Учаскелік инспектор жеткіншекті өрттен құтқарып қалды
Учаскелік инспектор жеткіншекті өрттен құтқарып қалды
«Батырлар тек соғыста ғана танылады» деген бекер. Батырлық – тек атойлап атқа мініп, жауға шабу емес. Бейбіт заманда да ерліктің білекте емес, жүректе екенін өмірде орын алған оқыс оқиғаларда қара басын қатерге тігіп, адамды ажал аузынан арашалап қалған қаһармандар дәлелдеп жүр. Бейбіт заманда да небір ерлік жасалады. Өмір мен өлім қатар келген қас қағым сәтте әрбір адамның бойында болатын қорқынышты жеңіп, жанкешті әрекеттерге барған талай ержүрек азамат бар қазақта. Өзіміздің өңірде де ерлігімен көпке үлгі болып жүрген қайратты азаматтар қаншама. Осыдан бірнеше күн бұрын, нақтырақ айтсақ, 15 қарашада облыс орталығының ықшамаудандарындағы көпқабатты үйлердің бірінен баланың айқайлаған даусы шыққан. Оны естіген осы үйдің 2-подъезінде орналасқан учаскелік пункттің полиция қызметкері далаға жүгіріп шығады. Ол 5-қабаттың балконында пәтерден шыққан өрттен қорқып, айқайлап тұрған кішкентай баланы көреді. Учаскелік полиция инспекторы Сәбит Жүрмұхамедов бірден 5-қабатқа көтеріліп, көршілерден балға алып, пәтер есігін бұзып ашқан. Полиция қызметкері көк түтіннің арасында жылап тұрған 6 жасар баланы тауып, тез арада сыртқа алып шығады. Содан соң «102» арнасына қоңырау шалып, өрт сөндіру қызметі мен жедел жәрдем жіберуді сұраған. Өрт сөндіріліп, 6 жасар бала мен полиция қызметкері улы газдан улану диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Олардың жағдайы бірқалыпты. Оқыс жағдай орын алғанда жедел түрде әрекет етіп, өртсөндірушілерді күтпей, өз денсаулығы мен өмірін ойламастан баланы құтқару үшін пәтерге кіріп кеткен учаскелік инспекторға баланың анасы Сәния зор алғысын білдірді. – Сәбит дер кезінде әрекет етпегенде не жағдай болатынын тіпті елестете де алмаймын. Оған басымды иіп тұрып аналық алғысымды айтамын, – деді ол. Сонымен қатар антына адалдық танытып, жоғары кәсібилікпен шара қабылдай отырып, адам өмірін құтқарудағы әрекеті үшін полиция қызметкері облыстық полиция департаменті бастығының бұйрығымен марапатталатын болады. Ақтоты Жаңабай