Жаңалықтар

Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі

Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі

«Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында осылай деп атап өтіп, өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне баса назар аударған болатын. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дегендей, әкенің мінезі, дағдысы бала бойына сіңірілетіні туралы дәлелдер халық арасында жиі айтылады. Егер әке мәдениетті болып, өзін рухани бай тұлға ретінде көрсете білсе, баланың бойына да сол үлгі егіледі. Сыртқы күш пен ортаның әсері қанша күшті болса да, ең алдымен, бала өзі жақсы көретін әкенің қасиетін бойына еріксіз сіңіреді. Әкесін сыйлап, әкеге қарап бой түзеген баланың тәрбиесі жөнді, болашағы жарқын болады. Отбасы – қоғамның негізі. Баланың болашақта жақсы азамат болып өсуі, жан-жақты тәрбиелі, білімді болуы отбасында берілетін тәрбиеге, оның ішінде әкенің тәрбиесіне көп байланысты. Қазіргі уақытта қоғамда ұл-қызына деген сүйіспеншілігін білдіре бермейтін әкелер көптеп кездеседі. Олардың дені сезімін іште бұғып ұстағанды дұрыс санаса, келесі біреулерінде әкелік сезім мүлде оянбауы мүмкін. Арамызда баласының маңдайынан бір иіскеу былай тұрсын, оның сұрағына жауап қатуға асықпайтын селқос әкелер де жетерлік. Көпшілігі тек балаға тегін беріп, қаржылай көмектесумен шектеледі. Балаға тек те керек, бірақ ең бастысы әке мейірімі, махаббаты, шапағаты мен шарапатының орны ерекше. Әке шаңырағы – теңдесі жоқ тұңғыш өмір мектебі. Қазіргі уақытта жұмысбасты аналар мен әкелердің барлығының бірдей балаларды тәрбиелеуге уақыттары бола бермей, соңында отбасындағы тәрбиеге жұмсалатын еңбек өте өнімсіз еңбекке айналуда. Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, «тегіне тартқан» дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Қазақ халқында «Бір бала бар – атадан өте туады, бір бала бар – кері кете туады» деген тұжырымнан баланың қандай болмағына негіз қалайтын әкенің өзі екенін ұмытпағанымыз абзал. Сонымен бірге қазақ «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деп жайдан-жай айтпаса керек. Бірақ өз кезегінде мектептің оқушыларға берер тәлім-тәрбие бағыттары, ер балалармен атқарып жатқан жұмыстары аз емес және оларды табыссыз деп айта алмаймыз. Бұл мағыналы істен баланың ата-анасы да шет қалмау керек. Тәрбиенің барлығын мектепке артып қою – үлкен қателік. Әр отбасы – жеке мемлекет. Ол мемлекеттің іргетасын қалаушы, басқарушы – отағасы, әке. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Алайда әке болу бар да, әке бола білу тағы бар. Өкініштісі сол, бала тәрбиесіне келгенде көп жағдайда отанасына – шешесіне ысыра салатын, жауапкершілікті сезінбейтін әкелер бұл күндері жетерлік. