АГРОСАЛА ҒЫЛЫМСЫЗ АЛҒА БАСПАЙДЫ
АГРОСАЛА ҒЫЛЫМСЫЗ АЛҒА БАСПАЙДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында аграрлық ғылымсыз бәсекеге қол жеткізе алмайтынымызды қадап айтып, Үкіметке ауқымды міндеттер жүктеді. Президент басты құжатта: «Қазіргі ауылшаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауылшаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауылшаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек», дей келе, шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнатуды тапсырды. Жуырда ҚР Парламенті Сенатында өткен «Үкімет сағатында» Мемлекет басшысының аграрлық ғылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Отырысқа Сенат депутаттары, Ауылшаруашылық министрі Айдарбек Сапаров, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, аграрлық саладағы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, тәуелсіз сарапшылар және басқалар қатысты. Сенат Төрағасының орынбасары Жақып Асанов Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздегі аграрлық саланың проблемаларына ерекше назар аударғанын атап өтті. – Қазақстандағы аграрлық сала қуатты болуы керек, ғылымға және жоғары білікті мамандарды даярлауға ерекше назар аударылуы тиіс. Өкінішке қарай, шаруаларға керектінің көбісін шетелден аламыз. Бидай ұрығын, минералды тыңайтқыштарды, техниканы сырттан тасимыз. Жердің құнарлылығын жақсартатын ғылыми негіздерді де енгізе алмай жүрміз. Кейбір техника мен технологияны басқа елден алып келуге біз қарсы емеспіз. Мүмкін, ол тиімді болар. Бірақ жердің құнарлылығын арттыру, себетін тұқым мен органикалық тыңайтқыштарды өндіру, өз жағдайымызға бейімделген шаруашылықты дамыту, оның өнімділігін көбейту, әлемге ұлттық өнімдерді шығару – ол тек өзіміздің міндетіміз, ғылымның міндеті, – деді Жақып Асанов. Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев отырыс барысында еліміздегі аграрлық сала әлі де зор шығындарды талап ететінін жеткізді. – Еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде – өндірісті ғылыммен ұштастыру, ғылымды жаңа деңгейге көтеру арқылы жаңа технологияларды енгізу, сондай-ақ осы салада еңбек ететін білікті мамандарды даярлау маңызды рөл атқаратыны бәрімізге белгілі. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда қазіргі ауылшаруашылығы – жоғары технологиялы сала болуы тиіс, оны жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді деген болатын, – деді Әли Бектаев. Ал ҚР Ауылшаруашылық министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, геосаяси ахуал мен әлемдік нарықтың тұрақсыздығына қарамастан, дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің негізгі бағыттары өсуде. Мәселен, 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің көлемі 104 триллион теңгені құрапты. Ауылшаруашылығының үлесі – 9,5 триллион теңге. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 триллион теңгеге артық. Алайда инновациялық шешімдерсіз одан әрі өсу мен даму мүмкін емес. 1990 жылдары елімізде аграрлық салада 31 ғылыми-зерттеу институты, 34 тәжірибелік шаруашылық жұмыс істеген екен. Ғылыми қызметкерлердің саны – 6 580. Содан бері ғылыми-зерттеу институттарының саны 31-ден 11-ге дейін, тәжірибелік шаруашылықтардың саны 34-тен 17-ге дейін, ғылыми қызметкерлердің саны 6 580-нен 902-ге дейін қысқарған. Бұдан бөлек соңғы екі жылда ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының құрамындағы 20 ғылыми-зерттеу институты мен эксперименттік стансалар жоғары оқу орындарының басқаруына өткен. Сондай-ақ Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын тарату процесінің басталуына байланысты орталықтың білікті кадрлары басқа жұмыс іздеуге мәжбүр болыпты. Айдарбек Сапаров: «Аграрлық салада жүргізіліп жатқан реформалар олардың мазмұнын емес, әкімшілік басқару нысандарын өзгертумен ғана шектелетінін мойындау керек. Соның салдарынан ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасы мен тиімділігі төмендеп, ғалымдарымыздың кадрлық құрамы нашарлады. Сонымен қатар аграрлық ғылымды қаржыландыру ТМД елдерімен салыстырғанда өте төмен деңгейде қалып отыр», деді. Мысалы, 2022 жылы Қазақстандағы аграрлық ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалған қаражат көлемі саладағы жалпы ішкі өнімнің 0,1 пайызын ғана құрайды екен. Арменияда бұл көрсеткіш 0,3 пайызды, Беларусь елінде 0,6 пайызды, Ресейде 1,2 пайызды құрайды. Ауылшаруашылық министрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық ғылымды дамытуға ерекше назар аударғанын және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнологиялық хабқа айналдыру міндетін қойғанын еске салды. Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес, министрлік аграрлық жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу институттары мен эксперименттік станса басшыларымен, ғалымдармен кеңестер өткізіп, ұсыныстарын тыңдапты. Сондай-ақ Айдарбек Сапаров: «Келіссөздер нәтижесінде ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелік шаруашылықтарды бір жерге шоғырландыру туралы шешім қабылданды. Қарашаның басында Ауылшаруашылық министрлігі Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының құрамына бұрын жоғары оқу орындарына берілген 10 ғылыми-зерттеу институты мен эксперименттік стансаларды қайтарды. Бұл жұмыс аяқталған соң орталықтың алдына белгілі шетелдік аграрлық-ғылыми орталықтармен толыққанды ғылыми-практикалық ынтымақтастық орнату және аграрлық ғылым мен бизнес арасындағы байланысты жандандыру міндеті қойылады», деді. Сенатор Әли Бектаев «Үкімет сағатының» жұмысын қорытындылай келіп, айтылған проблемалар мен олардың шешімдері және ұсыныстар пысықталатынын, одан кейін Үкімет атына жіберілетін ұсынымдарға енгізілетінін атап өтті. Талғат Нұрханов