ОЗЫҚ ОЙЛЫ ОСПАНОВТАР ОТБАСЫ

0 26

Ұлы дала төсінде ұлағатты ғұмыр кешкен ата-бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған. Міне, сондықтан да бағзы дәуірде «Балалар үйі» деген ұғым мүлде болған жоқ. Ал беріде қараусыз қалған қара домалақтарды қанатының астына алып, қамқорлық танытатын мекемелер пайда болды. 

Туған перзентінен бас тартатын аналар, ұл-қызын балалар үйінің есігінің алдына қалдырып кететін келіншектер көбейді. Бұл тұрғыда біреуді кінәлау да қиын. Дегенмен көздері жәутеңдеген ұл-қыздарымыздың әрқайсысы мейірімге мұқтаж, отбасы бақытын сезінгісі келеді. Мұндай бүлдіршіндерге көңіл бөліп қана емес, ас-ауқатын дайындап, төрден орын сайлап, өз перзентіңнен кем етпей тәлім-тәрбие беру – бұл ешқандай талдау жасап, міндет-мақсат артуға келмейтін, Алла мен адамның алдындағы сауапты һәм үлгілі іс.

Балалар үйінен жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектерді қамқорлығына алып, оларға сүйікті ата-ана болып отырған отбасылардың бірі – Оспановтар әулеті. Игі амалдарға себепші жанұя жетімдер үйінен Наталья, Анастас, Альбина, Фёдор, София, Роман, Ясина, Салих, Фатих есімді төрт грек және екі неміс ұлтының балаларын бауырына басқан. Отағасы Марат Балпықұлы – «Жанашыр жан» қоғамдық қорының директоры, республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің облыс пен Тараз қаласы бойынша өкілі. Жақында шаттық ұялаған шаңырақ тағы бір перзентпен толықты. Он баланың әкесі нәрестенің есімін Захид деп қойыпты. Бұл есім «Аллаға ең жақын құл» деген мағынаны береді екен. Сәби өмірге келгенде әсіресе балаларының қуанышында шек болмапты. Отағасының айтуынша олар қазір де сәбидің тәтті қылықтарын тамашалаудан жалықпайды.

Марат Балпықұлының отбасы Жамбыл жұртшылығына етене таныс. Кейіпкеріміз қайырымдылық істерге атсалысып жүріп, тастанды балалардың жанына жылу сыйлауды арман етті. Алайда үйі жоқтың күйі жоқ екені белгілі. Сөйтіп, ертерек баспаналы болуға асыққан. Отанасы ұстаз, теолог Жайна Сапарбекқызы отағасының бұл ұсынысын қуана қолдай кетті.

Мұндай қадам кім-кімге де оңай тимесі анық. Заң жүзінде жетімдер үйінен бала асырап алу барысында психологиялық тұрғыдан болсын, бала мен ата-ана жан-жақты үйлесім табуы шарт. Яғни бір-бірін зерттеу процесі жүреді. Сондықтан алғашқы уақытта ата-ана мен балалар бір-біріне үйренісу мақсатында жеткіншектер Оспановтардың отбасына тек қонақ болып қана келіп, қайта балалар үйіне кететін.

Бал ал ард ы асықтырам деп қорқытып алмай, мейірім-махаббатымен жүрек теріне ақырындап жол табуды ойлаған әке: «Бізді «аға, әпке» деп атасаңдар болады, өз еріктерің, сендер әзірге қонақсыңдар. Уақыт өте келе бір-бірімізге бауыр басқан соң, қалай ұнайды, солай атарсыңдар», деп ашық айтқан еді. Мұны естіген Федя сәлден соң: «Біз әзірге қонақпыз, білем, «аға, әпке» деп атай берсеңдер болады» деп жатыр ғой. Бірақ мен сіздерді осы бастан «анашым, әкешім» деп атаймын», деп анасының аяғын құшақтай алған екен. Ата-ана аңсаған баланың шынайы сезімінен туындаған ыстық ықылас сол сәт Марат пен Жайнаның жүрегін нұрға бөлеп, бүлдіршіндерге көрсетпей, оңашада жылап алып, алдағы уақытта қиындықта қайыспай, балалармен бірге болуға уағдаласады. Сол Федя бірде спорттық жарыстан алған мақтау қағазына «Федя Маратұлы» деп жаздырып келіп, бар болмысымен осы отбасының тұңғыш ұлы екенін дәлелдепті.

Толғауы тоқсан тіршілікте түрлі жағдайлардың орын алуы заңдылық. Бұл балғындардың да ата-аналары болған. Бірақ өмірдің ағысымен әр арнаға бет бұрып кеткен. Ата-аналық құқығынан айырылған. Өз балаларын тағдырдың талқысына тастап кеткен аналардың да өзіндік түсінуді қажет ететін себептері болған шығар. Оқырман көкейінде «Туған ата-аналары перзенттерін сағынып, дидарын көруді аңсап бір рет болсын іздеп келді ме екен?» деген сауал тұрған болар. Бұл сұрақтың жауабын кейіпкеріміздің өзі баяндасын.

– Ерлі-зайыптылар мұндай істі әбден иін қандырып барып бастауы керек. Істің басы – ниет. Біз балаларды қамқорлыққа алу барысында барлық сынақтан өтіп, дайын болғанбыз. Ең алдымен Алланың разылығы мен балалардың бақыты үшін осы ниетімізді іске асырдық. Мен алған балалар екі отбасынан. Яғни олар туған бауырлар. Бір отбасының балаларын бірде әкелері іздеп келген. Мен жеке-жеке сөйлесіп: «Әкелерің келіп тұр. Кездескісі келеді», дедім. Сонда бірі әкесін күрекпен қуып жүріп ұрған, енді бірі басқа да келеңсіздіктерді есіне түсіре бастады. Бала жүректерімен өкпе-реніштерін ұмыта алмай, жанарлары жасаурап, туған әкелерімен кездесуден бас тартты. Сөйтіп, әкелерінен кешірім сұрап, күндердің күнінде балалардың өкпесі жазылар деген ниетпен нөмір алмасып, шығарып салдық, – деді көпбалалы әке.

Жақыным деген жандары да осылай жатқа айналып, ең аяулы адамдарынан көңілі қалған баланың жүрегінде «ешкімге керек емеспін» деген ой сіңіп қалады. Ол сол сезіммен есейіп, ер жетеді. Қайда жүрсе де, ол сезімнен арыла алмайды. Бұл балалар да өздерін әлемге қажетсіз сезініп, өмірдің ауыр соққысын көріп жүрген еді. Ал, Оспановтар әулеті оларды жалғыздықтан құтқарды, бақыт пен қуаныш, мейірім мен махаббатқа толы жаңа өмір сыйлады. Ағайындылар да бұл қайырымдылықты бағалап келеді.

Сөз соңында «Бөтен бала болмайды» деген қағидамен өмір сүретін Оспановтардың отбасындай жүректері кең, қөңілдері таза жанұялар көбейе берсін дегіміз келеді. Лайым, балалар жыламасын.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.