ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ҚАҒИДАЛАРЫ

0 15

Қаржылық сауат – қолдағыны ұқсату ғана емес, табысты тұлға тәрбиелеп, қарызсыз қоғам құрудың қағидасы. Несиені несібем деп, ай сайын тапқаныңды берешекке берумен күн кешу дұрыс емес. Халықтың қалтасының қампаюына мемлекет те мүдделі. Бұл бағытта Үкімет 2020 жылы «Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітті. 
Тұжырымдаманың тұздығы – ел тұрғындарын жеке және отбасылық бюджетті тиімді басқаруға баулу. Бүгінде қаржылық сауаттылық – қолдағы ақшаны тиімді жұмсау деген тар түсінік шеңберінде қалып тұр. Тұжырымдама осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қаржылық сауаттылық құрамын қалыптастырды. Сонымен, қаржылық сауаттылық –ақшамен байланысты қызметтер мен құралдарды пайдалана алу, қаржыны басқару, қаржы жүйесінен хабардар болу. Соңғысының салмағы ауыр. Себебі банк ұсынатын пайыздар, зейнетақы қорына жасалатын аударымдар мен салықты қадағалауға халық құлықсыз.
Бағамдасақ, ақша – жақсы өмірге жетелейтін, білім белесін бағындырудың, қоғамға қарайласып, әлемді танудың таптырмас құралы. Сондықтан болса керек, кейінгі 3-5 жылда халық арасында қаржы қағидасын білуге құлшыныс танытқандардың қатары қалыңдап келеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынған мәліметтерге сенсек, 2021 жылы азаматтардың қаржылық сауаты 39,52 пайызды құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 0,45 пайыздық тармаққа артқан. Әсіресе «жеке қаражатын басқару» сегментіндегі деңгей жоғары болып тұр (42, 57 пайыз).
Сондай-ақ халық санасында ақшаны қалай жинаған дұрыс деген сауал өзекті. Қаржыгерлердің беретін бірінші әрі маңызды кеңесі – ай сайынғы табыстың 10 пайызын үзбей жинау. Жинаудың мақсаты мен мөлшері, мерзімі айқын болғанда негізсіз ақша жарату тәуекелі төмендейді. Қаржыны жаратуды жоспарлау да ақша жинаудың алғышарты. Сондай-ақ күнделікті қажетіңізге ақшаны қолда ұстау да эмоциялық сатып алуларды азайтып, жинап жатқан қаржыңызды көбейтеді. Ал ақшаны банк картасында, депозитте немесе үйде жинау әркімнің өз құзыретінде.
Қаржылық сауатты арттыру сұранысы жыл жылжыған сайын артып келеді. Оған тұрғындардың ақшасын негізсіз жаратуымен бірге, алаяқтық әрекеттердің құрбаны болуы да әсер етуде. Осы орайда «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» ақысыз жобасын қолға алды. Банкке берешегі бар және жеңілдетілген несиемен кәсіп бастағандардың басын қосып, ақшаны тиімді басқаруды үйрететін жоба аясында 1 жылда 80 мың тұрғынды қамту жоспарлануда. Басымдық ауылдағы ағайынға бағытталған.
Цифрлық технологиялар қарыштаған дәуірде жаңашылдықтың қадамынан қалмау үшін «қаржылық сауатты» ерте жастан білген абзал. Мұның бір шешімі – мектеп қабырғасында қаржы қағидаларын меңгерту. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Құрылтайда: «…Жастар ақпаратты қорыта білуді, уақытын дұрыс пайдалануды, қаржы сауаттылығын мектеп қабырғасынан біле бастауы қажет. Өскелең ұрпақты түрлі ойындарға құмар болудан сақтандыру керек. Жеңіл жолмен пайда табу жақсылыққа апармайтынын үнемі түсіндіріп отырған жөн. Адал табыс адал еңбекпен келеді», деп бастама көтерді.
«Ақшада көз жоқ» деп халық бекер айтпайды. Көзсіз дүниені бастағы көзбен, санамен басқару – тұлғалық жауапкершілік. Олай болса, табысты өмір сүру өз қолыңызда екенін есте ұстаңыз, оқырман!

Жұлдызай МҰСАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
3-курс студенті

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.