Жаңалықтар

Тұтынушылық несие түйткілін шешудің жолы бар

Тұтынушылық несие түйткілін шешудің жолы бар

Бірінші несие бюросының дерегіне сүйенсек, осы жылдың 1 қазанындағы ахуал бойынша, жеке тұлғалардың несие портфелі 18,5 триллион теңгеге жетіпті. Бұл – әртүрлі қаржы ұйымдарының алдындағы жиынтық берешек. Жыл басынан бері портфель көлемі 18,3 пайызға, 2,9 триллион теңгеге өскен. Сәйкесінше борышкер саны да көбейген. Жалпы қарыздың 48 пайызы кепілсіз тұтынушылық несие сегментіне тиесілі. Автонесие, ипотека және басқа да қарыз түрлері әзірге тұтынушылық кредит көлемімен шендесе де алмайды. Сонымен қатар жалпы қарыздың басым бөлігі, яғни 10 миллионға жуығы банк қарыздарына тиесілі. Тиісінше 8 миллионға жуық адам – банк алдында борышты. Бұрын «Банк ЦентрКредитті» басқарған қаржыгер Ғалым Құсайынов несие жүктемесінің проблемасы бар, ол анық екенін, бірақ белгілі бір сегменттерде және түйткілдерді барынша нақты қарастыру керек екенін айтады. – Біріншіден, халықтың табысы азайғандықтан тұтынушылық несиені рәсімдеу артып жатыр. Бірақ бұған (халық табысының азаюына) банктердің тікелей әсері жоқ. Бұл жерде халықтың номиналды кірісін жеп қойып жатқан инфляция өз рөлін ойнауда. Біз халықтың жекелеген топтарының жалақысын көтеру арқылы инфляцияны жеңе алмаймыз. Инфляция бенефициары әрқашан банк және ритейл болып қала береді және кедей мен бай арасындағы алшақтық ұлғая бермек. Сондықтан тұтынушылық несие түйткілін шешу үшін, ең бірінші, инфляциямен күресті және азаматтардың әл-ауқатын арттырған дұрыс. Бірақ тек еңбек өнімділігін өсіру есебінен. Екіншіден, тұтынушылық займның басым бөлігі ішкі өндірісті емес, импортты ынталандырады. Қазақстандағы ең үлкен проблема мынада: бөліп-бөліп тіпті дәретхана қағазын да сатып алуға болады, бұл ретте банктің пайыздық маржасы тауардың құнына ілінеді және бізде BNPL реттеуі мүлдем жоқ. Банк өз маркетплейсі арқылы сатушымен келісіп, тауар құнына пайыз жүктейді және ол өте үлкен болады. Мысалы, жыл сайынғы төлемдер үшін 15 пайыз мөлшерінде тауар құнынан кэшбэк банкке 30 пайыз және одан жоғары тиімді сыйақы мөлшерлемесін береді. Ал егер клиент төлем кестесінен кешігіп қалса, онда тағы стандартты пайыздық ставка қосылады және бөліп төлеу несиеге айналады. Тиімді мөлшерлеме 50 пайыздан асып кетеді. Егер клиент бөліп төлеуді тезірек жауып тастаса, онда тиімді мөлшерлеме тағы біршама өседі. Пайыздар – бұл тұтынушылық шығындар емес, олар келешекте сатып алу қабілетін қатты қысқартады. Сондықтан макроэкономикалық тұрғыдан алғанда, бөліп-бөліп төлеуді және маркет плейстерін реттеумен айналысу керек. Мұнда тиімді мөлшерлеме бойынша толық ақпаратты ашу арқылы адамға тауарды бірден, бірақ жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік берген жөн, – дейді Ғалым Құсайынов. Ол сонымен қатар тұтынушылық несие бойынша пайыздық мөлшерлеменің шектелуін алдағы уақытта монополия тудыратын фактор екенін айтады. Керісінше нарықта ойыншыларды көбейту керек, сонда пайыздық ставка төмендейді деп отыр. – Қысқаша айтқанда, несие түйткілін тарқату үшін инфляциямен күресу, еңбек өнімділігінің өсім көрсетуі есебінен халықтың табысын арттыру, BNPL реттеу және бәсекелестікті арттыру қажет. Әзірге бізде проинфляциялық шешімдер, реттеудің жоқтығы және бәсекенің азаюы байқалады. Бұл қалыппен несие жүктемесін шешу қиын, керісінше оны одан әрі өсіре түсеміз. Ал ол болашақта экономикалық және әлеуметтік қауіпті салдарға әкеліп соқтыруы ықтимал, – дейді ол. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Әзиза Шөжееваның айтуынша, несие мәселесін сараптау кезінде банк статистикасына жүгінуге әсте болмайды. – Коллекторлар мен жеке сот орындаушыларына берілген проблемалық несие статистикасын да есепке алу қажет. