БІТІМГЕРШІЛІК — БЕЙБІТ ЕЛДІҢ МИССИЯСЫ

0 26

Өмірдегі шиеленіскен мәселелерді сотқа жеткізбей, екі тараптың өзара келісімімен шешілуіне күш салатын бітімгершіліктің мақсаты ізгі. Осындай медиация кабинеті облысымыздағы Қазақстан халқы Ассамблеясында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінде де жұмыс істейді. Облыс бойынша құрылған Медиация кабинеті бітімгерлік институтын дамыту бойынша өз миссиясын күні бүгінге дейін тыңғылықты жалғастырып келеді.

Осы сала бойынша құрылған 40 алаңда Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 38 медиаторы халыққа практикалық және бітімгершілік көмек көрсете отырып, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, соңғы есеп негізінде 2022 жылдың қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін өңірлік ҚХА медиаторларына 215 азамат жүгініп, оның ішінде 163 жанжал мен 47 отбасылық даулы мәселелер оң шешімін тапты. Бұдан өзге де шешілген мәселелерге тоқталсақ, балаларынан бөлек тұратын ата-аналардың тұрғылықты жерлері туралы даулары – 8, баламен қарым-қатынас мәселелері бойынша – 4, балаға алимент өндіріп алуға байланысты даулар бойынша – 20, жақын туыстар арасындағы мұра даулары бойынша – 15 іс-қимыл жасалды. Медиация кабинетінің бірінші тоқсанында және осы уақытқа дейін татуластыру рәсімдерін насихаттау бойынша жүргізген жұмыстарын өткен жылмен салыстырғанда биыл бір тоқсанның өзінде-ақ біршама нәтижеге қол жеткізілді.

Атап айтсақ, ағымдағы кезеңде медиация кабинеттеріне отбасылық даулар бойынша 47 адам жүгінді. Бұл 2021 жылдың бірінші тоқсанына қарағанда 30,43 пайызға артық нәтиже көрсеткіші. Және де бұл азаматтардың өңірдегі медиация институтын кеңінен танудан хабардарлығын және медиация арқылы дауларды шешудің оң серпінін көрсетеді. Көрсеткіштерді арттыруда облыстың барлық аудандарында Билер кеңестері мен Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі құрылып, жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ олардың қатарында дауларды бейбіт жолмен реттеуге ықпал ететін татуластырушы судьялар да бар. Бүгінде біз осындай ынтымақтастыққа және өзара тиімді нәтижеге қол жеткізуге ұмтыла беруіміз керек. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу мақсатында құрылған ҚХА Аналар кеңесі де отбасы ішіндегі жанжалдарды, дауларды реттеуде маңызды рөл атқарып жүрген ҚХА құрылымдарының бірегейі. Отбасылық және неке дауларына қатысты ажырасу үдерістерін азайту үшін «Достық үйінің» Медиация кабинетінде арнайы «Отбасы орталығы» ашылған-тын. Аналар кеңесінің өкілдері отбасы ішіндегі жанжалдар мен дауларды реттеу негізінде медиация бойынша бітімгершілік ілім алу үшін түрлі семинар-тренингтерге қатысып тұрады. Олар отбасын сақтап қалу бойынша алдын алу жұмыстарын атқаруда. Үстіміздегі жылдың 1-тоқсанында оларға 3 отбасы жүгінді, онда олар келіссөздер кезінде 1 отбасын сақтап қалды. Және басқа да кездейсоқтық жағдайларда достық қарым-қатынасты сақтай отырып, Аналар кеңесі оқушылардың мұғалімдерімен, ата-аналарымен қарым-қатынасы, туыстар арасындағы дау-дамай, бала ұрлау және тағы басқа келеңсіз жағдайларға байланысты, оған қоса баланың үйден қашу мәселелері және этнос өкілдері арасында болатын балалар қақтығыстарының да алдын алу проблемаларын қарастырады. Сонымен қатар тоқсан сайын аналар мен қыздарға қатысты рухани-адамгершілік құндылықтарды тәрбиелеудегі отбасының рөлі, отбасындағы қыздарды тәрбиелеудегі моральдық-этикалық қағидаттар, қазақстандық патриотизм мен этносаралық толеранттылықты тәрбиелеудегі ананың рөлі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Жалпы, құқықтық даулар мен жанжалдарды жан-жақты дамыту және сотқа дейінгі және соттан тыс реттеуді енгізу бойынша өзара іс-қимылды нығайту мақсатында Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен және этномәдени орталықтардың қоғамдық бірлестіктерімен татуластыру рәсімдерін дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға 2017 жылдың 4 тамызында қол қойылған. Осыған орай, құқықбұзушылық жасаған кәмелетке толмағандарды оңалту үшін облыстың этномәдени бірлестіктері олардың мінез-құлқын психологиялық түзетуді жақсарту үшін тәрбиелік сипаттағы шаралар қабылдап, шығармашылық үйірмелерге қатыстырады.

