САМАРҚАНД ҚАЛАСЫНА ЖАСАЛҒАН САЯХАТ

0 10

Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жоспарына сәйкес жуырда тараздық 50 ардагер Өзбекстанның Самарқанд қаласына саяхат жасап қайттық.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Әбдікешованың ұйымдастыруымен ардагерлерге «Дмитрий и компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен Өзбекстан шекарасына дейін өте жайлы автобус бөлініп, шекарадан өткен соң да келісімшартқа отырған компанияның ыңғайлы көлігімен Самарқанд қаласына жеттік.
Екі күндік сапар барысында қаланың тарихи, мәдени ескерткіштерімен таныстық. Саяхаттың бірінші күні өз дәуірінде жарты әлемді жаулаған падишах, ұлы жиһангер Әмір Темірдің денесі жерленген «Гур-Эмир» кесенесін араладық. Ерекше архитектуралық үлгімен салынған, ішкі ою-өрнектері түгелдей алтынмен апталған бұл кесенеде оның ұлдары Шахрух пен Миран-шах және немересі Ұлықбек жерленген.
Келесі саяхат нысаны қаланың орталығындағы «Регистан» алаңы болды. Ол жерде бабамыз Жалаңтөс Бахадүр Сейітқұлұлы салдырған «Шердор», «Тилла қадир» және Ұлықбек медреселері орналасқан. Бұл 3 медресе де әлемге өз архитектуралық ерекшелігімен танымал. Әрқайсысы әр кезеңде салынса да бірегей ансамбль болып, біздің заманымызға баға жетпес бабалар мұрасы ретінде жетіп отыр. Қаладағы қайталанбас тарихи ескерткіштердің бірі, әрі бірегейі – «Биби-Ханум» мешіті. Әмір Темірдің сүйікті жары, Моғолстан мемлекетінің ұлы ханы Тоғылық Темірдің қызына арнап тұрғызылған сәулет өнерінің туындысы ардагерлерді ерекше әсерге бөледі.
Осымен бірінші күнгі экскурсиямызды аяқтап, кешке қарай еуропалық үлгідегі жайлы қонақүйде демалдық. Келесі күні ардагерлер Әмір Темірдің ең жақын адамдарымен Орта Азияға белгілі тұлғалар жерленген «Шахи Зинда» зират-пантеонына келдік. Бұл әлемге әйгілі қорымда Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың немере ағасы Кусама ибн Аббас сахабаның кесенесі ерекше орын алады екен.
Зират-қорым ХІ ғасырдан бері осы кісінің құрметіне «Шахи Зинда» деп аталған. Осынау аруақтар жатқан қасиетті орында Тараз қаласының ардагерлері атынан арнайы Құран оқылды.
Келесі барған тарихи орын «Ұлықбек» обсерваториясы деп аталады. Кешеннің алдында әрі әмір, әрі ғалым Ұлықбектің еңселі ескерткіші орнатылған. Ескерткіш алдына естелікке суретке түсіп, ұлы ғалымға бағыштап Құран оқыдық. Кезінде діндарлар талқандаған обсерваторияның қалдығын көріп болған соң Өзбекстан Республикасының бірінші президенті Ислам Каримовтың мәңгілік мекеніне бет алдық. Бұл жерде VIII-IX ғасырларда салынған мешіттің үстіне қайта тұрғызылған сәулет кешенін аралап, Ислам Каримовтың жатқан жеріне зиярат жасадық. VIII-IX ғасырларда салынған сәулет өнеріне жалғаса тұрғызылған (осы қорымда И.Каримовтың әке-шешелері де жерленген) кесене өте үйлесімді ансамбль құрғанына қарап, өзбек халқының бірінші президентіне деген құрметін анғардық.
Самарқандтағы тарихи орындарды аралап болғаннан кейін түс қайта жолға шықтық. Жолай ел астанасы Ташкент қаласына соғып, қала орталығын аралап, «Ташкент сити» сәулет орталығын тамашаладық.
Тараз қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қолдауының, облыс бойынша коммерциялық емес заңды тұлғалар бірлестігі Ассоцияциясының (төрайымы Айнұр Зәуірбекова) ұйымдастыруының арқасында Өзбекстандағы аса құнды тарихи мұраларды аралап, үлкен әсермен оралдық.

Сауранбек ЖАМАЛБЕКОВ,
Тараз қаласы ардагерлер кеңесінің
жауапты хатшысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.