Төрткүл дүниедегі тарихи құпиялар

0 52
  • Тарих қойнауы талай-талай сырға толы. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі уақыт құмының астында қалып қойып,зерттеушілердің де пікірі бір арнаға тоғыспай келе жатыр. Ендеше назарларыңызға ғасырлар бойы табылмай, сыры ашылмай келе жатқан тарихи құпиялар тізімін ұсынамыз.

Король Артур өмірде болған ба, болмаған ба?

Камелот сарайы, дөңгелек үстелде

отыратын рыцарьлар, сиқыршы

Мерлин, Экскалибур қылышы…

Иә, бұл ортағасырлық ертегілер

мен романдардың аты аңызға

айналған қаһарманы – Король Артур. Ол әділ билеуші, ар-намыс пен рыцарьлық кодты қорғаушы ретінде адамдар есінде қалды. Дегенмен қазіргі заманғы бірде-бір тарихшы бұл адамның шынымен өмір сүргенін нақты айта алмайды.

Ғалымдар бірнеше рет Артурдың аңызға айналған бейнесін сол немесе басқа тарихи тұлғаға жатқызуға тырысты, бірақ барлық әрекеттер нәтижесіз аяқталды. Артур патша туралы ең алғашқы сілтемелер ІХ ғасырға жатады және олар саксондармен бірнеше шайқасқа қатысқан көшбасшы (тіпті патша емес) ретінде суреттелген. Бұл дәлелдердің дұрыстығы күмәнді және көптеген зерттеушілер оны байыппен қабылдамайды. Біраз уақыттан кейін, ХІІ ғасырда Артур патшаның тұлғасы Францияның солтүстігінде өлеңмен жазылған ортағасырлық рыцарьлық романстардың циклінде пайда болды. Бірақ бұл тек әдеби шығарма, тарихи құжат емес.

Ұлыбританияда дәстүрлі түрде Король Артур туралы аңызбен байланыстырылатын бірқатар ескерткіштер бар. Мысалы, болашақ патша дүниеге келген деп есептелетін Тинтагельдің қазіргі қираған сарайы. Алайда қамал қирандыларының орнында жүргізілген археологиялық қазбалар кезінде ғалымдар Король Артурдың жеке басының шындығын растайтын ешқандай дәлел таба алмады.

Оук аралының қазыналары

Үш жүз жылдан астам уақыт бойы қазына іздеушілердің арманы болған арал – Оук. Арал Канаданың Жаңа шотландия жағалауында орналасқан. Оукта шотландиялық теңізші және қарақшы Уильям Кидд (1645- 1701) қалдырған қазына бар екені айтылады. Бұл қазыналарды іздеуге көптеген экспедициялар жіберілді, оған миллиондаған доллар жұмсалды, бірақ ешқайсысы нәтиже бермеді. Бүкіл зерттеу кезеңіндегі жалғыз құнды олжа – испан мыс монетасы. Дегенмен энтузиастар үмітін үзбей, қарақшылар қазынасын іздеуді жалғастырып келеді.

Тіпті аралдағы қазына шоу бағдарламалардың негізіне айналды. 2014 жылы Америка Құрама Штаттарында

«Емен аралының қарғысы»телехикаясының тұсауы кесілді, онда Мичигандағы екі ағайынды аралдан жасырын артефактілерді табу үшін заманауи технологияны пайдаланады. 2020 жылы американдықтар арал туралы 8 маусымды фильм түсіре бастады.

Қасиетті сандық

587 жж Жаңа Вавилон патшалығының патшасы Навуходоносор II қолбасшылық еткен әскер Иерусалимді басып алып, қаланы тонап, еврейлердің басты ғибадатханасы – Сүлеймен храмын қиратты. Аңыздарға сәйкес, бұл ғибадатханада көне жәдігер – қасиетті сандық бар еді. Бұл туралы алғашқы жазбалар Інжілде айтылған. Сандықта он өсиет жазылған екі тас болған екен. Қасиетті сандықтың кейінгі тағдыры белгісіз. Кейбір дереккөздерде сандықтың Вавилонға апарылғаны, басқаларында еврейлер оны Иерусалим құлағанға дейін жасырып үлгергені айтылған. Сандықтың жоғалуы оның болашақ тағдыры туралы көптеген аңыздарды тудырды. Кейбір аңыздарда оны кемемен Эфиопияға апарған, сандық әлі де сол жерде сақтаулы тұр делінеді. Басқаларында, сандықты еврей құдайы құтқарып, жасырған және оны адамдарға Мәсіх келгенде ғана қайта көрсетеді.

Жоғалған Атлантида

Жер бетінен жоғалып кеткен Атлантида туралы аңыз көп. Бүгінге дейін ең ежелгі әрі қызықты құпия осы Атлантида шығар. Бұл ел цунамидің немесе жер сілкінісі кезінде су астында қалған деген дерек бар. Грек данагөйі Платон оны Гибралтар бұғазына жақын маңдағы үлкен арал етіп сипаттайды. Зәулім ғимараттары бар дамыған мекенде Посейдон Құдайының шіркеуі бар делінген. Оның бар-жоғын білушілер мыңдап табылғанымен, ешқандай да дәлел әлі күнге кездеспеген. Тарихшылардың Оңтүстік Америкада, Грек аралдарында немесе Антарктика тұстарында орналасуы керек деген болжамының күлі көкке ұшты. Атлантида – ежелгі грек аңызы бойынша Атлант мұхитында болған құрлық немесе арал. Алғашқы деректер біздің заманымыздан бұрынғы ІV ғасырда жазылған Платонның «Тимей» және «Критий» диалогінде Геркулес бағанасының (қазіргі Гибралтар бұғазы) артында, теңіз суының ортасында орналасқан құрлық ретінде айтылады. Атлантида туралы екі мыңнан астам кітап жазылған. Қазірге дейін жұмбақ болып келген Атлантиданың қай уақытта және қай жерде орналасқаны жайлы жаңа болжамдар жасалып жатыр. Әр уақытта ғалымдар әр жерде табылған қалдықтарды Атлантида құрлығы екенін дәлелдеуге тырысып келе жатыр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.