ПЕДАГОГТаРДыҢ ӘДІСТЕМЕЛІК деңгейін ДАМЫТУ – БАСТЫ МІНДЕТ
ПЕДАГОГТаРДыҢ ӘДІСТЕМЕЛІК деңгейін ДАМЫТУ – БАСТЫ МІНДЕТ
Адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші – функционалдық сауаттылық. Функционалдық сауаттылық – тек білік пен білімділік әлеміне барудың жолы ғана емес, ол – ұлттың, елдің немесе жеке адамдар тобының мәдени және әлеуметтік дамуының өлшемі. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығы дегеніміз – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Облыстағы оқушылардың функционалдық сауаттылығын қамтамасыз етуде бес негізгі бағыт бойынша (ұйымдастыру-талдау іс-әрекеті; педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру; оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту; ата-аналар қауымымен жұмыс; өзара іс-тәжірибе алмасу) арнайы іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі заман ағымының қарқынды өзгеруіне байланысты кез келген жағдайда жеке тұлғаның, яғни баланың өзін жақсы сезінуі, қоршаған ортаға бейімделе алуы өте маңызды. Осы орайда оқушыларды әлеуметтендіруде біздер, яғни ұстаздар қандай рөл атқарамыз? Әлеуметтену – адамның қоғамда табысты қызмет етуіне мүмкіндік беретін мінез-құлық үлгілерін, психологиялық көзқарастарды, әлеуметтік нормалар мен құндылықтарды, білімдерді, дағдыларды адамның жеке тұлғасына сіңіру процесі. Оқушылардың әлеуметтенуіне әсер ететін – қоршаған орта, мектеп және ата-ана тәрбиесі. Жеке тұлғаның қалыптасуына үлкен ықпал ететін тұлға – ұстаз. Қазіргі мектептің негізгі міндеттері – әр оқушының қабілетін ашу, лайықты және патриот, жоғары технологиялық, бәсекеге қабілетті әлемде өмір сүруге дайын адамды тәрбиелеу. Сондықтан тәрбие бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін береді деп ойлаймыз. Әрине, бұл үшін эмоционалды интеллектіні дамытуымыз қажет. Бәрімізге белгілі, эмоционалды интеллект – бұл әлеуметтік өзара әрекеттестіктің сәттілігін анықтайтын қабілеттер жиынтығы. Егер балалардың эмоционалдық интеллектісін дамытқымыз келсе, біз өзімізден бастауымыз керек. Адам қандай бағытқа қозғалу керектігін анық көріп, айналада не болып жатқанын түсінгенде ғана мақсатқа жетеді. Эмоционалды тұрақтылықты дамыту үшін тек позитивті ойлап қана қоймай, жасөспірімді өзіне және оның көңіл күйіне әсер ететін ситуацияларды қабылдауға және талдауға үйрету қажет. Философ Бенедикт Спиноза: «Біз даналықты үш түрлі жолмен үйренеміз: ойлану – ең негізі жол, еліктеу – ең жеңіл жол, тәжірибелі жол – ең ауыр жол», дейді. Расында, ақпараттық-әдістемелік көмекті қамтамасыз ету мәселесі – ауыр міндеттер жүктелетін қызмет. Ұстаздардың біліктілігін арттыру, әдістемелік көмек көрсету мақсатында өткізілген іс-шаралар мен оған қамтылған педагогтардың саны да артуда. Облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған мектеп директорларына арналған «Сапа менеджменті негізінде жалпы орта білім берудің бəсекелестігін дамыту» атты халықаралық ғылыми-практикалық семинар, «Қазақстан Республикасының жалпы білім беру ұйымдарында қазақ тілі мен әдебиетін оқыту, көптілді және билингвалды білім беру мәселелері» атты республикалық семинар өтті. Сонымен қатар облыстың білім беру ұйымдарын ақпараттық-əдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етудің тиімді тəжірибесін тарату мақсатында «Жамбыл облысы əкімдігі білім басқармасының оқу-əдістемелік кабинетінің қызметін ұйымдастыру тəжірибесі жəне даму болашағы» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық семинар, «Үш тілде білім беретін мектептердегі дарынды балалармен жұмыстың заманауи əдістері: жаңашылдық пен тəжірибе», «Заманауи колледж кітапханасы: мамандар көзімен» атты республикалық семинарлар ұйымдастырылды. Одан бөлек «Тірек мектептің (ресурстық орталықтың) жұмысын тиімді ұйымдастыру» тақырыбындағы