Ақбұлымдықтар ұлы дала жорығының жеңімпазын қарсы алды

0 58

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі елімізде тұңғыш рет «Ұлы Дала жорығы» атты республикалық марафон-бәйгесін өткізіп, оған қатысушылар Астана қаласынан бастап, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын қамтитын бағытта 1200 шақырымды еңсеруі керек болатын. Бұл – елімізде бұрын-соңды болмаған, тіпті әлемде теңдесі жоқ марафон-бәйге. Сондай-ақ бұл аламан жай ғана ат жарысы емес – қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртатын, рухын оятатын, Қазақстанның бай табиғаты мен тарихын зерделейтін, жаңа туристік бағыттарды қалыптастыратын тың жоба. Аталған бәйге болашақта өзіміздің ат үстіндегі дәстүрлі «Париж Дакарымыз, Тур де Франсымыз» болады деп жоспарлануда. Қыркүйеу айының 17 күні басталған марафон, 29 қыркүйекте Түркістанда аяқталды. Сайыстың соңғы күнінде 4 команда ғана жарыс жолын жалғастырып, Түркістанға жетті. Олар – Түркістан, Маңғыстау, Жетісу және Жамбыл облыстарының шабандоздары.
Марафонға қатысушыларға түркілердің киелі жерлері – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы пен түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға, Әзірет-Сұлтан кесенесіне зиярат жасады. Жеңімпаздарды марапаттау Түркістан төрінде жалғасты.
12 күнге созылған «Ұлы дала жорығы» республикалық марафонының нәтижесінде бірінші орын иегері атанған Маңғыстау өңірінің «Көкмайнақ» командасына сертификат пен медальді тарту етіліп, бәйгенің жеңімпаздарына 24 млн теңге көлемінде жүлде табысталды. Ал, екінші орынды Жетісу облысының «Жетісу» командасы жеңіп алып, 12 млн теңгені иеленді. Ат бәйгесінің қорытындысына сәйкес, үшінші орынды Түркістан облысының «Теріскей» командасы қол жеткізді. Олар 9 млн. теңге сыйақыны қанжығаларына байлады. Жүлделі төртінші орыннан көрінген Жамбыл облысының шабандоздары 6 млн қаржылай сыйлыққа ие болды.
Аймақтың намысын қорғап, жүлделі жеңіске қол жеткізгендердің қатарында Ақбұлым ауылының тумасы Байбұлан Үшкемпіровтің «Шрам торы» сайгүлігі көерменнің көзіне бірден түскен еді. Дүбірлі додада еліміздің 19 аймағының сәйгүліктері арасында өң бойы оза шапқан Байбұланды ауылдастары ыстық ықыласпен қарсы алып, сый-құрмет көрсетті. Ақбұлым ауылдық округінің әкімі Ердос Бейсенов шабандозға аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы және ауылдық округ әкімінің Алғыс хатын табыс етіп, зерлі шапан жауып, атына жабу сыйлады. Сондай-ақ ауыл азаматтары Байбұланға және команда ойыншыларына қаржылай сертификат қолдарына ұстатты.
Ауылдастарының риясыз қолдауын сезінген Байбұлан Ержанұлы ауылдық, ауданның, облыстың атын асқатату үшін аянып қалмайтынын жеткізіп, шексіз ризашылығын білдірді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.