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда қоғамда әкенің орны төмендеп бара жатыр. Бұған себеп – жаһанданудың иірімінде ұлттық сананың әлсіреп, отбасындағы қазақы тәрбиенің берілмеуінен болып жатады. Қазіргі қоғамды толғандыратын мәселелердің бірі осы – әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру. Осы орайда осыдан 3-4 жыл бұрын бала тәрбиесіне әкелерді тартуды көздеген облыстық ардагерлер кеңесі жанынан әкелер кеңесі құрылды. Оның құрамына өмірлік тәжірибелері мол зиялы азаматтар таңдалды. Төрағасы болып Қонысбай Ильясов сайланды. Әкелер кеңесінің басты мақсаты – баланың бойындағы ермінезділік, өжеттік, мәрттік қасиеттерді әке арқылы қалыптастыру, бала мен әке арасында тығыз байланыс орнатуға бағыт беру, ер баланың өсіп жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше екендігін ұғындыру. Уақыт көрсеткендей, әкелер кеңесі ер балаларға тәрбиенің дұрыс берілуіне көп септігін тигізуде. Әкелердің қатысуымен әртүрлі бағыттағы іс-шаралар өткізілуде. Атап айтқанда, мектептерде, колледждерде оқушылармен, жастармен, балалардың әкелерімен кездесулер ұйымдастырылып келеді. Басқосуларда ер балаға арналған баяндамалар оқылып, пікірсайыстар өткізілуде. Осындай игі істер мен мектеп өміріне белсене қатысып жүрген әкелерді әр білім беру ошағынан табуға болады. Асқар тау әкесінің жанында ой-пікір бөлісіп, ақылын бойына сіңіріп, әке тәрбиесін алып жүрген балалардың қуанышы ерекше екенін байқап жүрміз. Жұмыстан бос уақытында әкенің балаға көңіл бөліп, әкелік мейірім-махаббат сыйлауы не деген керемет десеңізші?! Үздіксіз аққан судың тасты жаратыны сияқты үнемі осындай өнегелі істерге әкелерді қатыстырып, кеңес беріп отырсақ, оң нәтижелердің көп болатыны сөзсіз. Бала әкеден ерліктің, еңбектің, адамгершіліктің, іскерліктің, имандылықтың негіздерін үйренеді. Ұрпағын қатарынан қалдырмай, жан-жақты, ақыл-ойы жетілген азамат болып өсуі үшін моральдік, материалдық құндылыққа, жайлы тұрмыс, білім алуына, өнерін ұштауына, салауатты өмір сүруіне жағдай жасау – әкенің басты борышы. Сонымен бірге ақыл-парасаты, іс-әрекеті, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, киім үлгісі арқылы әке өз өнегесін көрсете білуі керек. Әке – ұлы күш пен сабырлылықтың иесі іспеттес. Әке баласының физикалық және рухани тұрғыдан мықты болып өсуіне көп мән беру керек. Сондай-ақ ұқыптылық, адалдық, мейірімділік, өзгелерге жақсылық жасау секілді адами қасиеттерді ұзын сонар әңгіме немесе ақыл айтып емес, әке өзінің іс-әрекетімен көрсете білсе, бала санасында мәңгі қалады. Қазіргі таңда баланың әкеден гөрі шешесіне иек артуы басым болып кетті. Меніңше, ұл рухты, намысты болып ержетуі үшін мейлінше әкесінің тәрбиесін көп көру қажет. Сонда бала әкенің бүкіл тұлғалық болмысына, өмірлік ұстанған принциптеріне қарап бой түзейді. Әкелеріміз бізге кезінде қандай ақыл, өнеге айтты, сол тәрибені біз өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек деп есептеймін. Әке тек ақылымен, сөзімен ғана емес, баласына жүріс-тұрысымен, мінез-құлқымен тәрбие беруге тырысу керек. Ақыл айтумен шектелу жеткіліксіз. Өзің шылым шегіп тұрып «темекі тартпа» десең, күнде ішкілік ішіп жүріп «араққа жақындама» деп ұрыссаң, «мені сұрағандарға «жоқ» деп айт» деп, бірақ ешқашан өтірік айтпауды талап етсең, «өсек айтпа» деп