Дертке шалдыққандардың көбі дер кезінде екпе алмаған
Дертке шалдыққандардың көбі дер кезінде екпе алмаған
Жақында «Қазақмыс» компаниясының облысымыздағы «Жайсан» кенішінде жазатайым оқиға орын алып, екі азамат қаза тапқан еді. Аталған қайғылы оқиғаға байланысты арнайы құрылған комиссия оқиға орнына барып, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жазатайым оқиғаның тексеру барысы аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің жеке бақылауында. Кеше Шу ауданы «Жайсан» кен орнында орын алған жазатайым оқиға туралы мәселе облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңейтілген әкімдік мәжілісінің күн тәртібіне қойылып, комиссияның жұмыс барысы қаралды. Бұл жөнінде облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Нүркен Сейдалиев баяндама жасады. Ол қазіргі таңда жазатайым оқиғаға қатысты мән-жайларды анықтау, жауаптылардан түсініктеме алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын сөз етті. Сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Азат Абдразақов та есеп беріп, бұған дейін аталған кен орнына жауапты кәсіпорынға өрт және басқа да қауіпсіздікке қатысты қай кезде қандай тексеріс жүргізілгенін, қандай құқықбұзушылық анықталғанын жеткізді. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша, яғни облыста «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылуы және денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштердің (индикатор) орындалу жайы пысықталды. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанованың айтуынша, «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында 22 индикатор бекітілсе, оның ішінде 11-і жергілікті атқарушы органдар арқылы орындалады. Өңірде 1 218 158 тұрғын бар болса, оның ішінде медициналық мекемелердегі тіркелімдерге байланысты 1 178 816 адам медициналық қызмет тұтынады екен. – Облыс бойынша 15 726 медицина қызметкері жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында жыл басынан бері 11 мың 800 медициналық қызметкердің айлық ақысы 20-30 пайыз аралығында көтерілді. Дәрігерлердің еңбекақысы орта есеппен 453 мың теңгеден 589 мың теңгеге өсіп отыр. Орта буын медицина мамандарының айлық ақысы 204 мың теңгеден 244 мың 800 теңгеге ұлғайды. Облыстағы денсаулық сақтау ұйымдары орналасқан нысандардың тозу деңгейі – 43,3 пайыз. Оның ішінде жоғары көрсеткішке ие болып отырған нысандар да бар. Мәселен, №6, №7 қалалық емхана және Жамбыл ауданына, Қордайға, Мойынқұмға, Таласқа, Сарысуға, Шу ауданына, Шу қаласына тән нысандардың тозуы облыстық көрсеткіштен жоғары болып отыр. Дегенмен тозығы жеткен нысандарды жаңарту бойынша барынша жағдай жасалуда, – деді Жанар Мықтыбекқызы. Басқарма басшысы бұдан бөлек «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы, халықтың өмір сүру жасының ұзақтығы, ана мен бала денсаулығы, жалпы өлім-жітім, мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамту, салауатты өмір салтын ұстанатын қазақстандықтардың үлесін арттыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ісі секілді өзге де бағыттарда атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндады. – Биыл ана өлімінің 5 жағдайы тіркелген, өткен жылға қарағанда нәресте өлімі 6 дерекке артып, 158-ге жетіп отыр. Сол себепті ана мен бала өлімін болдырмау бағытында нәтижелі жұмыс жүргізуіміз қажет. Екінші мәселе – қызылша ауруы. Бұл індет еліміз бойынша өршіп тұр. Оның ішінде Жамбыл облысы Шымкенттен кейінгі екінші орында тұр. «Алматы қаласында қанша халық тұрады, біздің облыста қанша тұрғын бар?» дейтін мәселеге келсек, екі жақта да қызылшамен ауырғандардың 2 000 дерегі тіркеліп отыр. Оның ішінде біздің өңірде жағдай өте күрделі болып тұр. Сондықтан дәл қазір облыста қызылша ауруына қарсы иммундау шаралары қалай жүргізілуде? Сонымен қатар онкологияға қарсы қызметті жетілдіру үшін салада қандай заманауи технологиялар мен әдіс-тәсілдер қолданылуда? Алдағы уақытта осы қызмет түрін дамыта түсу үшін қандай шаралар қабылданады? – деп сұрады Ербол Шырақпайұлы аталған басқарма басшысынан. Ж.Оспанованың айтуынша, қызылша ауруының өршуі елдің осы кеселге қарсы екпе алмауында жатыр екен. Өйткені дертке шалдыққандардың 80 пайызы дер кезінде вакцина салдырмағандар көрінеді. «Қызылша ауруының беті тек балаларға уақытында екпе салдыру арқылы қайтады» деген денсаулық сақтау басқармасының басшысы облыс тұрғындары екпе салдыру ісіне келгенде салғырт қарайтынын, десе де жұрт арасында түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Соның арқасында қазіргі таңда дертке шалдықандармен қарым-қатынаста болғандардан бөлек, 21 мыңнан аса әулиеаталық екпе салдырыпты. Жанар Мықтыбекқызы онкологиялық ауруға қарсы қызметті жетілдіру бағытында атқарылған жұмыстар жайын бүге-шігесіне дейін сөз етті. Оның ішінде бірінші кезекте ауруды ерте сатысында анықтап, кеселді асқынбай тұрып емдеу үшін жұртшылықты скринингтік тексеруден өткізу, заманауи технология, яғни сызықтық үдеткіш секілді диагностикалау құралдары арқылы емдеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын әңгімеледі. Облыс тұрғындарының ішінде міндетті медициналық сақтандыру жарнасын уақытылы төлемей жүргендер жетерлік. Тіпті белгілі бір жұмыс орны болса да аталған жарнаны бірде-бір мәрте аудармаған азаматтар да бар. Осы мәселе бойынша аймақ басшысы жоғары көрсеткішке ие тиісті аудан басшыларымен онлайн байланыс орнатып, жауап алды. Өз кезегінде аталған аудан әкімдері МӘМС төлемегендердің саны мен бұл бағытта атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берді. Бұдан кейін облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков денсаулық сақтау мекемелерінің құрылыс жұмыстары жайлы баяндады. Жиын барысында Е.Қарашөкеев денсаулық сақтау саласында осы жылы 18 нысанды пайдалануға беру жоспарланғанымен оның ішінде алтауының мерзімі кешігіп жатқанын, тіпті құрылыс жұмысы биыл аяқталмауы мүмкін екенін ескеріп, жауаптыларға мәселені назарда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар әрбір құрылыс нысанының сапасына, жобаға сәйкестігіне мән беру қажеттігін, бюджет қаржысын тиімді пайдалану керектігін баса айтып, күн тәртібінде көтерілген өзге де мәселелер бойынша тиісті тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ басқосу барысында облыс әкімдігінің қаржы, жер қатынастары, экономика және бюджеттік жоспарлау, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларының басшылары бірқатар қаулы жобасын ұсынды. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com