Жаңалықтар

Ербол Қарашөкеев: Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты назарда болуы тиіс

Ербол Қарашөкеев: Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты назарда болуы тиіс

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Балалардың қауіпсіздігі – қоғамның міндеті» тақырыбында өткен ашық форумға қатысты. Облыстық прокуратура жанындағы Консультативтік кеңестің бастамасымен «Оқушылар сарайында» ұйымдастырылған шара барысында тақырып аясында мәселелер талқыланды. Облыс әкімі тақырып аясындағы мәселенің маңыздылығына айрықша көңіл бөліп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты талаптардың бірі екендігіне тоқталды.

Сонымен қатар, аймақ басшысы оқушылар арасындағы орын алып отырған буллинг, кибербуллинг, суицид жағдайлары алаңдататынын айтып, әлеуметтік желінің ықпалы аса белсенді кезеңде балаға сапалы біліммен қатар мықты тәрбие беру негізгі ұстанымға айналуы тиіс екендігін еске салды. Бүгінде психологиялық көмекті қажет ететін оқушылар мен колледж студенттері арасында дер кезінде көмек көрсетуді ұйымдастыру мақсатында «Komek Stop Bullying», «Психологиялық қызмет HR+» пилоттық жобалар жүзеге асуда.

Ал, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров балалардың өз мәселелерін жасыратынын, осы тұрғыда жан-жақты жұмыстар жүргізу керектігін атап өтті. Сондай-ақ, ол профилактикалық жұмыстар кезінде бала жағымсыз салдар мен жариялылықтардан қорықпай, бар проблемасы туралы хабарлай алатын жағдайларды міндетті түрде жасау қажеттігіне назар аудартты. Осы орайда консультативтік кеңестің шешімін орындау аясында өңірде барлық оқушылар үшін уәкілетті органдарды өз проблемалары туралы анонимді түрде хабардар ету мүмкіндігін беретін «Саған көмек!» бағдарламасының жүзеге асырылуы басталыпты. Бұдан бөлек Нұрғалым Әбдіров «Жамбыл облысы прокуратурасының Консультативтік кеңесінің жанынан балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі Штаб ашылатындығын жеткізді. Өз кезегінде облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин де бірқатар көрсеткіштерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлы шараларды баяндады. Сондай-ақ, жиында «IT Group Kazakhstan» ЖШС-ның директоры А.Сабурова «Komek Stop Bullying»жобасын таныстырса, Жамбыл облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Д.Бағжановтың, психология ғылымдарының кандидаты Г.Вероцкая да орамды ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.