ЖАРҚЫН СӘТТЕР ЖАДЫМДА

0 31

Киелі Әулиеата өңірі ақиық ақындар мен жыршы-термешілерге, көсілтіп жазар жазушыларға қашан да кенде болмаған. ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбылды, Көкшолақ мініп, бозторғай болып шырылдаған Кененді ауызға алсақ несі айып?! Бұл кісілер исі қазақтың мақтанышына айналғандар. Бүгінде өмірден өткеніне он жылдан асқан, ағаларына еркелей, өзімсіне сөйлеп, інілеріне жаға бола білген, қазақ поэзиясы әлемінде өзіндік өрнек салған айтулы ақын Жақсылық Сәтібековтің есімін ел-жұрты ұмытқан жоқ.

Әркімнің туып-өскен өлкесі өзіне ыстық, жер жұмағы. Жақсылық аға 1937 жылы қазіргі Байзақ ауданы Теспе (Мәдімар) ауылында дүниеге келген. Мәдімар би салдырған ақтамда бастауыш білім алады, одан әрі көрші Жетібай ауылында Жамбыл атындағы орта мектепті бітіріп, сол тұстағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдайды. Жақаң мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ әдебиетке бейім болыпты. Ол өмірге келген Теспе ауылы Талас өзенінің бойында орналасқан еді. Талас өзенінің суы мол, кез келген жерден өткел бермейтін кез. Ауылдың тұсында өзеннің Айырөткел деген жайқуат жері бар. Жақсылық аға осы Айырөткел жайлы:

Ауылымыздың алқымы – Айырөткел,
Жер емес деп айтқанмын қайық өткен.
Кешегі соғыспенен қабат келген,
Жас шағым сонда қозы жайып өткен,–деп Айырөткел бойында өткен балалық күндерін сағынышпен еске алады.

Біз ақынның есімін жастайымыздан естіп, басылымдарда жарияланған өлеңдерін оқып өстік. 1965 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Таңсәрі» өлеңдер кітабынан бастап барлық еңбектерін оқып, сөремізге құнттап қойып жүрдік.
Ауылда Жақсылық ағаның бала күннен бірге өскен құрдасы тұрды. Бірде сол кісі маған ақынның алғашқы кітабына редактордың қарсылығымен енбей қалған «Бір досқа» деген төмендегі өлең жолдарын айтып берген еді:

Уыс-уыс ақшаң бар,
Табысың сенің көл-көсір.
Өзіңе тең тапсаң жар,
Болмас еді ол кесір.
Етпейсің сен сараңдық,
Жүре алмайсың достарсыз.
Бірақ соның бәрі артық,
Бәрі соның жоспарсыз. Сонда редактор «Кеңес заманында соқа бас жүрген адам болмау керек» деп өлеңді кітапқа енгізбей қойған екен.

1960 жылдарға дейін Байзақ ауданының Ақжар ауылында Жиенбай деген қарт қобызшы тұрды. «Қасқырдың ұлуы» және тағы 2-3 күйі болды. Жақсылық Сәтібеков облыстық телерадиокомитетінде жұмыс істеп жүргенде осы қарияның күйлерін жазып алуға автокөлігімен келді. Сәлем берейін деп ағайыны болып келетін екі бала бардық. Балалық қой, сонда ішке кіріп, сәлем беруге батылымыз жетпеді. Сол күйлер біраз жылдар облыстық радиодан беріліп жүрді, қарияның қылқобызы 1970 жылдарға дейін облыстық музейде тұрды.
1973 жылдың жазында Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында тұратын Айтбай көкемнің баласы Құрбанды үйлендіріп, сол тойды Жақсылық аға екеуіміз басқардық. Үлкен кісімен таныстығым осылай басталды. Араға біраз уақыт салып, үйіне арнайы барып, сәлем бердім. Сол таныстық-сыйластық Жақаң өмірден озған 2011 жылдың күзіне дейін жалғасты. Бірде ол кісілер қонақ күтті, сөз арасында әңгіме мен туралы болды, сонда Әзиза жеңгем «Айтмахан біздің үйдің бір адамына айналып кеткен» деген еді маған қарап.
1976 жылдың қараша айында Алматыдағы тау етегінде орналасқан демалыс орындарының бірінде демалып жатқан ағадан «Келіп кетсең» – деген хат алдым. Жақын туыс інім Архабектің жеңіл көлігімен жолға шықтық. Барған күні ағам Нығметтула Киікбаевтің үйіне түстім. Ертесіне Жақсылық ағаны бажасы Бәтиханның үйінен таптым. Ол кісі біраз шаруаларын бітірді. Қазақстан Жазушылар одағына барып Шерхан Мұртазаға, Ғафу Қайырбековке кіріп сәлем бердік, біраз сыр шертілді. Шыққан соң Жақсылық аға «Баукеңе – Бауыржан Момышұлына барып сәлем берейік»,– деді. Мен қуана келістім. Бардық. Сәлем бердік, көп әңгімелер айтылды. Ол туралы жергілікті басылымдарда жарияланған.

