ҚЫЗЫЛ ТЕҢІЗДЕГІ ТЕКЕТІРЕС

0 33

Өткен аптада АҚШ пен Ұлыбритания хусит әскери нысандарына шабуыл жасады. Әлемдік БАҚ Пентагон өкіліне сілтеме жасай отырып, Йемендегі 10-ға жуық хусит нысаны соққыға ұшырағанын хабарлады. Хуситтер деген кім? Қызыл теңіздегі кеме жолы неге жабылды? Бұл әрекет әлемдік саудаға қалай әсер етеді?

Қатаң мәлімдемелер

Бір жарым айдан бері хуситтер Қызыл теңіз арқылы қатынайтын сауда кемелеріне тосқауыл қойып, сауда-саттыққа кедергі келтіріп отыр. Бұл әрекетін тоқтатуға құлықты емес екенін де жасырмады. Сол себепті АҚШ пен Ұлыбритания соққы беруге шешім қабылдады. Олар хуситтердің дрон жасау орталықтары мен қару-жарақ қоймаларын атқылады. БАҚ-тағы ақпаратқа сәйкес, әскери нысандарға шабуыл жасау үшін «Томагавк» истребительдері мен зымырандары қолданылған.
Қазір Йемендегі нысандарға соққы жасау тоқтатылды. Алайда «Әл-Жазира» телеарнасына сұхбат берген АҚШ шенеунігі егер қауіп-қатер жалғаса берсе, тойтарыс беру әрекеттері жалғасатынын атап өтті. АҚШ президенті Джо Байден де ресми мәлімдеме жасады. Ол Ұлыбританиямен бірлесіп, Аустралия, Бахрейн, Канада және Нидерландтың қолдауымен Йемендегі бірқатар нысанға жасалған соққы сәтті болғанын мәлімдеді.
«Қажет болса, мен өз адамдарыммен халықаралық сауданың еркін қатынасын қорғау үшін қосымша шаралар қабылдаудан тартынбаймын», деп атап өтті АҚШ Президенті.
2023 жылдың желтоқсанында кеме қатынасын хуситтерден қорғауға арналған Коалиция құрылды. Ол «Operation Prosperity Guardian» операциясы деп аталды. Коалицияға 22 ел кіреді, бірақ Қызыл теңіздегі басты күшке екі держава – АҚШ пен Ұлыбритания ие.

Хуситтердің
мақсаты орындала ма?

Хуситтер үлкен аренаға 2004 жылы шыға бастады. Саясаткер Қазбек Майгелдиновтің айтуынша, Сауд Арабиясы жетекшілік ететін Араб коалициясы мен Йемендегі хуситтер арасындағы қақтығыс тоғыз жылға жалғасып жатыр.
«Хуситтердің басты мақсаты – Йемен ішіндегі саяси мәселелерді шешу. Қазір Йеменнің оңтүстік бөлігі хуситтердің иелігінде емес. Ал олар барлық елге тұтас билік жүргізгісі келіп, идеологияларын жүзеге асырып әлек. Олардың ұраны – АҚШ-қа өлім, Израильге өлім, ислам жасасын! Ал Палестина болса, саяси бағытта үлкен рөл атқарады. Тіпті хуситтерде жиырма жыл бұрын қабылданған Палестина күні деп аталатын мереке бар. Сондықтан хуситтер өз бағытынан бас тартпайды. Қазіргі теңіз үстіндегі бомбалау АҚШ пайдасына шешілсе де жердегі операция нәтиже бермейді. Айтып өткенімдей, Сауд Арабиясымен 9 жылдық қақтығыста хуситтер коалиция күштеріне қарсы тұру үшін қаруланып, жеткілікті тәжірибе жинады. Хуситтердің негізгі күштері Йеменнің ішінде, таулы аймақтарда орналасқан. Сонымен қатар олардың басты одақтасы Иран да шетте қалмайды», деді саясаттанушы Қазбек Майгелдинов.
Сонымен қатар саясаткер: «Жалпы Йемен, Израиль мен Палестина қақтығысы Таяу Шығыстың аймақтық деңгейінен әлемдік деңгейге дейін жетуі әлемдік одақтардың қалай әрекет ететініне байланысты. Мәселен, Ресей АҚШ пен Ұлыбританияның теңіз операциясына қатысты дауыс беруден бас тартты. Сондықтан нақты болжам обьективті көзқарасқа байланысты болмақ», деген пікірде.
Тарихқа шегінер болсақ, 2004 жылы көтерілісте сәтсіздікке ұшырағанымен хуситтер қаруларын тастамады, үкіметке қарсы партизандық әрекеттерін жалғастырды. Иранның қарулы және қаржылық көмегі оларды тіпті қанаттандырды. Есесіне Тегераннан келген бұйрықтарды орындауға және Иранға тиімді әрекет етуге міндетті болды.
Хуситтер қазір Йеменнің едәуір бөлігін, соның ішінде астанасы Сананы, сондай-ақ негізгі қалалар мен порттарды бақылайды. Иранмен серіктескен соң олар зымырандар мен дрондардың, соның ішінде 2000 шақырымға ұшуға қабілетті баллистикалық құрылғылардың негізгі арсеналын құрып алды.
2023 жылға дейін хуситтер көбінесе «ішкі мәселелерді» шешті, халықаралық деңгейге ішінара шығып, өздері бар екенін еске салып жүрді. Олардың соққысынан Сауд Арабиясы ең көп зардап шекті. Хуситтер Сауд Арабиясының мұнай терминалдарына бірнеше рет шабуыл жасап, жүздеген миллион доллар шығын келтірді. Соның бірі – 2019 жылы «Saudi Aramco» алып мұнай компаниясының терминалдарына жасаған шабуылы әлем жұртшылығының есінде қалды. Өйткені бұл теріс әрекет әлемдік мұнай бағасының 10 пайызға өсуіне себеп болды.

