражат толық игерілді. Биыл «Жастар тәжірибесін» ұйымдастыруға бюджет есебінен 62,1 миллион теңге қаралып, 129 жасты жұмыспен қамту көзделген. Қазіргі жағдай бойынша 120 тұрғын «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысып, жоспар 93 пайызға орындалды. Қазіргі таңда бағдарлама бойынша жұмысын мерзімінен бұрын 27 жас аяқтап, 13-і тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламасымен 100 жұмыссызды қамтуға бюджеттен 32,7 миллион теңге бөлініп, меженің орындалуы 100 пайызды көрсетті. Қазіргі таңда 39 жұмыссыз бағдарлама аясындағы жұмысын ерте аяқтап, 30 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 548 тұрғынды ақылы қоғамдық жұмыспен қамтуға бюджет есебінен 408 миллион теңге қарастырылып, нәтижесінде 909 жұмыссыз уақытша жұмыспен қамтылған болатын. Бағдарламаны 566 адам мерзімінен бұрын аяқтап, 348-і тұрақты жұмыс тапты. «Алғашқы жұмыс орындарын» ұйымдастыруға бюджеттен 53,5 миллион теңге бөлініп, 35 өренді жұмыспен қамту көзделген. Осы жылдың есепті кезеңінде аталған азаматтың барлығы да «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша еңбекке араласты. 5 адам бағдарламаны мерзімінен бұрын аяқтады. Тарқата айтсақ, біреуі жеке кәсіпкерлік ісін ашса, тағы бірі басқа қалаға қоныс аударды. Бір жігіт Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына алынса, бір нәзікжанды бала күтімімен үйде отыр. Тағы бір адам өз бетінше еңбекақысы қомақты жұмыс тауып алды. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасымен 2 жұмыссыз жасты жұмысқа тартуға бюджеттен 1,4 миллион теңге бөлініп, жоспар 100 пайызға орындалды. 42 адамды «Күміс жас» жобасымен жұмысқа тартуға бюджеттен 27 миллион теңге қарастырылды. Қазіргі таңда 42 адам аталған жоба шеңберінде жұмыс істеп жатыр. 8 адамның бағдарлама аясындағы жұмысы мерзімінен бұрын аяқталды. Оның ішінде біреуі бизнеске бет бұрса, біреуі өмірден озды. 6 адам басқа жұмысқа орналасып отыр, – дейді Нұрлан Оңлыұлы. Н.Қабылқұловтың айтуынша, ауданда бос жүргендердің ішінде күнін еңбекпен өткізгісі келіп, адал асты маңдай термен табуды көздейтіндер орталық арқылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылуда. Халықты масылдықтан арылтудың бір жолы оларға қол ұшын созу, лайықты жағдай жасау болғандықтан бұл шаруа кідіріссіз жүргізілуде. Мәселен, жұмыссыздарды жұмыс берушінің сұратуы бойынша оқу орталықтарында оқытуға 6,9 миллион теңге қаралып, 21 жұмыс берушіден 15 адамды автослесарьдің, тағы осыншамасын электрші мамандығы бойынша, яғни әлгі мекемелерден барлығы 30 адамды оқытудан өткізіп беретін болса, жұмыс орны дайын екені жөнінде сұраныс түскен. Осы сұраныс бойынша 30 адам Қаратау технология, білім және бизнес колледжіне жолданыпты. Бос жүрген азаматтарды жұмыс берушілердегі жұмыс орнында оқытуды сапалы ұйымдастыру мақсатында аудан аумағындағы ірі кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіліп, тиісті ресми хаттар жолданған екен. Нәтижесінде аудандық комиссия шешімімен оқытуды ұйымдастыруға ауданда орналасқан үш жұмыс беруші бекітіліпті. Оның ішінде «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – 10, «Жамбыл Недр» ЖШС – 8, Қаратау технология, білім және бизнес колледжі 2 адамды оқытуға ниет білдірген. Нәтижесінде жоғарыда аталған үш жұмыс берушімен келісімшарт жасалыпты. Онлайн оқытумен 119 жұмыссызды оқыту жоспарланса, бүгінгі күнге 139 адам оқытылып, тиісті сертификаттарын қолына алған. Осы жылы жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында 31 жобаның есебінен 112 жаңа жұмыс орнын құру көзделіпті. Оның 37-сі тұрақты, 75-і уақытша жұмыс орны. Бүгінгі күнге 31 жобаның ішінен 30 жоба шеңберінде 104 адам жұмыспен қамтылып, меже 100 пайызға орындалған. Биыл 1 510 жұмыссызды бос жұмыс орындарына орналастыру жоспары бекітіліп, оның ішінен 1 467 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар аудан әкімдігінің «2023 жылға пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота белгілеу туралы» қаулысына сәйкес 5 адамды және «Талас ауданында 2023 жылға мүгедектер үшін жұмыс орындарына квота белгілеу туралы» қаулысымен 7 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Мүгедектігі бар 7 адам квота шеңберінде тұрақты жұмысқа орналасып, пробация қызметі есебінде тұрған бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 5 адам да дер кезінде еңбекпен қамтылған. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар азаюда – 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 4 индикаторлық көрсеткіш бекітілген. Соның бірі – қысқамерзімді кәсіптік оқудан кейін ол азаматтың жұмысқа орналасу мәселесі. Осы межелі міндет аясындағы жұмыс деңгейін арттыру индикаторлық көрсеткішінің орындалуы – 65 пайыз. Кәсіптік оқыту ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталады, бекітілген индикатор жыл соңында орындалады. Екінші субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастырғаннан кейін тұрақты жұмыс орындарына орналастырылған адамдардың үлесін ұлғайту индикаторлық көрсеткішінің жоспары – 60 пайыз. Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 645 адам жұмысын аяқтап, оның ішінде 391-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Жалпы субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысатын кәсіпорындар құрамындағы жеке сектор үлесін ұлғайту индикаторлық көрсеткішінің жоспары ойдағыдай орындалуда. Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға 249 жұмыс беруші бекітіліп, оның ішінде 159-ы жеке сектордағы жұмыс берушілер болып отыр. «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде оқуды аяқтағаннан кейін өз ісін ашқан адамдардың үлесін ұлғайту индикаторлық көрсеткішінің жоспары – 45 пайыз. Нақты орындалғаны – 37,7 пайыз. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 280 адамды оқыту жоспарланған. Бүгінгі күнге 452 адам онлайн оқуға өтінім білдіріп, 315-і оқуды аяқтап, тиісті сертификаттарын алды. Оның ішінде 119 адам өз ісін ашты. 2023 жылдың ІV тоқсанында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға аудан аумағындағы 1 442 адамнан тұратын 293 отбасынан өтініштер келіп түссе, оның 293-і электрондық түрдегі өтініш. Осы отбасылардың ішінде 34 жанұяға заң талаптарына сәйкес әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылды. Себебі АЕК алатын отбасы мүшелерінің бірі жұмыспен қамтылса, тағы бірі кәсіпке ден қоюда. Соның арқасында мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға иек артатындар біртіндеп азайып келеді. Қазіргі таңда 1 135 мүшесі бар 195 отбасыға шартты, 307 адамы бар 64 отбасыға шартсыз ақшалай көмек тағайындалды. Негізінде біздің ауданның халқы еңбекқор. Ата-анасының мойнына мініп алатын жастар жоқтың қасы деп айтуға болады. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірде жұмыссыздықты намыс санайтындар жетерлік. Дегенмен халық арасында еңбек етуге келгенде енжарлық танытатындар мүлде жоқ деп айта алмаймыз. Ондай бірлі-жарым тұрғындарды масылдық психологиядан арылту бағытында жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Мысалы, 2023 жылдың ІV тоқсанына 34 286 теңге кедейлік шегі болып бекітілген болатын. Жыл басынан бері шартты ақшалай көмек тағайындалған 320 отбасының еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің саны 528 адамды құраған еді. Осы отбасындағы тиісті адамдардың 442-сі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Нәтижесінде жылдық жоспар межесі 83,7 пайызға орындалды, – дейді Н.Қабылқұлов. 