АҚШ-та жүк көлігін жүргізу – үлкен сұранысқа ие кәсіптердің бірі. Бүгінде мұхит асып, жүк көлігін тізгіндеп, нәпақа тауып жүрген қазақтардың, тіпті нәзікжандылардың қатары көбейген. Солардың бірі – тараздық ару Анар Әбдіманапқызы. Кейіпкеріміздің АҚШ-та тұрып жатқанына 10 жыл болыпты.
– М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде бастауыш білім беру мамандығы бойынша білім алдым. Диплом алған соң мамандығым бойынша бір күн де жұмыс істемей, облыстық «Jambyl» телеарнасында журналист ретінде еңбек жолымды бастадым. Жұмыс істей жүріп әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша сырттай оқып алдым.
Облыстық телеарнада Бекет Момынқұл, Асқарбек Сейілхан, Әлібек Татанов, марқұм Қалыбек Атжан сынды сақа журналистер басшылық еткен кезеңде жұмыс істегеніме қуанамын, – дейді Анар.
Облыстық телеарнада және оған қарасты радиода бас-аяғы 13 жылдай еңбек еткен ол қосымша табыс табу мақсатында сауда-саттықпен айналыса бастайды. Жастайынан бір істі жауапкершілікпен орындап, жетістікке жетіп үйренген Анардың сауда саласында да айы оңынан туып, тірлігі жүріп сала береді. Осылайша түбегейлі пайдасы мол, табысы мардымды бизнес саласына ауысады. Дегенмен көп өтпей сынаққа тап болып, жұмысы кері кетеді, қарызға белшесінен батады. Тығырыққа тірелген сәтінде АҚШ-қа жұмыспен кетіп бара жатқан танысы Анарға да сонда барып, еңбек етіп, аяққа тұруға болатынын айтады.
– «Басқа түссе баспақшыл» дегендей, адам баласы барлығына көнеді екен. Ол кезде жасым небәрі жиырма тоғызда еді. Бала күтіміне байланысты демалыста жүргенімде Қытайға туристер апарып, сауда-саттықпен айналыстым. 2012 жылы біз барып жүрген туристік автобустар қомақты қаражатпен ұсталды. Онда қыруар қаржыға алынған тауарлар да кетті. Осылайша мойныма бір түнде қомақты қарыз ілінді. Қарыздың сомасы – 47 мың доллар. 2013 жылы ондай ақшаның құны қазіргі 200 мың доллармен бірдей. 2013 жылдың мамырында сол қарыздың салдарынан АҚШ-қа аттандым. Америкаға менің алдымда аттанған танысымның виза жасатқан агенттігіне хабарласып, 22 күннің ішінде виза жасаттым. Бірақ оған да біраз қаражат кетті. АҚШ-қа келген кезде барлығын нөлден бастадым. 2 жыл 7 ай бала күтуші болдым. Одан кейін иммиграциялық адвокаттың көмекшісі болып біраз жұмыс істедім. Қарт адамдардың үйіне ассистент жіберетін, яғни сақтандыру саласында қызмет еттім. Бұл агенттікте 3-4 жылдай жұмыс істедім. Кейін пандемияға байланысты карантин болған кезде ол жердегі жұмыс сағаты қысқарып, онлайн жүйеге көше бастады. Карантинде барлық салада тоқырау болды. Бизнес көздері жабылды. Мен құр жатпай, жаңа кәсіппен айналысқым келді. Байқасам, карантинде ауыр жүк көліктерінің қызметіне сұраныс тоқтамапты. Ірі, шағын компаниялардың «ауыр жүк көліктеріне жүргізуші керек» деген жарнамаларынан көз сүрінеді. Сонымен қатар АҚШ-та жүк көлігін әйелдердің жүргізуі жаңалық емес. Тіпті ешкім таңғалып қарамайды да. Содан тәуекел етіп, мен де тың саланы көрейін деп шештім, – дейді ол.
Алпауыт мемлекетте алып көлік тізгіндеген Анар бұл кәсіптің де өзіне сай қызығы мен шыжығы бар екенін жасырмады.
