Оппозициядан кандидат Нұрлан Әуесбаев ҚР ОСК-ге құжаттарын тапсырды

0 113

Бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын өткізді, деп хабарлайды Arainfo тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Нұрлан Әуесбаев ОСК-нің кандидат құжаттарын қабылдау комиссиясына:

— жеке куәлігінің көшірмесін;

— республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы отырысының ҚР президенттігіне кандидатты ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме мен түпнұсқасын;

— ҚР президенттігіне кандидаттың дауысқа түсуге келісімі туралы өтінішін;

— ҚР президенттігіне кандидаттың өмірбаяндық деректерін;

— ҚР президенттігіне кандидаттың Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжатын;

— дипломдарының көшірмелерін;

— мемлекеттік қызметтігі немесе сайланбалы лауазымдағы жұмыс өтілі туралы мәліметтерін тапсырды.

«Көңіл күйім өте жақсы. Әрине, қобалжу болды. Құжаттарымның бәрін қабылдап алды. Кандидат ретінде тіркелгенімді не тіркелмегенімді екі күннің ішінде хабарлайтын болды. Азаматтардың 118 мыңнан көп жоғары қолын жинай аламын деп сенемін. Мені қолдайтын халық, күшті партия бар. Еліміздің патриоты ретінде Президентімізді сыйлаймын. Ал додаға кім жеңілемін деп түседі?! Жеңуіміз керек!», — деді Нұрлан Әуесбаев құжаттарын тапсырғаннан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Еске салайық, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Нұрлан Әуесбаевті кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде ұсынғанын жазған болатынбыз.

Бұған дейін «Аманат» Қазақстан кәсіподақтарының достастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінен президент сайлауына үміткер Мейрам Қажыкен, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінен үміткер Жигули Дайрабаев Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырған еді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.