Жерден теңізге қарай…

Ал өткен жылдың күзінде жағдай өзгерді. Сауд Арабиясына жоспарланған «миссия» ысырылып, енді Израильге қарсы бағытталды. Қараша, желтоқсан айларында хуситтер Баб-эль-Мандеб бұғазында көзге түскен барлық кемелерге шабуыл жасай бастады. Алдымен олар Израильмен байланысы бар кемелерді нысанаға алса, кейін барлық кемеге жаппай қырғын салды.
Айта кетсек, Баб-эль-Мандеб бұғазы – Қызыл теңізді Аден шығанағы мен Үнді мұхитымен байланыстыратын, ені шамамен 30 шақырым және ұзындығы 109 шақырым болатын табиғи арна. Бұғаздың солтүстігінде Йемен, оңтүстігінде Африканың Джибути және Эритрея мемлекеттері жатыр. Бұғаз навигация үшін өте ыңғайлы, бірақ егер жағалаулардың бірін содырлар бақылай бастаса, ол бірден атыс алаңына айналады.
15 желтоқсанда «Maersk» деп аталатын әлемдік логистикалық алып компания Қызыл теңіздің үстімен жүруді тоқтатқанын мәлімдеді. Бұл даниялық мекеме хуситтердің шабуылынан зардап шеккен. Салдарынан әлемде жүк және сақтандыру бағалары бірден көтерілді (аптасына 4 пайыз өсім). «Мұның бәрі жақын арада әлемдегі инфляцияның өсуіне және логистикалық кестелердің бұзылуына ықпал етуі мүмкін», дейді сарапшылар.
Қазір әлемдік сауданың 10-15 пайызы Қызыл теңіз арқылы өтеді. Тек мұнай емес, астық, түрлі өнеркәсіптік тауарлар тасымалданады. Осыған орай 2023 жылдың 19 желтоқсанында АҚШ хуситтерге қарсы әскери операцияның басталғанын жариялады.
«Хуситтер 35-тен астам елдің 10 сауда кемесін нысанаға алып, ұшқышсыз ұшу жүйелері мен баллистикалық зымырандармен 100-ден астам соққы жасады», деп мәлімдеді АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остин. Осыған байланысты министр Бахрейнде өткен жылдың желтоқсанында коалиция құру қажеттілігін айтып, жұмысын түсіндіреді. Бұл коалицияға Ұлыбритания, Бахрейн, Канада, Франция, Италия, Нидерланд, Норвегия, Сейшел Аралдары және Испания қосылды. Олар бірге кемелерді патрульдеу мен қорғауды ұйымдастырды. Бір кездері Сомали қарақшыларын осылай жеңген еді. «Хуситтердің Сомали әріптестерінен айырмашылығы – олардың әрекеттері әлдеқайда жақсы ұйымдастырылған және қаруланған, сондықтан бұл жерде физикалық тұрғыдан тойтарыс беру мүмкін емес, оларға дрондар мен зымырандар қолдану керек», деп қосты АҚШ Қорғаныс министрі өз мәлімдемесінде.
«Politico» басылымы атап өткендей, Батыс елдері йемендік дрондарды өте қымбат қару-жарақпен атуға мәжбүр. Мәселен, «Languedoc» фрегатымен жұмыс істейтін француздық «Aster-15» зымыранының құны 1 миллион еуродан асады, ал бір Иран-Йемен дронының құны шамамен 20 мың долларды құрайды. Сондықтан Қызыл теңіздегі хуситтерге қарсы шабуыл тым қымбатқа түсуі мүмкін.

Қытай мен Ресей – Иранның
ең жақын досы

«The Guardian» газетінің мәлімдеуінше, Қытай мен Ресей қазір Иранның жаңа әрі ең жақсы достары. Сонымен қатар басылым АҚШ-тың Таяу Шығыста беделі төмен деп жазады. Иранның өзімен санасуға болатын күшке айналды. Ол қазіргі заманғы ресейлік «Су-35» бомбалаушы ұшақтары мен соққы беретін тікұшақтарына қол жеткізе алады. Өйткені Ресейдің Иранға экспорты артып жатыр. Сондай-ақ Мәскеу өзінің табиғи газ кен орындарын игеруге 40 миллиард доллар бөлуге уәде берді. Оның үстіне Иранның ядролық қарумен байланысты уранды байыту жөніндегі заңсыз бағдарламасы тез алға жылжып жатыр.
«Тегеранға түрлі санкциялар, остракизм және қоқан-лоқы енгізу нәтиже бермеді. АҚШ, Ұлыбритания және Израиль күшті қарсыласқа тап болды. Егер біз үлкен қақтығыстардан аулақ болғымыз келсе, шұғыл түрде жаңа дипломатиялық шешім қабылдауымыз қажет», дейді «The Guardian» сарапшысы Джон Грейс.

Гүлнар ЖОЛЖАН,
журналист

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.