1985 жылы сәуір айында Жақаңа сәлем беруге барсам, алдында қағаз, қалың ой құшағында отыр. Осыдан 2-3 күн бұрын облыстық филармония директоры Алтынбек Қоразбаев келіп, ауылында екі баласы соғысқа кетіп, опат болған Қали есімді кейуананың осы күнге дейін «балаларым тірі келеді»-деп, малдарының төлдеріне ен салып, ұлдарының жолын тосып жүргенін айтыпты. Сөйтті де алдында жатқан парақты қолына алып 3-4 шумақ өлеңді оқып берді. Мен осылай «Қара кемпірдің» алғашқы тыңдаушысы болдым. Кейін Алтынбек Қоразбаев осы «Қара кемпірге» ән жазып, «Қазақстан» телеарнасынан орындады. Әнді бейжай тыңдау мүмкін емес еді, тыңдаған барша жанның жүректері сыздап, көздеріне жас үйірілді. Танымал, аузы дуалы кісі Жақаңа телефон шалып «Бұл ән қазақтың «Елім-айынан» кейінгі қасіретті жылдардың зар-мұңына айналды» – деген екен. Ән мәтіні барлық газеттерде жарияланып, кейін ағаның «Әнші дала» жыр жинағына толық көлемде енді.
Тағы бірде Жақаңның үйінде әңгімелесіп отырғанбыз. «Ассалаумағалайкум» деп Шәмші Қалдаяқов кіріп келді. «Шәмшіні білесің бе?»-деді Жақаң маған. «Білемін ғой»-дедім. Шәкеңді институтты бітірер жылы Алматыда «Жетісу» мейрамханасында сыртынан көргенім, ал 1980 жылдардың ортасында орталық әмбебап дүкенде жолығып сәлемдескен жайым бар. Шәкең сол жолы ақ түсті костюм-шалбар киіп келген еді. Әзиза жеңгем тездетіп дастарқан жасап жіберді.

Шәкең мен Жақаң әңгіме тиегін ағытып отырғанда сырттан көлік сигналы естілді. «Ой, мынау менің көлігімнің сигналы ғой»-деп Шәкең терезеден сыртқа қарады. Біз де сыртқа көз жүгірттік. Көліктің алдыңғы орындығында толық әйел отыр. «Бұл кім?» – деді Жақсылық аға Шәкеңе сұраулы жүзбен қарап. «Бензин пұл ғой»,–деп Шәкең жайбарақат орнына келіп жайғасты. Сазгер біраз отырып Алматыға жол тартты. Кейін Шәкеңнің Тараз қаласы маңындағы Жалпақтөбе ауылынан жер алып, үй құрылысын бастағанын Жақсылық ағадан естігенмін.
Ж.Сәтібековтің үйіне бір барғанымда «Алматыға барып келдім. Баукең домбырасына қолтаңба қалдырып, қолыма ұстатты» – деп қабырғада сүйеулі тұрған домбыраны алып, маған ұсынды. Шанағын сипалап біраз отырдым. Тиектен төмен «Ақын, композитор балам Жақсылыққа»– деп жазылған да күні, айы, жылы көрсетіліп, Б. Момышұлы деп қол қойылған. Теберік дүние. Бұрындары Жақсылық ағаның Баукеңе айтқан «Домбыраңызды Жамбыл облыстық музейіне қою керек» деген өтінішіне орай «Ал енді апарып қой» – деп берген екен. Бірақ Баукеңнің домбырасы Жақаңның үйінде тұрады. Батыр елге келген бір сапарында Жақаңның үйіне түсіп, домбыраны көріп, «Неге облыстық музейге тапсырмағансың?» – деп алая қарайды. Сонда Жақаң «Бауке, музейге о дүниеге аттанғандардың мүлкі қойылады, ал сіз әлі тірісіз ғой», – деп құтылады. Баукең дереу домбыраны қолына алып «После моей смерти является достоянием Джамбулского областного музея» – деп жазып, «Ал енді облыстық музейге қалай бермей кетер екенсің» – деген екен. Жақаң болса «Өткіземін Бауке, өткіземін» – деп уәде береді.