отырып көршіңді жамандасаң қандай тәрбие болмақ? Қысқасы, әке қандай болса, бала да сондай болатыны ықылым заманнан белгілі. Күн сәулесінің табиғаттағы маңыздылығы қаншалықты жоғары болса, отбасындағы тәрбие баланың дұрыс қалыптасуына соншалықты маңызды екені бәрімізге ақиқат. Әке өсиеті мен тәлім-тәрбиесінің маңызы ерекше. Қанша дегенмен жүрегі жұмсақ аналар тым еркелетіп жібергенде әкенің салмақты сөзі ауадай қажет болады. Әр отбасында отағасы балаларына әке болып ақыл беріп, керек кезінде олардың досы секілді сырласып, ой бөлісуге тырысқан жөн. Әке болып балаға жөн көрсету – жауапты міндет деп есептеген абзал. Баланың санасында әкесін тұлға ретінде қалыптастыруда ана рөлінің де басым екені белгілі. Әр отбасында ата-ана өз міндетін дұрыс атқарса, баланы дұрыс жолға саламын деп қиналмаса да болады. Себебі бала дұрыс өмір сүруді мына сіз бен бізден үйренеді. Баланың тәрбиелі болып өсуіне рухани отбасының тигізетін әсері мол. Әкені сыйлау, құрметтеу, оның отбасындағы орнын қастерлеп-қадірлеу – кез келген баланың перзенттік борышы. Әке өнегесін көріп өскен ұрпақ елін, жерін, халқын сүйетін, елінің болашағын, халқының қамын ойлайтын, жоғын жоқтайтын, парасатты, ой-өрісі кең, дүниетанымы жоғары, жан-жақты білімді, білікті, ұлтжанды тұлға болып қалыптасатыны анық. «Ата-анаға көз қуаныш, Алдына алған еркесі. Көңіліне көп жұбаныш, Гүлденіп ой өлкесі», деп Абай атамыз айтқандай, ата-ананың қуанышы, гүлденген үміт-арманы тек перзент сүю, оны тәрбиелеу екендігін есте сақтайық. Олай болса, ата-аналар қолымыздағы алтынымызды жақсылап тәрбиелейік және біздер олардың ең басты үлгі болар бейнесі екенімізді ұмытпайық. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, жақсы мінез бен асыл қасиеттерді ардақтай білейік, бойымызға сіңіріп, дарыта білейік. Орайы келіп отырғандықтан ата-аналарға бала тәрбиесіне қажетті кеңеске тоқтала кетсек, әлбетте, артық болмас. 1. Қуаныш, ашу, ауырсыну, нәзіктік, реніш бұл эмоциялардың барлығы қарым-қатынаста басты рөл атқарады. Ал бала үшін отбасы мен қоршаған орта арасында байланыс орнату маңызды. Қазіргі таңда ата-аналар тарапынан балаларға жылулық жетіспейтіндей көрінеді. 2. Әр баланың өзіндік сипаты мен ішкі түйсігі болады. Оны кітаптарда жазылған қатып қалған қағида бойынша үйретуге тырыспау керек. Әр адамның жеке көзқарасы мен мінезі болады. Сондықтан балаға еркіндік беріп үйреніңіз. Оны шынайы әлемнен жасырмаңыз. 3. Кез келген жерде әдепсіз баланы кездестірсеңіз, оның ата-анасы қандай тәрбие берген деп іштей ойланасыз. Ал тәрбиелі баланы жолықтырсаңыз, «Бұл баланың ата-анасы кім екен, қандай жақсы бала?» деп тамсанамыз. Дегенмен идеал адам жоқ. Сондықтан балаңызға дұрыс бағыт-бағдар берсеңіз, сіздің де балаңыз ел қызығатындай тұлға болып қалыптасатыны анық. 4. Баланың жас ерекшелігін ескеріңіз. Мысалы, үш жасар бала төрт жастағы бала­дан ерекшеленеді. Ал үш жасар бала мен он жасар баланың айырмашылығы аспан мен жер тәрізді. Балаңыз қанша жаста болса да оған сеніп, өзінің ойлануына мүмкіндік беріңіз. 