Медицина мамандарына барлық жағдай жасалуда
Медицина мамандарына барлық жағдай жасалуда
Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова денсаулық сақтау саласындағы атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Спикердің айтуынша, бүгінде облыс бойынша 389 денсаулық сақтау нысаны халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Табиғи өсім 1000 тұрғынға шаққанда 15,42-ні, туу көрсеткіші 21,24-ті, өлім-жітім 4,3-ті құрап тұр екен. Сонымен қатар басқарма басшысы медицина мамандарының тапшылығын жою бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. – Былтыр облыста 106 дәрігер тапшылығы болса, биыл бұл көрсеткіш 80 маманға төмендеді. Жергілікті атқарушы органның грантымен С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін жалпы медицина мамандығы бойынша 42 білімгер оқиды. Осы университетте жергілікті бюджет есебінен, оқу бітіргеннен кейін Жамбыл облысының мемлекеттік медициналық ұйымдарында 5 жыл жұмыс істеу міндеттемесімен 2022 жылы 16 дәрігер жұмысқа келді. Биыл 19 дәрігер еңбек жолын бастады. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен өңірге 91 маман дайындалуда. Бүгінгі күнге аймаққа 101 жас маман келді. Олардың 33-і Тараз қаласында жұмысқа орналасса, 68-і аудандарға жол тартты, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Мықтыбекқызы. Жас мамандарды тұрақтандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 800 мың теңге көлеміндегі ақшалай көтермеақыны 134 жас маман алыпты. Республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 9 жас маман бюджеттік кредитке қол жеткізген. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен 100 айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы 38 жас маманға бұйырыпты. Аудандық әкімдік тарапынан 6 жас маман қызметтік пәтермен қамтамасыз етіліп, 2 жас маманға бір жылға жалдамалы пәтердің қаражаты төленіпті. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдар аралығында облыста 30 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Эльмира БАЙНАЗАРОВА