2023 жылы мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беруге бюджет есебінен 100,7 миллион теңге бөлініп, қайтарымсыз қаржымен 73 адамды қамту жоспарланған екен. Бір адамға берілетін гранттық қаржы мөлшері – 400 айлық есептік көрсеткіш. Бір айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңге болғанда, олардың әрқайсысына 1 миллион 380 мың теңге беру көзделген. Аталған грантты алуға осы жылдың ақпан айынан бастап 361 адамнан өтініш түскен. Тәуелсіз комиссияның шешімімен 73 өтініш берушіге қайтарымсыз гранттар тағайындалып, есепті жылдың сәуір, маусым, қараша айларында 100,7 миллион теңге қаражат аударылыпты. Санаттар бойынша грант алғандарды тарқата айтсақ, 18 еңбекке қабілетті мүгедектігі бар азамат, 39 көпбалалы отбасы мүшелері, 2 қандас, 7 мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуші ата-ана, 4 атаулы әлеуметтік көмек алушы, 3 асыраушысынан айырылған отбасы мүшелері грантқа қол жеткізіпті. Грант алғандардың әртүрлі сала бойынша ашқан бизнесін тәптіштесек, оның 38-і малшаруашылығына көңіл бөлсе, біреуі егін, үшеуі құс шаруашылығымен айналысуда. Грантқа ие болғандардың жетеуі қаржысын қажетті бұйымдар, 9-ы еңбек құралдарын, 15-сі техникалық жабдықтар сатып алуға жұмсаған. Аталған 73 азаматтың барлығы да салық органында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз кәсіптерін заңдастырыпты. Көпке үлгі көпбалалы ана Ұлттық жоба аясында қайтарымсыз грант алған көпбалалы ананың бірі – Ақерке Медеу. Қаратау қаласында туып-өскен ол орта мектептің тоғызыншы сыныбынан кейін Алматы қаласына аттанып, ондағы Алматы мемлекеттік бизнес колледжіне оқуға түсіпті. 2011 жылы аталған оқу ордасынан маркетинг саласы бойынша мамандық алып шыққан Ақерке бір жылдан кейін өзі туып-өскен Қаратау қаласының азаматына тұрмысқа шығады. 2021 жылға дейін Қаратау қаласындағы «Көркем» балабақшасында тәрбиеші болып еңбек етсе, одан кейінгі жылдарда бала күтімімен үйде отырған екен. – Осы бизнесті жүзеге асырғанға дейін үйден торт пісіріп сату, тапсырыспен құрақ көрпе тігу жұмысымен де айналыстым. Тапқан табысым жаман болған жоқ. Алайда ол жұмыстар шыдамдылықты, төзімділікті қажет ететіндіктен және өзім маркетолог болғандықтан қазіргі бизнесіммен айналысуға аңсарым ауып тұрды. Бастапқыда «Балаға қажетті дамытушы көрнекіліктер мен ойыншықтар бизнесін жүргізуге не қажет? Бұл салада Қаратау қаласында кімдер бизнес жүргізіп отыр?» деген сұрақтар аясындағы мәселелерді әбден зерттедім. Сөйтсем, бұл бойынша бәсекелестер біздің аудан тұрмақ, облыста жоқ болып шықты. Содан кейін ғаламтор арқылы ізденіп, өз бетімше білімімді жетілдіріп, осы істі қолға алдым. Өзім көрнекілік құралдардың дизайнын үйден жасап, қаладағы компьютерлік қызмет көрсететін орталықтарға барып, ақысын төлеп шығарып алатынмын. Оны үйге әкелген соң ламинаттайтын материалмен қаптап, үстінен үтіктеп, өнімімді саудалап жүрдім. Шынымды айтсам, бұл өте әуресі көп шаруа болды. Бірақ табысы жақсы еді. Сондықтан өзімнің жеке ламинатор, принтер секілді құралдарым болғанын қалап, соған қол жеткізуді армандай бастадым. 2022 жылы аудандық мансап орталығына барып, мамандардан кеңес сұрадым. Олар «Enbek.kz» электронды еңбек порталы арқылы оқыту курсынан өтуіме, содан кейін конкурсқа қатысып, грант иегері атану арқылы мәселені шешуге болатыны жайлы кеңес берді. Сол жылы оқуымды аяқтап, бизнес жобамды қорғау барысында сүріндім. Өйткені менің жоспарымның сапасыздығынан комиссия мүшелері бизнесіме сенімсіздік танытты. Дегенмен жоспарды қалай жасау керек, оны қалай қорғайды деген сауалдар айналасында ізденіп, биыл бірінші тоқсанда қайта бақ сынадым. Нәтижесінде жобамды сәтті қорғап, мақсатыма жеттім, – дейді Ақерке Солдатхазықызы. Ол 2023 жылдың наурыз айында мемлекеттік қайтарымсыз грант үшін ұйымдастырылған конкурсқа, өзінің бизнес жоспарында көрсетілгендей, яғни «Кішкентай данышпан дамытушы көрнекіліктер мен ойыншықтар орталығын» ашу мақсатында қатысады. Осылайша аталған бизнесті жандандыру үшін бизнес жобасында оған қажетті технологиялық жабдықтар алуды атап көрсетеді. Комиссия шешімімен Ақерке Медеуге 1 миллион 380 мың теңге қаржы тағайындалды. Бүгінгі таңда ол жеке кәсіпкер ретінде ауданда тіркеліп, Қаратау қаласында өз кәсібін дамытып отыр. – Мен секілді осы кәсіпті жүргізіп