Қоғам

ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ БАСТЫ НАЗАРДА

ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ БАСТЫ НАЗАРДА

Нарықтық экономикадағы еңбек – жекелеген адамдардың, сонымен бірге тұтастай қоғамдастықтардың немесе жалпы алғанда бүкіл мемлекеттің өмірінде өзінің әлеуметтік маңыздылығы бойынша ерекше орын алады. Қазіргі кезеңнің адамдары өз өмірінің басым бөлігін өз әл-ауқатының көзі болып отырған дәл осы жұмысқа, еңбекке арнайды.

Еңбекті қорғаудың, яғни, нормативтерге сай еңбек шарттарының қамтамасыз етілу деңгейі, өндірістік жарақаттылық пен кәсіби аурулардың төмен көрсеткіштері көбінесе жалпы алғанда қоғамның өзінің осы категорияға деген көзқарасына байланысты болады. Сонымен бірге еңбекті қорғаудың жалпы алғандағы қоғамның жай-күйіне айтарлықтай әсер ете алатындығын ерекше атап өткен жөн. Еңбектің қажетті жағдайларымен қамтамасыз етілмеген қызметкерлер, үнемі шамадан тыс жұмыс істеудің, шаршап-шалдығудың және жұмыспен байланысты мәселелер ауыртпалықтарының салдарынан өз денсаулығына, әрі тек тәндік қана емес, сонымен қатар моральдық денсаулығына да көңіл бөле алмайды. Еңбекті қорғау қоғам өмірінің әр алуан салаларында бой көрсетеді, мысалы, экономикада еңбекті қорғау қаржыландыру нысаны саналады, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шығындарға арнайы баптар бөлінеді. Еңбекті қорғау медицинамен аса тығыз байланысты. Ұйымдағы еңбекті қорғаудың жай-күйі қызметкердің денсаулығына тікелей әсер етеді. Медицинада қызметкерлердің денсаулық жағдайына қандай да бір өндірістік факторлардың жасайтын ықпалына, кәсіби аурулардың немесе жарақаттардың белгілі бір өндірістегі еңбек үдерісімен байланыстылығына көңіл бөлінеді. Конституциялық құқықтың еңбекті қорғау жөніндегі қатынастарды реттейтін нормаларының қатарына Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының қауіпсіздік пен гигиенаның талаптарына сай болатын еңбек жағдайларына құқықты белгілейтін нормалары жатады. Ата Заңға сәйкес, адамдардың еңбегі мен денсаулығын қорғау конституциялық құрылыстың негіздеріне жатады. Әркімнің өзінің еңбекке деген қабілеттіліктерін еркін басқаруға, қызмет түрі мен кәсіпті таңдауға құқығы, сондай-ақ әркімнің қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай жағдайлардағы еңбекке және жұмыссыздықтан қорғалуға құқығы – адамның аса маңызды құқықтары мен бостандықтарының бірі. Сондай-ақ 29-бапқа сәйкес, азаматтар денсаулықты қорғауға, соның ішінде, еңбек қызметі барысында қорғауға құқылы. Қазақстан Республикасының Конституциясы құқықтың бүкіл жүйесінің қалыптасуы бастау алатын негізгі заң болғандықтан, онда еңбекті қорғауға құқықтың көрсетілуі үлкен маңызға ие. Себебі Конституцияда жеке тұлғаның құқықтық мәртебесінің негізін құрайтын, адам мен азаматтың ең негізгі, аса маңызды құқықтары бекітілген. Басқа жағынан алып қарағанда, негіз қалаушы құжатта еңбекті қорғауға құқықтың көрсетілуі заңды. Өйткені қызметкерлердің денсаулығы мен өмірін олардың еңбек қызметі барысында қорғау – әлеуметтік мемлекеттің адам құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі қызметінің құрамдас бөлігі және конституциялық-құқықтық деңгейде регламенттелмей қалуы мүмкін емес өте маңызды категория. Құрметті жұмыс берушілер мен қызметкерлер, еңбек процесі барысында еңбек қауіпсіздігінің және еңбекті қорғау талаптарының басты назарда болуы сіздердің денсаулығыңыздың және отбасыларыңыздың берекесінің кепілі.

Әбді БЕКЖАН, облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы