ПАТША ҮКІМЕТІ КЕЗІНДЕГІ ҚАЗАҚТЫҢ МҰСЫЛМАНДЫҚ БОЛМЫСЫ

0 32

Қандай да бір ұлтты жаулаудың ең тиімді тәсілі ретінде рухани шабуыл жасау ұтымды екендігі белгілі нәрсе. Ал қазақты жаулауда осы рухани шабуыл тәсілі қолданылып, ислам дінінен ажыратуды көздеді. Ал ұлттық санасы жоғалған, діни сеніміне селкеу түскен халықты бүтіндей жаулап алу, әрине, оңай болары анық.

Патша үкіметінің қазақтарды шоқындыру жөніндегі белсенді қызметі 1808 жылдан басталған. Отарлау саясатының түпкі мақсаты – қазақ халқының оқу-ағарту саласы арқылы орыстандыру және дінінен, тілінен айыру, басқа халықтармен ассимиляциялау. Патшайым ІІ Екатерина 1785 жылдың 25 қараша күні жарлық шығарып, қазақ сияқты отарланған бейбақтарға дін мен оқуды қалай жүзеге асыру жайлы нұсқаулық береді. Осы құжатта келтіргендей: «…қырғыздардың (қазақтардың) арасына Қазан татарларынан іріктеп, бізге шын берілген, сенімді молдаларды жолдау қажет. Олар қазақтарға патшаға берілген рухта тәрбие жүзгізсін! Бұл молдалардың шығынын үкімет мойнына алып, үздік міндет атқарғандарға сый-сияпат беріп тұрсын», делінген. Қазақтарды шоқындыру Ресейдегі Духовный академияның әдістемесімен Қазан қаласы арқылы жүргізіліп отырды. Бұл мекеменің жұмысы ресми түрде 1862 жылдан қуатты бола бастады десе де болады. Патша үкіметінің қазақ даласында діни саясатын жүзеге асырушы, дін атын жамылған «указной» молдалардың қитұрқы қылықтарын фольклоршы ғалым Құрбанғали Халиди «Тауарих хамса» кітабында айтып өтеді. «Указной молда» – Ресей Сенаты 1868 жылы қазақтар арасында жандармериялық бақылау жасау үшін енгізген қызмет, лауазым.
1865 жылғы наурыз айында І Александр патша ерекше мәні бар мәселеге өз қолымен жазатын раскриптінде қазақтарды шоқындырып, орыстандыру туралы саяси құжатқа ресми түрде қол қойды. Құпия түрде біртіндеп, асықпай жүзеге асыруға бағыт алды. Қазақтарды шоқындырып, орыстандыру мәселесі «Святой синодқа» тапсырылып, миссионерлік саясат үшін мемлекеттен қыруар қаржы бөлінді. «Святой синод» қазақтарды православие дініне шоқындырып, орыстандыру мәселесін миссионер ғалымдарға тапсырды. Осы себептермен келешек миссионер кадрлардың дайындалуына ерекше мән беріліп, Қазан діни академиясының ашылуы, арнайы түрдегі «Орыстандыру палатасы» мен «Переселенческая контора», 1869 жылы Мәскеуде «Миссионерлік қоғамы» құрылды. Бұл бірлестіктер қазақтарды орыстандырып, шоқындыруға белсене кірісті. Қазақ еліндегі орыстандыру саясатын жүргізген отаршыл-миссионерлер Н.И.Ильминский, И.П.Остроумов, А.Е.Алекторов, Е.А.Малов, Е.Елисеев және тағы да басқалар ұзақ жылдар бойы белсене қызмет атқарды. Боданға айналған халықтың рухани болмысына терең бойлап ену үшін миссионер ғалымдардың алдына ол елдің дінін, тілін, әдебиетін, фольклорын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, тарихын, этнографиялық-психологиялық ерекшелігін жан-жақты терең танып, меңгеруді – басты шарты ретінде талап етті.