– Жүк көлігін жүргізуімнің бірінші себебі, әрине табыс! Әйткенмен ауыр жүк көлігін басқару оңай жұмыстардың қатарына жатпайды. Бірақ Қазақстанда кейбіреулер ойлайтындай, «КамАЗ»-дың астында май-май болып жататын түсінік жоқ. Жауапты, құзырлы компаниялар келіп қызмет көрсетеді. Сондықтан әйелге мүлдем қиын деп айтуға болмайды. Кесте бойынша тіс жуылмай, ұйқы қанбай, тамақ ішілмеуі мүмкін. Себебі жолда түрлі жағдай болады. Кейде асығыс, кейде түнде жүресің. Сондай жағдайға бейімделуге тура келеді. Ер адамдардың өздері де мұндай талапқа төзе алмай, басқа жұмысқа ауысып кетіп жатады. Бірақ табысы жақсы болғандықтан, аса қиналу білінбейді. 2 ай жүк көлігін басқаруды оқыдым. Компания ашып, лицензия алдым. Емтихандарын тапсырып, тәжірибеден өттім.
Алыс-жақын жолға жалғыз шығып жүргеніме жарты жылдай уақыт өтті. Қазір жүкті алу, диспетчерлік қызметті қосымша машықтануды бастадым. Себебі компания ашқан соң жүргізушілерге жүкті тауып беру, тиеу сынды қызметті де үйрену керек. Қазіргі таңда бірнеше жүк көлігі бар басқа компанияның ауыр жүк көліктерін жүргіземін. Міндетіме диспетчермен үнемі байланыста болып, жүкті А нүктесінен Б нүктесіне жеткізіп беру кіреді. Қалааралық қана емес, штатаралық тасымалдаулар да болады. Мильмен есептегенде күніне 800-900 миль жүремін. Қабылдап алған жүк көлігінің доңғалақтарын, жағдайын тексеруің керек. Бұзылған жағдайда диспетчерге хабарласып айтамын. Олар мен тұрған жерге жол үстінде көмек көрсететін қызметті жібереді. Не жол бойындағы қызмет көрсету орындарына жүгініп, жөндетемін. Қабылдаған жүкті қажетті орнына аман-есен жеткізу керек. Ол зақымданбауы қажет. Көп жағдайда жүктердің ұрлануы, тоқтаған кезде бұзақылардың тонауы мүмкін. Бірақ мен ондайларға кездеспедім. Дегенмен жүкті сол қалпында жеткізу жүргізушінің мойнында, – дейді Анар.
Анар Әбдіманапқызы елімізден АҚШ-қа жүк көлігін жүргізуге барып, нәпақасын тауып жүрген нәзікжандылардың бар екенін айтады. Тіпті зейнет жасына келген талай әйел кісілер дәл қазіргі уақытта Американың штаттары арасында жүк көліктерімен ызғытып жүр екен. «Мен көлікте жүргенде бос отырмай «Instagram» арқылы түрлі фото, видеолар жүктеп, жұмысымның қыр-сыры жайлы баяндаймын. Кейде тікелей эфирге шығып оқырмандарыммен байланысуға тырысамын. Себебі осы уақытқа дейін өз аудиториям жасақталған. Байқайтыным, жұмысыма қызығушылар өте көп екен. Тіпті мені көріп, осында келіп, көлік жүргізуді үйреніп, жұмыс істеп жатқандар да бар» деп ағынан жарылды біздің кейіпкеріміз. Анар Әбдіманапқызы кванттық психология мамандығы бойынша Мәскеудегі академияны да тәмамдаған. Психологиялық мәселелердің шешу жолдары бойынша адамдарға көмектесуде. Қайырылғандарды онлайн қабылдап, түрлі әдіспен қолдау көрсетеді. Қазір осы мамандығы бойынша магистратураны оқуда. Және жүк көлігін жүргізу кәсібін отбасылық кәсіпке айналдыруды көздейді. Біз де арманы асқақ жерлесіміздің, көздеген мақсатына жете беруіне тілектестік білдірдік.
Айжан ӨЗБЕКОВА