Медиация институтын насихаттау үшін медиация кабинеті 78 адамды қамтитын 3 үлкен іс-шара өткізді. Олар түрлі мәселелер бойынша ұйымдастырылған қоғамдық қабылдау бөлмесі, жастармен диалог алаңы, этномедиация курстары. Мысалы, осы жылдың ақпан айында Бітімгерлік кабинетінде «Отбасы мен отбасылық құндылықтарды нығайтудағы медиация қызметі» атты диалог алаңында жастар мен аға буын арасында оңтайлы кездесу өтті. Этномәдени бірлестіктердің жастары отбасылық жанжалдардағы медиацияның рөлі және олардың пайда болу себептері жөнінде медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева және ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің өкілі Абдырахман Зайнутдиновтың жасаған баяндамалары негізінде түркі халықтарының ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ежелгі отбасылық дәстүрлерімен танысты. Сонымен бірге көп ұлтты некелер және ондағы діннің рөлі туралы қалалық «Мірхалық қажы» мешітінің имамынан дәріс алды. Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек орталығының психологтары да орталық туралы слайд көрсетіп, жастармен тәжірибелік жаттығулар өткізді. Қатысушылар арасындағы қызу диалог жас отбасында туындайтын түйткілді мәселелерді талқылауға ықпал етті және оларға дұрыс қарым-қатынас орнату бойынша кеңестер берді. Бұған қоса, қоғамдағы жанжалды азайту мақсатында осы жылдың наурыз айында Азаматтық құқықтарды қорғау комитеті облыстық әділет департаментімен және ҚХА медиаторларымен бірігіп, жергілікті азаматтар үшін азаматтық, қылмыстық, әкімшілік, іс жүргізу, еңбек және отбасы құқығы саласында тегін заң консультациялары бойынша қоғамдық қабылдау ұйымдастырды. Жүгінген азаматтар заңгерлік кеңес алды. Сонымен қатар алимент төлеу мәселесі бойынша да бітімгерлік келісімдер жасалды.

ҚХА бітімгерлері қоғамда, ұжымдарда, түрлі этникалық топтарда жанжалды жағдайды азайту үшін бітімгершілікті сәтті пайдаланады десем қателеспеймін. Біздің өңіріміздің халқы үшін, көпэтносты ортадағы медиацияның ұсынатын бірқатар өзіндік ерекшеліктері бар. Кез келген тұрмыстық жанжал, оның ішінде полиэтносты отбасылардағы даулар мен қақтығыстар түрлі этникалық тонмен боялуы да және оған қызығушылық танытатын көптеген «делдалдар» да күшіне енуі мүмкін. Біздің бітімгерлердің басты міндеті – кез келген тұрмыстық жанжалға біздің бейбіт елімізде негіз жоқ деп қарауы және этникалық компонентке араласпауы.

Мемлекетіміздің астанасында өткен ҚХА республикалық медиация кеңесінің отырысында ел Президентінің этномедиацияны дамытуға қатысты тапсырмаларын іске асыру мақсатында ағымдағы жылдың ақпан-наурыз айларында Тараз қаласында пилоттық режимде «Этносаралық қатынастардағы қақтығыстарды реттеу» тақырыбында 5 күндік оқыту курстары ұйымдастырылды. Білім алушылардың мақсатты тобы облыстағы этноәлеуметтік шиеленіс картасына кіретін құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен, білім беру жүйесінің өкілдерінен, этномәдени бірлестіктердің басшыларынан, Қордай, Шу, Меркі, Байзақ және Жамбыл аудандарының қоғамдық көшбасшылары мен медиаторларынан құрылды. Қатысушылар этникалық топтардың араласуымен жанжалдарды реттеу саласында қажетті білім алды. Алынған базалық білім ұлтаралық қатынастарды үйлестіруге бағытталды және әлеуметтік қақтығыстар туындаған жағдайда оларды шешу үшін пайдаланылмақ.

Медиация кабинетінің медиация институтын насихаттау жөніндегі, оның ішінде еліміздегі отбасы мен отбасылық құндылықтарды нығайтудағы медиация қызметі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде, мультимедиялық порталдарда кеңінен жарияланды.

Бітімгерлердің отбасылық медиацияны дамыту жөніндегі белсенділігі олардың тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің негізі ретінде отбасылық құндылықтарды сақтаудағы және көбейтудегі маңызды рөлін көрсетеді. Жас ұрпақтың жарқын болашағы тек бейбітшілік пен отаншылдықта. Өзіміздің ұлттық, отбасылық құндылықтарымызды сақтай отырып, барлық ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы мен бірлігін бекем ұстап, олардың барлығын Қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелегенде ғана біз қоғамның дұрыс бағыттағы тиянақты отбасын жандандыра аламыз.

Жуырда өткен ҚХА-ның ХХХІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев этнобітімгерлік орталықтарын ашу және осы салада оқыту курстарын көбейтуді қолға алуды ұсынды. Осыған орай, бүгінде Жаңа Қазақстанды құру бастамасы бүкіл қоғамды ұйыстыруда. Бұл идея ел азаматтарының жасампаздық қуатынан бастау алады. Референдумда айтылған барлық оң өзгерістер, жаңа идеялар алға қойылып, оның ішінде бітімгерлік те бейбіт елімізде жанданып, халық үніне құлақ асатын мемлекетімізді жан-жақты жаңғыртуға өз үлесін қосуы керек деп санаймын.

Бибігүл ШАХЗАДА,
облыстық Қазақстан халықтары
Ассамблеясының баспасөз хатшысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.