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметі бойынша, банктік займ және микрокредит бойынша проблемалық берешегі бар адам саны – 2,1 миллион. Ең қорқыныштысы – несие қамытының балаларға, келер ұрпақ мойнына іліне беретіні. Бұл норманы 2009 жылы «банктік лобби» Азаматтық кодекске енгізіп тастады. Мәселен, ауру баласы бар көпбалалы ана жолдасынан айырылып қалған. Кішігірім үйді өз атына рәсімдеу үшін ол мұрагерлік мәселесімен айналысып жатқан кезде жолдасының банкте 200 мың теңге несиесінің бар екені анықталған. Мұрагерлік рәсім жасалған алты айда өсімпұл қосылып кеткен. Көпбалалы ана жыл соңына таман инстанцияларды аралап, түйткілді шешемін дегенше қарыз көлемі миллион теңгеге жеткен. Асыраушысынан айырылған, қолында ауру баласы бар көпбалалы ана үшін бұл деген қорқынышты сома. Нәтижесінде ол қиын жағдайға тап болды, әйел банк алдындағы қарызын физикалық түрде төлей алмайды, үйді рәсімдей алмайды, сәйкесінше әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік қызметтерді қалыпты түрде ала алмайды. Сондықтан Азаматтық кодекстен несие қарызының мұрагерлікпен берілуін алып тастау керек деп есептеймін. Мемлекет банктердің несие тәуекелін сақтандырмауға тиіс. Банктердің өсімқорлық саясаты салдарынан адамдар өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндігінен айырылмасын, – дейді Әзиза Шөжеева. Экономист Меруерт Махмұтова тұтынушылық несиенің шамадан тыс артып кеткені таңғалдырарлық жайт емес екеніне, өйткені қазір кез келген сауда үйінде өз тауарын несие арқылы рәсімдеуге ұсыныс жасайтын банк өкілдері қаптап отырғанына тоқталды. – Кепілсіз несиенің орташа мөлшері 1 миллион теңгеге таяп қалды. Адамдар тіпті азық-түлікті несиеге алып жатыр. Өткен жолы Мәжілісте депутаттар несиелеу талаптарын қатаңдату керек деді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұтынушылық несие бойынша шекті сома белгілеуді ұсынып жатыр. Бұл шаралардың жүзеге асуы тым болмағанда жеке тұлғалар қарызының одан әрі бақылаусыз өсімін шектейді деп үміттенемін. Бірақ тек бұл шаралармен шектеліп қалуға болмайды. Өйткені төмен табыс, баға өсімі кредитке деген сұранысты күшейтіп жатыр. Бұл жерде Үкімет тиімді жұмыс атқаруы тиіс. Экономикалық даму стратегиясын түбегейлі қайта қараған абзал. Бірақ бұған Үкімет дайын емес секілді, – дейді Меруерт Махмұтова. Экономист Эльдар Шамсутдиновтің пайымынша, халықтың несие жүктемесі соншалықты ауыр емес. – Егер заңды тұлға несие рәсімдейтін болса, демек, ол не айналым қаражатын толықтыруға немесе инвестиция үшін алып жатыр деген сөз. Яғни ол алдағы уақытта түсетін табыс есебінен банк пайызын өтеймін деп жоспарлап отыр. Ал жеке тұлға несие алатын болса, онда ол негізгі қарызды да, пайызды да өзінің жалақысынан төлейтін болады. Егер 8 миллион адам өз қарызына қызмет көрсете алмаса, яғни төлей алмаса не болар еді? Әрине, дефолт болады. Шынымен де сондай жағдайға ұшыраған болсақ, онда банк секторы баяғыда-ақ қолына «қызыл жалау» алып жүгірген болар еді. Сөйтіп, ешкімге ақша бермей қояр еді. Банк жүйесі өзі солай құрылған, олар ақша қайтармайтын адамға қарыз бермейді, – дейді ол. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпараты бойынша, төленбегеніне 90 күннен асып кеткен банктік займдар деңгейі 5,2 пайызды немесе 0,5 триллион теңгені құрайды. Несие берешегін төлей алмай жүрген азамат саны 516 мыңға жеткен. Микроқаржы секторында төленбегеніне 90 күннен асып кеткен борышкер саны – 347 мың адам. Азаматтардың қарыз жүктемесінің шамадан тыс өсімін шектеу үшін және тұтынушылық несиелеу сегментіндегі тәуекелдерді азайту мақсатында Агенттік заңнамалық деңгейде бірқатар жаңа норманы енгізуді көздеп отыр. 2023 жылдың 9 айында 6,5 миллион қазақстандық несие рәсімдеген. Бұл 2022 жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда 454 мың адамға көп. Биыл жеке тұлғаның банкроттық рәсімі енгізілгені белгілі. Оның үстіне жылдық инфляцияның төмендеуіне қарамастан, базардағы баға «басын иді» деп тағы айта алмаймыз. Сонда да несие алуға деген тәбет азаймай тұр. Ақжігіт ӘДІЛБЕКОВ