Қазақ халқы арасында исламның кең етек алып кетпеуін қадағалап, көршілес мұсылман халықтарының ықпалынан айырып, орыс мектептеріне баулу қажет деп тапты. Патша үкіметі түркітілдес жергілікті мұсылмандардың өзара бірігіп кетуінен үрейленді. Қазақты мұсылмандықтан ажыратуға бар күшін салып, мектептерде балаларға орыс тілі мен әдебиеті, Ресей тарихы, православиелік діни сабақтар жүргізілді. Сондай-ақ интернаттарда оқитын балаларды демалыс кездерінде ауылдағы әке-шешелеріне жібермейтін жайттар көп болған. Оның себебі, әке-шешелерінің қасында қалып қойып, жоғарыда айтып өткендей, мұсылмандардың бірігіп, рухани күшеюінен қорқатын еді.
Н.Ильминский бастаған орыс отаршыл миссионерлері қазақтарды орыстандыру мен шоқындырудың жаңа стратегиясын ойлап тапты. Демек, ислам – бұратана халықтарды орыстандыру жолындағы ең басты кедергі екенін түсіндірді. Мұсылмандықтан ажыратуға бар күштерін салды. Орысша білім беру арқылы шоқындыру ұлттық саясаттың басты мақсаты болды. Сондықтан миссионерлер қазақтардың оқығандарын исламның іліміне қарсы қойып, «жанашырлық» танытты. Олар «Ислам – сендердің ұлттық ерекшеліктеріңе қайшы келетін құбылыс» деп, мұсылмандықты әлсін-әлсін келемеждеу, орысша білімді мадақтау, араб алфавитінен бас тартқызу сияқты айла-амалдарды қолданды. «Қазақ мұсылман емес» деп ұлтсыздандыру жұмысын жүргізді. Дін шын мәнінде ұлттық тұтастықты ұстап тұратын ғаламат күш екенін отаршыл миссионерлер бірінші болып түсінді. Дінсіздік – сананы мәңгүрттікке әкеліп, жат өркениетке бас игізіп, мәдени-рухани ассимиляцияға ұшыратып, надандықта қалдырып, халықты ұлтсыздыққа душар ететін өте қауіпті дерт екенін жетік білді.
Патша үкіметінің айла- әрекеттерінің бірі – мұсылман халықтарында ғасырлар бойы қолданылып келе жатқан араб графикасы негізіндегі жазуын қолданыстан шығару болатын. Араб жазуын мұсылман халықтарының қолдануын қалайда ығыстырып, оның орнына кириллицаны енгізуді жүзеге асырып қалуда миссионер ғалымдар белсенділік танытты. Н.И.Ильминскийдің пікірінше, алфавит қай уақытта да дінмен бірге қабылданған. Мәселен, Батыс Еуропа латын алфавитін латын шіркеуі, орыстар грек алфавитін славян шіркеуі арқылы қабылдаған. Татарлар да өзге мұсылман елдері тәрізді араб жазуына ислам дінінің таралуына байланысты көшкен. Араб жазуы – оларды ислам дінімен байланыстырушы үлкен құрал. Сондықтан оның ойынша, түркі халықтарының жазуына орыс алфавитін енгізу арқылы «екі қоянды бір оқпен өлтіруге болады» дегендей, біріншіден, оларды мұсылман дінінен айыру, екіншіден, біртіндеп православие дініне көшіру еді. Бұл мәселеге миссионерлердің де, үкіметтің де ерекше мән беруінің басты себебі осында жатса керек. Орыс ағартушылары араб транскрипциясын қазақ тілі үшін жарамсыз деп тауып, араб тілінде және араб графикасы негізінде жазылған құнды колжазбалар мен кітаптарды түгел жоя бастады. 30-жылдары өкімет тарапынан Құран кітаптары қажетсіз, іске де жарамайтын қағаз ретінде жойылып жатты. Дін жанашырларынан бастап, өзін мұсылман деп таныған қарапайым халықтың арасында Құран кітаптарын қорлатпау мақсатында оны сақтап қалу үшін ата-бабаларының зираттарына көміп тастайтындар да кездесетін. Сөзсіз мұндай шаралардың барлығы мұсылмандық білім беру жүйесін әлсіретіп, тіпті кейіннен жойылуына апарып соқты.