отырғандар еліміз бойынша да аз. Сондықтан маған Қазақстанның түкпір-түкпірінен сұраныс келіп түсуде. Мұндай педагогикадағы дидактикалық тәсіл кез келген баламен жұмыс істейтін мекеме мамандары үшін ауадай қажет. Осындай көрнекіліктер арқылы мамандар балаға заттар мен құбылыстардың әрқайсысының өзіне тән жаратылыс бітімін, түр-сипатын оңай түсіндіреді. Баланың сана-сезімін, дүниетанымын, тілін, ой-өрісін дамытады. Тіпті бізге балабақша, мектептерді айтпағанда, бойында аутизм дерті бар балаларға қызмет көрсететін мекемелердің мамандары тарапынан да тапсырыс көптеп түседі. Мен көрнекілікті мұғалімге қажетті танымдық және зияткерлік, шығармашылық, коммуникативтік, физикалық дағдыны дамыту секілді бес дағдыға байланысты жасаймын. Сан түрлі дизайнда ұстаздың өзі қызығатындай етіп сапалы жасап, өнімді тапсырыс берушіге ұялмайтындай дәрежеде ұсынамын. Осы әр дағды бойынша бір-бір папка көрнекілік жасалса, оның әр папкасы 8-10 мың теңге аралығында саудаланады. Сонда бір маманның өзі 50 мың теңгеге дейін тапсырыс береді. Әдістемелік құралдар тапсырыс берушінің сабағына, оқу, іс-әрекетіне қатысты жасалады, бізде түрлі жапсырма ойын құралдары да бар. Айына кемінде 300 мың теңге табыс табамын. Жұбайым өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санатында болғанымен екеуміз отбасылық бизнесті бірге жүргізіп отырмыз. Сырт көз менің күйеуімді жұмыссыз деп ойлап, оны менің табысыма ортақтасушы, масылдық пиғылдағы адам деп ойлауы мүмкін. Шындап келгенде, жұбайым Мақсат Сағынбек менен артық еңбектенбесе, кем жұмыс істемейді. Отбасылық бизнестегі идея авторы мен болсам да еңбегіміз, табысымыз ортақ. Сондықтан біздің отбасымызда масылдық психологиясына жол берілмеген. Мақсат-мүддеміз – 4 баламызды қатарға қосу, бесіншісін аман-есен дүниеге әкеліп, оларды ас-ауқат, киімнен тарықтырмау, саналы тәрбие, сапалы білім алуына жағдай жасап, елге қызмет ететіндей перзент болып өсуіне күш салу. Алдағы уақытта кәсіп аясын кеңейтуді көздеп отырмын. Ол үшін жеңілдетілген пайызбен мемлекет тарапынан несие алып, шаруамды шалқытсам деген ойым бар. Қазір жасым 29-да, осылайша жас кезімізде барлық жағдайды жасап алуға талпынып жатырмыз, – деді Ақерке. Кейіпкеріміз масылдық туралы өз ойын бөлісуден де тартынбады. Оның пікірінше, қазіргі таңда масылдық пиғылды ұстанатын адамдар, әсіресе ондай жастар жоқтың қасы. – Менің ойымша, қазір масылдық туралы түсінік біртіндеп қалып бара жатыр. Нақты айтқанда, бұрын айналамызда жұмыссыз жастар көп еді. Сол кезде қоғамда «жастар жұмыс істегісі келмейді, ата-анасының табысына ортақтасуға арланбайды» деген пікірлер бар болатын. Расында, еліміз бойынша жағдайдың қалай екенін білмеймін, менің айналамдағы көріністер осы еді. Енді қазір мұндай пікірлер біртіндеп ысырылып, қазір жастарға қарата «жастар ауыр жұмыстан қашады, оңай жолмен табыс тапқысы келеді, ең алдымен, адам ақша қумай Отанға, мемлекетке қызмет етуі керек, табысы жақсы екен, неге қайырымдылық жасамайды?» деген сарында пікір айтылып жүр. Демек, қазір жастар қарап отырған жоқ. Тіпті тойхана, мейрамханаға бара қалсақ, онда өрімдей жастардың даяшы болып еңбектеніп жүргенін көреміз. Бәлкім, олар колледж студенттері шығар, мен үшін олар – әйтеуір өз бетінше еңбектеніп нан табуды, ата-анаға масыл болмауды бойына сіңіргендер. Жасы 40-50-ге келсе де басында баспанасы жоқ, балаларын аяқтандыра алмай жүрген аға буынның жағдайынан хабары бар балалардың өз бетінше табыс тауып, тұрмысын түзеуіне ұмтылуы – жақсы қасиет. Ол үшін біз қуануымыз керек, – дейді Ақерке Медеу. Негізі кез келген қасиет адамның бойына отбасындағы тәлім-тәрбие, өскен ортасы арқылы сіңеді. Қазақ «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» деп текке айтпаған. Сондықтан қоғам масылдық пиғылдан арылуы үшін әр ата-ана баланы әу бастан еңбекқорлыққа тәрбиелеуі қажет. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com