«AULIEATA-MEDIA» ҰЖЫМЫ ӘУЛИЕАТА ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

0 35

Республикалық «Kitap Time – 2022» кітап фестивалін бір мезгілде барлық өңірлерде
өткізу акциясы аясында «Aq jol» газетінің 100 жылдығына орай Д.Қонаев атындағы балалар
мен жасөспірімдер кітапханасында «Aulieata-мedia» ЖШС ұжымымен «Кітап –сарқылмас рухани әлем» тақырыбында буккросинг өтті. 

«Aulieata-мedia» ЖШС ұжымын бүлдіршіндер кітапхананың кіреберісінен күмбірлеген күймен қарсы алды. Әрмен қарай «дөңгелек үстелге» жайғасқан шығармашылық топты облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева алғы сөз айтып, құттықтады.

Ал «Aulieata-мedia» ЖШС бас директорының орынбасары Алпамыс Қазыбаев шығармашылық ұжымның жеткен жетістіктері аз емес екенін тілге тиек етті.

– Әрине, соның ішіндегі ең ұлы той – облыстық «Aq jol» газетінің 100 жылдығы болып тұр. Біз жыл басынан бері осы тойдың іс-шаралары аясында «Жамбыл менің жай атым, халық менің шын атым» деген республикалық айтыс өткіздік, тағы басқа да іс-шаралар ұйымдастырып келеміз. Бір газет үшін бір ғасыр оңай уақыт емес. Бұл кешегі қазақ зиялыларының жүрген жолы. Мұнда тіпті Президентіміздің әкесі жазушы Кемел Тоқаев та еңбек еткен. Оның өзі біз үшін үлкен мақтаныш. Ата басылымда осындай тұлғалардың жолы, ізі қалған, – деді Алпамыс Шәменұлы.

Болашақта журналист боламыз деген жастармен кездескен «Aulieata-мedia» серіктестігінің қызметкерлері жастардың жалынына тәнті болып, таңдай қағып сүйсінді. Сондай-ақ кездесу барысында өскелең ұрпақ ән айтып, би биледі. «Шабыт» балалар би студиясының бишілерінің биіне барлық кездесуге келген қонақтар ризашылықпен қол соғып, қошемет көрсетті. Сондай-ақ «Aq jol» газетінің 100 жылдығына арналған инсталляция мен кітап көрмесіне шолу жасалып, кітапханашылар дайындаған аймақтағы тілшілердің тыныс-тіршілігі бейнеленген «Ғасыр жүгін арқалаған басылым» және «Көркем сөздің жұлдыздары» атты бейнебаянды көпшілік жылы қабылдады.

Арманы асқақ балаларға тәжірибелерін айтып, ой бөліскен «Aulieata- мedia» серіктестігінің шығармашылық ұжымы олардың алдағы өмір жолдарына сәттілік тіледі.

– Кітап адам жанын емдейтін бірден-бір рухани азық. Ол таусылмас қазына. Қазіргі ұшқан құстай дамыған нарық заманында ешкімді ешқандай дүниемен таңғалдыра алмайсыз. Әрі бүгінгі бар дүние ертең жоқ. Ештеңе мәңгілік емес. Алайда сөз және оның құдіреті мәңгілік. Сіз сөз арқылы, шығарма арқылы болашақты таңғалдыра аласыз. Рухани жан дүниеңізді байыту арқылы өзіңіздің мәңгілік өміріңізді жасай аласыз, – деді «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман.

Айта кету керек, кездесудің қонағы ретінде «Aulieata-media» ЖШС ұжымының өздерінің жеке кітабы шыққан ақындары мен жазушылары шақырылған болатын. Олар ақын, «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, аталған газеттің «Экономика» бөлімінің меңгерушісі, жазушы Марат Құлибаев, «Әлеумет» бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Рахман, «АR-АI» жастар газетінің фото тілшісі Алтынбек Қартабай, жазушы Қамар Қарасаева болса, сол қатарда «Знамя труда» газетінің тілшілері, ақын Людмила Мельник пен Лариса Губашева да бар.

«Дөңгелек үстелдің» белгіленген ережесіне сәйкес, сұхбат айдарына кезек беріліп, онда келген қонақтар оқырмандарға жылы лебіздерін білдіріп, ізгі ниетпен өз шығармаларын кітапханаға тарту етті.

Шапағат ӘБДІР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.