Қысқа-нұсқа
Қысқа-нұсқа
4 жасар бала екі көліктің арасына қысылып қалған Қордай ауданында 4 жасар бүлдiршiн екі көліктің арасында қалып, ми жарақатын алды. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, ұлын балабақшадан алып қайтып бара жатқан анасы басқа көлікті байқамай қалған. Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлованың айтуынша, осы жағдайда анасы ұқыптылық танытып, баласына мұқият қарағанда жазатайым оқиғаның алдын алуға болатын еді. – Полиция ата-аналардың назарын өте маңызды мәселеге, яғни балалардың жарақаттануы көбiне ересектердің немқұрайдылығынан болатынына аударғысы келедi. Жалпы биыл облыста 10 ай ішінде балалардың қатысуымен 284 жол-көлiк оқиғасы тіркелді, онда 23 бала қаза тапса, 353 бала жарақат алды. Зардап шеккен балалардың жартысынан көбі – тасымалдау ережесі бұзылған, яғни балаларды ұстап отыратын құрылғысы жоқ автомобильдегi жолаушылар, – дейді Г.Мұхтарқұлова. Айта кетейік, жыл басынан бері осындай кемшілікке жол берген 1 313 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. «жүгенсіз» жүргізуші бес түрлі айыппұл «арқалады» Таразда жолда жүру ережелерін өрескел бұзып, оны әлеуметтік желіге жариялаған 18 жастағы жүргізуші полиция қызметкерлерінің назарына ілікті. Нәтижесінде «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасының барысында жылдамдықты жақсы көретін бозбалаға бірден 5 түрлі айыппұл салынды. «Аталған дерекке қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 2-бөлігі (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), 593-баптың 2-бөлігі (Қауiпсiздiк белдіктерiн пайдалану қағидаларын сақтамау), 596-баптың 3-бөлігі (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу), 599-баптың 1-бөлігі (Бағдаршамның тыйым салатын сигналына қарамай өту), 606-баптың 1-бөлігі (Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жүргізуші өз кінәсін мойындады. Көлік құралы айыптұраққа қойылды», делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. Жас жүргізуші енді 5 хаттама үшін 120 750 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болады. Заңсыз шекара асқандар ұсталды Жамбыл облысы – Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасымен ең үлкен шекаралас аймағы екендігі белгілі. Шекараны күзету – прокурорлық қадағалаудың басты бағыттарының бірі. Қордай ауданының аумағында соңғы жарты жылда Оңтүстік Азия елдері (Пәкістан, Непал, Шри-Ланка) азаматтарының Қырғыз Республикасы арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтуі жиілеген. Биыл 19 қыркүйек күні Қордай ауданы прокурорының үйлестіруімен Қылмыстық кодекстің 394-бабының 2-бөлігі, нақтылап айтсақ, адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы заңсыз көші-қонды ұйымдастыру бойынша полиция бөлімі қылмыстық істі тіркеді. Сондай-ақ осы жылдың 20 қыркүйегінде Қордай ауданы прокурорының қаулысымен аудандық полиция басқармасы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі секілді органдардың тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, олар бірқатар тергеу амалын жүргізді. Нәтижесінде Оңтүстік Азия елдерінің 20 азаматын Қырғыз Республикасының мемлекеттік шекарасының өткізу пункттерінен тыс жерлері арқылы өткізген, яғни заңсыз көші-қон ұйымдастырған 3 қылмыскер құрықталып (Қазақстан және Қырғыз Республикасының азаматтары), қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде, басқа мәліметтер Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес жариялануға жатпайды. 255 тұрғын жауапқа тартылды Қоғамдық орындарда қоқыс тастау, түкіру, жол қозғалысы ережелерін бұзу сияқты ұсақ құқықбұзушылықтар жасағаны үшін адамды жазаға тартпаудың соңы бассыздыққа апаратыны белгілі. Кейде сол ұсақ-түйектен басталған құқықбұзушылық уақыт өте асқынып, арты ауыр қылмысқа әкеп жататыны да жасырын емес. Осыған байланысты «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында полицейлер тіпті ұсақ құқықбұзушылықтар жасаған жамбылдықтарды анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартады. Мысалы, осы жылғы 24 қарашада шаһардағы ықшамауданның біріндегі сауда орталығының жанында Жамбыл ауданының 61 жастағы тұрғыны темекі тұқылын белгіленбеген жерге тастаған. Сол күні басқа сауда орталығының жанындағы такси тұрағында 54 жастағы Тараз қаласы тұрғынының заң талабын бұзғаны анықталды. Ол әріптестерімен бірге жолаушыларды күтіп тұрып, адамдар жүретін жерге түкірген. Бұл құқықбұзушылықтар Тараз қаласы полиция басқармасы жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы анықталды. Ер адамдар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған бапта кінәліге бес айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері – 17 250 теңге көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Осы жағдай бір жыл ішінде қайта бұзылған жағдайда айыппұл мөлшері – 10 АЕК (34 500 теңге). Жыл басынан бері полиция қызметкерлері тарапынан облыстың 2 848 тұрғынына айыппұл салынды. Заңсыздық пен тәртіпсіздікке бой алдыру дер кезінде тоқтатылмаса, ол уақыт өте келе ауыр құқықбұзушылықтар жасауға негіз болады. Осыған байланысты облыстық полиция департаменті кез келген құқықбұзушылық туралы «102» номеріне қоңырау шалу немесе осы департаменттің ресми парақшаларына жазу арқылы хабарлауға болатынын еске салады. Ақтоты Жаңабай