1983 жылдың жазында қазақтың қаһарман ұлы дүниеден озды. Жақаң домбыраны облыстық музейге «әне өткіземін, міне өткіземін» деп жүргенде біраз уақыт өтіп кетеді. Осы бейқамдығы үшін кейін қатты өкінерін қайдан білсін. Бірде «Баласағұн» орталық концерт залында айтулы датаға орай ән байқауы өтеді. Байқауға қатысушылардың бірі Жақаңа «Баукеңнің домбырасымен қатысайыншы»,–деп өтініш жасайды. Жақаң да қарсы болмайды. Ән байқауынан кейін Баукеңнің домбырасы терезенің алдына қойылған жерінен қолды болды. Қанша сұрастырып, іздегендерімен сол күйі табылмайды. Бұл туралы қаламгер сол кездегі «Еңбек туы» газетінде екі рет «Баукеңнің домбырасы. Қайтарыңыздар» – деп мақала жазады. Еш хабар болмайды.
Жақсылық Сәтібеков облыстық әкімшіліктің шешімімен облыстық әскери комиссариат жанынан құрылған Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқандар туралы кітап шығару жөніндегі редакциялық жұмысты басқарды, көп шаруа тындырды. «Боздақтардың» бірнеше томы жарық көрді.
Жақаң бұл шаруаны соғыста қаза болған әкесінің рухы алдындағы парызым деп санады. Сол тұста Жақаң інісі Жақсымбетке арнап:
Тірлікте біздер көптейміз,
Бөлініп тағы кетпейміз.
Өйткені қақ бөлінген,
Бір жапырақ еттейміз,-деп бауырмалдық сезімін білдіреді.
Әкелері соғыстан қайтпағандықтан болар Жақсылық аға үшін сұрапыл жылдардың зардабы мәңгілік тақырып болды. Әкелерінің қайтыс болғандығы жөнінде қара қағаз хабарын «Даладағы дастан» кітабында бала жүрегімен:
Қара қағаз
Жетер ме жан шыдамы,
Бұршақ-бұршақ көзден жас тамшылады.
Қара қағаз дауыл боп соқты дағы
Мәңгілік сөнді үміттің шамшырағы – деп өкінеді.
Қаламгердің қызы Ақмарал күйеуімен Қазақстанның Австриядағы елшілігінде қызмет істеді. Жақаң балалардың шақыруымен сол елге барып айға жуық Еуропада демалып қайтты. Сол сапарда Германия жерінде жатқан бауырластар зиратына туған жердің бір уыс топырағын ала барды. Әке рухы алдындағы перзенттік парызын өтегендей, еңсесін басқан ауыр жүктен арылғандай болып оралды елге.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін орталық қазақтың біраз азаматтарының соңына «жақтым күйе, жаптым жаламен» шам алып түскендігі белгілі. Сондай қасіретті үш облысты басқарған алаш азаматы Асанбай Асқаров та басынан кешіп, төрт жылға жуық түрменің тар қапасында отырды. Бішкек (ол кезде Фрунзе) қаласында орталықтың пәрменімен арда азаматтың соты болғаны көпшілікке белгілі. Сот барысы туралы Жақсылық Сәтібековтің Асанбай Асқаровқа араша түсіп жазған мақалалары «Ақ жол» газетінің бірнеше санында жарияланды. Газет редакторы Арғынбай Бекбосынов. Кеңестік жүйенің әлі сетінемеген, Компартияның қызыл қылышы мұқала қоймаған тұста осындай мақала басу Жақаң мен Арекеңнің көзсіз батырлықтары еді. Кеш те болса әділеттілік орнады. А. Асқаров бостандыққа шықты. Мойымады. Туған халқымен қайта қауышты. Ол кісіні мен Жақсылық Сәтібековтің 60 жасқа толған мерейтойында көрдім. Шешен кісі екен, көсіліп сөйледі. Ел қамын ойлаған азамат осындай-ақ болар деп ойладым.
