«ӘУЛИЕАТА ЖАСТАРЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ ЖАЛҒАСА МА?
«ӘУЛИЕАТА ЖАСТАРЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ ЖАЛҒАСА МА?
Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс тоғызыншы сессиясына қатысты. Сессияның күн тәртібінде 9 мәселе қаралып, тиісті шешім қабылданды. Өз кезегінде халық қалаулылары сауалдарын жолдап, ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен, облыстық мәслихаттың депутаты, «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-ның бас директоры Оралхан Дәуіт «Әулиеата жастары» бағдарламасына байланысты көптің көкейінде жүрген сауалын қойды. – Облысымызда «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы 2 жылдан бері жүзеге асып келеді. Өткен жылы 41 жас баспаналы болды. Биыл бағдарлама бойынша жергілікті бюджет есебінен 1 миллиард теңге, «Отбасы банк» тарапынан 1 миллиард теңге бөлінген. Биыл бағдарлама шеңберінде 130-дан аса жасты баспанамен қамту жоспарланып отыр. Дегенмен келесі жылдан бастап «Отбасы Банкі» жобаны қаржыландырудан бас тартуда» деген ақпарат тарауда. Егер банк шынымен бас тартса, бағдарлама алдағы уақытта аяқсыз қалмай ма? Жалпы келесі жылы бағдарламаға қаржы бөлу жоспарланып отыр ма? – деп алаңдаушылығын білдірді. Сұраққа жауап берген аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы алаңдаушылыққа негіз жоқ екенін жеткізді. – Баршаңызға белгілі, қазіргі таңда «Отбасы Банк» қызметіне байланысты бірқатар өзгеріс орын алып жатыр. Сондықтан бірқатар басқарма басшысына, басқа да тиісті ведомство басшыларына тапсырма бердім. Банк басшылығымен сөйлесіп, мәселені жан-жақты қарастыруы керек. Егер банк бағдарламаға қаржы бөлуден бас тартса да әрі қарай жұмысымызды жалғастыра береміз. Яғни өзіміздің тарапымыздан басқа тиімді бағдарламаны дайындауымыз керек, – деді Ербол Шырақпайұлы. Ал облыстық мәслихаттың депутаты Жұмахан Тәнкебаев Жедел жәрдем көліктерінің тапшылығын мәселе етіп көтерді. – Шалғайда орналасқан елді мекендердегі жедел жәрдем көліктерінің жағдайы нашар екенін бәріміз білеміз. Биылғы сәуір айында өткен облыстық мәслихаттың сессиясында 40 жедел жәрдем көлігін сатып алуға облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына 651 миллион теңге бөлінген. Алайда жедел жәрдем көліктері облысымызға әлі күнге жеткізілген жоқ, – деп, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысына сауалын жолдады. Ал облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанованың айтуынша, облыс әкімдігі мемлекеттік сатып алу басқармасы шілде айында бірінші рет ашық конкурс жариялаған. Бірақ конкурсқа ешқандай жеткізуші компания қатыспаған. Конкурсты екінші рет өткізген кезде «Арлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қатысып ұтып алып, 30 қыркүйекте келісімшарт жасасқан екен. Келісімшарт 31 желтоқсанда аяқталады. Қазіргі таңда серіктестікпен тұрақты байланыс орнатылған. Талғат НҰРХАНОВ