Мектептерде отбасының табысы мен ата — анасының несиесі туралы деректер жиналмайды – министр
Мектептерде отбасының табысы мен ата — анасының несиесі туралы деректер сұратылмайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Алматыда халыққа есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды Arainfo тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Министрмен кездесуге келген ата-аналардың бірі, мектептерде оқушылардың отбасы туралы деректер жиналып жатқанын айтты.
«Қазір мектептерде ата-аналарға көптеген сауаланамалар толтыртып жатыр. Мысалы, жұмыс орны, табысы, несиесі, үйі бар ма? деген сияқты қисынсыз сұрақтарға жауап беруміз қаншалықты заңды»,— деп сұрады алматылық.
Асхат Аймағамбетов бұл заңсыз екенін атап өтті.
«Сіз, нақты қай мектеп екенін айтыңызшы. Біз міндетті түрде шара қолданамыз. Білім мекемелерінің ондай сауал жолдауына құқығы жоқ. Яғни, ата-ананың табысы мен несиесі туралы ақпарат жинақталмайды, сұратылмайды»,- деді Асхат Аймағамбетов.