5. Ата-аналар балаларының алдында керемет көрінгісі келеді. Баланың ақылды және мейірімді болып өсуі үшін оған үлгі көрсетуіміз керек екенін бәріміз білеміз. Десек те көпшілігіміз моральдік нұсқаулар тек бір жағдайда жұмыс істейтінін ұмытып кетеміз. Яғни сіз оларды өзіңіз орындап, ұстанған кезде ғана нәтиже береді. 6. Біз баламызға құрсақта жатқан кезден жоспар жасай бастаймыз. Олар өсіп, бізден де көп жетістіктерге жетсе екен деп армандаймыз. Бірақ бір қызығы, сіз армандаған мінсіз сәби болмауы мүмкін. Сондықтан баланың бойында сізге ұнамайтын нәрсені өзгертуге тырыспаңыз. Оны сіздің арманыңыздағыдай болуға мәжбүрлемеңіз. Бала кім болғысы келсе, сол адамға айналуға көмектесіңіз. 7. Балаңыздың балалық шағы қаншалықты бақытты болса, соншалықты бақытты болып өседі. Бұл ғалымдар дәлелдеген императив. Баланы балалық шақтан айыруға болмайды. Қазіргі мектептегі бала: сабақ, музыка, мектеп, спорт, шетел тілдерін оқудан соң бос уақыты қалмайды. Сондай-ақ үй шаруасына көмектескенін де қалаймыз. Дегенмен баланы балалық шақтан айырмау керек. Күнделікті жасайтын жұмысынан бөлек, демалуға да уақыт қалдыру керек. 8. Әрбір ата-ана баласының басқалардан жақсы болғанын қалайды. Ол жақсы оқып, спортта да үздік нәтиже көрсетсе деп армандайды. Бала бәріне үлгеріп, алда болуым керек деп санайды. Сөйтіп, бала өмірді шексіз бәсекелестік ретінде көреді. Бірақ біздің өміріміз тек күрестен тұрмайды. Өмірдің қазіргі сәтін сезіне білу керек. Балаңызға кез келген жағдайда жеңіске жету маңызды еместігін сіңіруге тырысыңыз. 9. Көпшілік ата-ана мінсіз болуға тырысады. Біздің балаларымыз біз өмір сүргеннен әлдеқайда жақсы жағдайда өмір сүреді. Біз баланың барлық қыңырлығына көнеміз. Жаңа ойыншық алғысы келсе, сөзге келмей алып береміз. Міне, осыдан кейін бала қоршаған ортасындағылар да бар айтқанын жасайды деп ойлайды. Екіншіден, келесі жолы қалаған затын әпермеген кезде балаңыздың көңілі қалады немесе ашуланады. Сөйтіп, бала өзімшіл болып өседі. Сол себепті балаға тәрбие бергенде мұқият болу керек. 10. Біздің әрекеттеріміз өз сөзімізге қайшы келіп жатады. Балалар әрқашан ата-анасының уәдесін есте сақтайды және олардың орындалуын күтеді. Бірақ ана мен әке бұл мәселені әрқашан соңына дейін жеткізе бермейді, кейде олар балаға уәде еткенін ұмытып кетіп жатады. Бұл отбасына деген сенімді әлсіретеді, қарым-қатынасты бұзады. Әсіресе бала үшін маңызды нәрсе ұмытылып кетсе, оның есінде қалады. Сонымен, бүгінгі әңгімеміздің тобықтай түйіні, бала тәрбиесіне жеңіл, жауапкершіліксіз, жүрдім-бардым қарауға мүлдем болмайды. Баланы сеніммен тәрбиелеу зор нәтиже береді. Балаңмен дос, сырлас бола біл. Ешқашан қаталдық – пен адамды адам ете алмайсың. Қатыгездік баланы ашындырады. Жүрегіне өшпенділік тудырады. Бетінен қақпа, бірақ белін буып жолға сал. Дүниедегі мақсаттың да, міндеттің де ең үлкені – ертеңгі күнге өнегелі, парасатты ұрпақ қалдыру. Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина профессоры, облыстық әкелер кеңесінің мүшесі