Кейіпкеріміз «Еңбек туы» («Ақ жол») газетінде жұмыс істеп жүрген жылдары облысқа еңбегі сіңген, ұзақ жылдар партия, кеңес және түрлі салада басшылық қызметтер атқарған ақсақалдар жайлы «Ғибратты ғұмыр» айдарымен жастарға тәлім берер мақалаларын жариялады. Ол кейін жеке кітап болып шықты. Сол тұста газеттің жауапты хатшысы қызметін атқарған, мектепте бірге оқыған досым Тұрсынхан Толқынбайұлы «Мұндай тақырыптарда жазу Жақаңның ғана қолынан келеді»-десе, Жақсылық аға: «Тұрсынхан «Еңбек туының» қаранары» – деген еді. Бұл ағалы-інілі әріптестердің бір-біріне берген әділ бағасы деп түсіндім. Жақаңның жүрген жері думанды, көпшіл адам еді. Жақсылық ағаның 50,60,70 жасқа толған мерейтойлары облыс көлемінде аталып өтті, құттықтаулар мен мадақтаулардан кенде болмады. Шапандар жабылып, жеңіл көліктер сыйға тартылды. Қазақстан Жазушылар одағынан Қалаубек Тұрсынқұлов, Серік Әбдірайымов және ізбасар інісі Көсемәлі Сәттібаевтар қаламгердің шығармашылығы жайлы тұщымды баяндамалар жасады. Құрметті қонақ болып Шерхан Мұртаза төрде отырды. Бәрі жарасымды өтті.
Мен білген Жақсылық аға таптаурын болған, бірізділік тіршіліктен ада, еркіндікті, жалтақсыз өмірді қалаған, солай болуға тырысқан жан. Біреудің көшірмесі болып, көлеңкеде жүруді жөн көрмеді. Өзім деген жанға өзегін жұлып беруге даяр еді. Жарамсақтықты жақтырмады. Замандастары да ол туралы «Кешегі өткен сал-серілердің соңғы тұяғы еді»,– деуші еді.
Жақаңның ақындығы туралы айтсақ, ол кісі тума талант иесі, дегенмен ақындық жолды берік ұстанды ма екен? Әй қайдам. Менің түсінігімде бір тақырып санасында буырқанған сәттерде төгілтіп-төгілтіп жазып тастап отырған тәрізді. «Қара кемпір» – менің поэзияға құштарлығымды оятты, шығармашылығыма сілкініс жасады, мен поэзияға басқаша қарай бастадым» – деген еді маған.
Қаламгердің өмірлік серігі Әзиза жеңгем бүгінде сол жанұяның ұйытқысы болып отырған Алтын Адам(көпшілік солай дейді).Өзін қай кезде де бір қалыпты сабырлы ұстайтын парасатты жан. Барлық жағдайға жан-жақты қарайтын үлкен түсінік иесі. Өмірде тұнжырауға жол бермейді. Рухани жан дүниесі бай адам. Ақмарал мен Алтайдың қазасын естіп, көңіл айта бардық. Жеңгемді көрмегелі біраз болған, шау тартыпты, сыры кетсе де сыны кетпеген. Жақаңмен қызметте ағалы-інілі болып жүрген бір қайнысының атын келмеді дегендей атай берді. Үндемедім. Бір шаһарда тұрып қазаны қалай естімеді екен, келсе болады ғой деп ойладым. Хабарласып тұрсаңшы деп шығарып салды. Алтындай болған жеңгем-ай деген ой санамда қалқып тұрып қалды. Сыртта күн шайдай ашық екен. Жақсы күндерде, жақсы күндерде… – деп іштей күбірлеп ұзай бердім.

Айтмаханбет ТЫШҚАНБАЕВ,
ҚР Білім беру ісінің үздігі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.