Бұл жөнінде С.Граменицкий өзінің «Народное образование в Туркестанском крае» атты мақаласында мұсылмандық білім беру тарихына тоқталып, ислам дінін қаралап «так же как и христианству, ислам враждебен и науке» деп, оның білім мен ғылымға ешбір пайда әкелмейтінін сөз еткен. Патша үкіметінің миссионерлік саясатына Ы.Алтынсарин де қарсы шығып, дүниеден қайтқанша миссионерлік саясатпен ашық күресіп келген. Ол қазақ халқын оқуға, білімге тарту ісіне белсене араласқанымен қазақ мектептерінде христиан діні сабақтарын оқытуға батыл наразылық білдірген болатын.
Қазақ облыстарында үкімет орындары христиан дінінің жағдайын нығайту мақсатында шіркеу, монастырь, приходтар салу үшін жер және қаржы бөліп отырған. Сонымен бірге христиан дінін қабылдағандарға түрлі артықшылықтар жасап, оларға қолдау көрсететіндігін де танытты. Православиеге өткендерге жәрдем ақша бөліп отырды. Патша үкіметі жәрдем ақшаның мөлшерін белгілеуді жергілікті әкімшілік орындарының өз еркіне берді. Белгілі қазақ зерттеушісі Қ.Кемеңгерұлы «Қазақ тарихынан» атты еңбегінде: «Қазақты шоқындыру саясаты туды. Мұны орындау үшін ел арасына миссионерлер шыға бастады. Бұлардың ісі ұлттыққа зияндығы сезіле бастаған соң қазақтар қарсы құрал қылып, исламға өте бейімделді. Дүниеге қызығып шоқынған орыс қалаларындағы қазақ жұмыскерлерден, ашаршылық жылдарда өлім халіне жеткендерден, рудан пана таба алмай тығылған ғашық жарлардан бірен-саран шоқынғандар болды», деп пікірін айтып өтеді. Патша үкіметінің отаршылдық саясаты, қоғамдық өмірдің барлық салаларын орыстандыруға бағытталған әрекеті мұсылман халықтарының тұрмыс-тіршілігін тығырыққа тіреп, дағдарысқа ұшыратты.
Ал 1920-30 жылдары кеңестік билік діни қызметкерлерді, діндарларды азаматтық құқық пен еркін ойшылдықтан ажыратты, қазақ қоғамындағы дін мен діни тұлғалардың ықпалын жойды. Дін қызметкерлерін қоғамға қауіп төндіретін топқа немесе қылмыскерлерге теңестірді. Әсіресе көпшілік мойындаған ишандар, ахундар, молдалар тергеуге алынды, жеке мүліктері тәркіленді және имандылығына, сеніміне берік болғандығы үшін, өкінішке қарай, атылып кетті.
Қазақ халқының мұсылмандық сенім-танымы Ханафи, Матуриди және Ясауи ілімі арқылы қалыптасты. Қазақтың тарихи тұрғыдан мәдени, ұлттық болмысқа айналуы құбылысының мазмұнында ислам жатыр. Сондықтан қазақ қай кезде де өзінің қасиеті мен қорғанын исламнан, өзінің өткен тарихи жолынан іздеген. Кешегі моңғол шапқыншылығы, жоңғар зобалаңы, орыс отаршылдығы, керек десеңіз, кеңестік режимнің қыспағы кезінде де халық өз дінінен пана тапқан. Қазақ халқы өз тарихының қай кезеңінде болмасын ең бір қиын-қыстау замандар мен тығырыққа тірелген күндерде елді ұйытып, рухани жағынан тәлім-тәрбие беретін рухани көсемдері – сопы, әулие, ишандарды, ахундарды тарих сахнасына шығарып отырған. Кейбір осындай тұлғалар жалпыхалықтық деңгейге көтеріліп, олардың іс-әрекеттері мен қызметтері ел есінде ұмытылмастай сақталса, кейбір тұлғалардың қоғамдық қызметтері аймақтық деңгейде болып, олар сол өңірлердегі халықтың жадында жатталып қалды. Отарлық езгінің күшеюіне қарсы тұра алатын, елді шашыратпай ұйыта білетін, отарлаудың бір бөлігі болып саналған шоқындыру саясатына рухани бірлік пен имандылықты тосқауыл етіп, ту еткен тұлғалардың тарих мінберіне көтерілуі табиғи құбылыс еді.

Бақтияр АЛПЫСБАЕВ,
дінтанушы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.