республикалық семинар-кеңес, «Рухани жаңғыру: туған жердегі киелі орындар, зерттеу, оқып үйрену» тақырыбында география пәні мұғалімдерінің республикалық ғылыми-практикалық конференциясы, «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту: Ізденіс. Тәжірибе. Нәтиже» тақырыбында Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласына тәжірибе алмасу вебинарлары өткізіліп, республикалық деңгейде іс-тәжірибесімен бөлісті. Бүгінде үздік, озық тәжірибелі ұстаздар «САБАҚ TIME» аясында ашық сабақтар өткізуде. Бұл жоба пәндерді оқытуда педагогтардың практикалық және пәндік құзыреттіліктерін арттыру, кәсіби қарым-қатынас пен ынтымақтастық аясын кеңейту, педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, жаңашыл педагогикалық тәжірибелер мен идеяларды насихаттау, инновациялық мектептердің іс-тәжірибесін тарату, кері байланыс ұсынуға жағдай жасау мақсатында өткізілуде. Сондай-ақ «1+10» жобасы іске асырылуда. Жобаның мақсаты – білім беру ұйымдарында үздік педагогтардың озық тәжірибелерін насихаттау, тьюторлық қызметті жандандыру. Жобаның міндеттері – шебер-педагогтардың тәлімгерлік тәжірибесін анықтай отырып, тәлім алушылардың кәсіби өсуіне мүмкіндіктер беріп, білім берудегі тьютор мәселелеріне педагогикалық қауымдастықтың назарын аудару және тәлімгерлік саласындағы білім беру ұйымдарындағы педагогтардың қызметін ынталандыру. Жобаны іске асыруда «Үздік ұстаздан – үздік нәтиже» кезеңінің жоспары бекітілді. Сауалнама, зерттеу қорытындысы бойынша тәжірибелі ұстаздар «Зерттеу сабақтары – даму мен ілгерілеудің формуласы», «БЖБ және ТЖБ жұмыстарын ұйымдастыру тәртібі», «Білім алушыларды ҰБТ-ға дайындаудың тиімді жолдары», «Дарынды бала – бақытты ғасыр кепілі», «Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі – оқыту сапасын арттыру кепілі», «Білім берудегі инновациялық технологиялар: тәжірибе, ізденіс және даму перспективалары» тақырыптары аясында вебинар ұйымдастыруда. Екінші кезең бойынша жауапты педагог тәлім алушылармен жұмыстың тиімді тәсілдерін қолдану әдістемесі бойынша шеберлік сабақтар, семинар, вебинар, «дөңгелек үстелдер» арқылы тәжірибе алмасып, педагогикалық коучингтер базасын құрады. Қорытынды кезеңде жобаны іске асыру нәтижелерін сапалық және сандық талдау жүргізе отырып, тәлім алушылар үздік қысқамерзімді жоспарлар, бағалау тапсырмаларының жиынтығын, дарынды оқушылармен жұмыс үлгілерін, зерттеу сабақтарының нәтижелерін ұсынады. 2024-2025 оқу жылында әр топтың тәлім алушылары өз ауданынан 5 жас маманға әдістемелік көмек көрсету мақсатында топ жинақтап, каскадтық жүйе бойынша жұмыс жүргізеді. Көшбасшы мұғалімдер құзыретті тәлім алушыларды дайындау үшін тәлімгерлік үдерісін ендіріп, мұғалімдер көшбасшылығын дамытуға күш салады. Педагогтар арасында ынтымақтастық орнатылып, тәжірибе алмасу, мектептер арасында «көпіршелер» тұрғызу, сол арқылы мұғалімдердің кәсіби шеберліктерін арттыруда іс-тәжірибелерін жетілдіруіне, оқушы үнін назарға алуға, сабақ әдісін жоспарлауға, бағалау тапсырмаларын дайындауға басымдық береді. Қазіргі таңда еліміздегі білім беру жүйесінің ең басты міндеті – білім берудің ұлттық моделіне өту арқылы жас ұрпақтың білім деңгейін халықаралық дәрежеге жетелеу. Бәсекеге қабілетті интеллектуалдық күші жетік маман кадрлар болмайынша, әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай экономика дамымайды. Қай заманда да өркениеттің өрлеуі интеллектуалдық шығармашылық қабілеттің негізінде іске аспақ. Мұғалім білімін көтермей, кәсіби шеберлігін шыңдамай, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие берем деу қазіргі заман талабына сай келмейді. Бұл бізге үлкен жауапкершілікті жүктеп отыр. Оның үдесінен шығу – біздің үлкен міндетіміз. Шахризада УСЕРОВА, облыстық оқу-әдістемелік орталығының басшысы