Жаңалықтар

Қысқа-нұсқа

Қысқа-нұсқа

КӨЗГЕ АРНАЛҒАН ЖАТТЫҒУЛАР КӨРУ ҚАБІЛЕТІН ЖАҚСАРТА МА? Халық арасында «көзге арналған жаттығулар адамның көру қабілетін жақсартады» деген пікір қалыптасқан. Офтальмологтар көп жағдайда, әсіресе науқастың көзі қылиланғанда, көздің конвергенциясы бұзылғанда арнайы жаттығуларды жасауға кеңес береді. Алайда аталған жаттығулар көз ауруы болып саналатын миопияны, гиперметропияны, катарактаны, глаукоманы және тағы басқа түрлерін емдемейді. Себебі олардың ешқайсысының бұлшықетпен байланысы жоқ. Оған қоса бірде-бір беделді медицина ұйымы бұл жаттығуларды аталған ауруларды емдеу үшін қолдануды ұсынбайды. Көзге арналған гимнастиканың тиімді екенін растайтын бірде-бір сапалы ғылыми зерттеу де табылмады. «Mayo Research Center» және «Cleveland Clinic» (АҚШ) коммерциялық емес медицина орталығы, Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі және басқа да беделді медицина ұйымдары адамда миопия болса, көзілдірік не линза таққаны дұрыс екенін айтады. Кейбірі ота жасауға кеңес береді. Гиперметропия мен астигматизмді де дәл осылай емдейді. Оған қоса мамандар экранды аз қолдануға, кітап оқығанда немесе компьютерде отырғанда дұрыс жарық қоюға, дұрыс тамақтануға, күннен қорғайтын көзілдірік тағуға, темекі шекпеуге, офтальмологке барып, жүйелі түрде тексерілуге кеңес береді. Дегенмен көз ауруының кейбірі тұқым қуалайтындықтан бұл әдістер де көмектеспей қалуы мүмкін. ШАШТЫ КӨП ЖУСА, ТЕЗ МАЙЛАНА МА? Көпшілік «адам шашын қаншалық көп жуса, соншалықты тез майланады» деп ойлайды. 2021 жылы Миннесота университетінің және Майами университетінің (АҚШ) мамандары сусабынмен бас терісін жиі жуу шашқа қалай әсер ететініне қатысты зерттеу жүргізді. Олардың эксперименті екі кезеңнен тұрды. Оған 18-50 жас аралығындағы 60 әйел мен ер адам қатысты. Бірінші кезеңде адамдар басын сусабынмен бір жуып, кейін бір апта жумауы керек. Тіпті шашқа арналған түрлі майды, спрейді де жақпады. Ал екінші кезең төрт аптаға созылды. Ол кезде қатысушылар басын күнде жуды. Кейін шашты, оның құрылымын екі рет тексерген. Олар масс-спектроскопияны, газ хроматографиясын, электрон микроскопияны және сараптамалық бағалауды қолдана отырып, бас терісінің қаншалықты құрғақ, қаншалықты қорғаныс липидтерінің пайда болғанын, қаншалықты иістенетінін тексерді. Нәтижесінде күнде жуылған шаш тазарақ, жақсырақ болып шықты: күнделікті жуылған шаштың май бездері майды аз бөлген, қатты майланбаған. Қытайдың ғалымдары да зерттеу жасаған. Оған 1 500 ер мен әйел қатысты. Онда да адамдар аптасына бір рет, екі-үш рет, төрт рет, күнде жуып көрді. Нәтижесінде күнде жуылатын шаштың құрылымы жақсы болған. Ал тағы бір-екі зерттеуде шашты сирек жуудың зиян екенін жазған. Шашты сирек жуса, адамның басы қышиды, қайызғақ пайда болады, түрлі ауру шығуы мүмкін. «FACEBOOK» ҚОЛДАНУШЫЛАРЫНАН АЙЫНА 7,99 ДОЛЛАР АЛА МА? Интернетте «Facebooк» компаниясы қолданбасы мен сайтын қолданатындардан ай сайын 7,99 доллар алмақ» деген ақпарат тарады. Дегенмен «Facebook» компаниясы қолданушыларынан өз қызметін пайдаланғаны үшін ақы алуға қатысты ешқандай мәлімдеме жасамаған. Фактчекерлер оны растайтын басқа да ақпаратты таппады. Бұған дейін компанияның қолданушыларынан 4,99 доллар алатыны туралы да мағлұмат тараған. Кейін ол жалған ақпарат болып шықты. Айта кетерлік жайт, бұған дейін «Facebook» олардың web-сайт қызметі жарнаманың арқасында істеп жатқанын мәлімдеген. «Жоқ, біз сізден «Facebook»-ті қолданғаныңыз үшін ақы алмаймыз. Оның орнына біз «Meta Company» өнімдерінде жарнамаларды көрсету үшін жарнама берушілерден ақы аламыз. Бұл бізге «Facebook»-ті адамдардан ақы алмай-ақ барлығына қолжетімді етуге көмектеседі», деген компания өкілдері. Талғат Нұрханов