ӘШІМЖАН АХМЕТОВТІҢ ЕСІМІ АРДАҚТАЛДЫ

0 28

Кеше М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің мәжіліс залында тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰИА академигі Әшімжан Ахметовті еске алу мақсатында «Табиғатты ұтымды пайдалану және экологиялық қауіпсіздік контекстіндегі өңірлердің орнықты даму проблемалары» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Басқосуды ашып, жүргізіп отырған өңірлік университеттің басқарма мүшесі-ректордың міндетін атқарушы Гүлвира Мұсабекова алдымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын оқып берді. Хатта министр қатардағы оқытушыдан вице-министр қызметіне дейін өскен Әшімжан Сүлейменұлының азаматтық ұстанымы мен тұлғалық болмысына баса тоқталған.
Жиынға онлайн және офлайн форматта қатысқан қазақстандық және шетелдік профессор-ғалымдар түрлі тақырыпта мазмұнды баяндама жасап, мемлекет және қоғам қайраткері, артында өшпес із қалдырған өнегелі өмір иесі Әшімжан Сүлейменұлының тұлғалық, қайраткерлік қырларын ашуға тырысты.
Мәселен, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дария Қожамжарова халқына қызмет етуді мансап деп емес, парыз деп ұққан, Отанымызға адал қызмет жасап, әрдайым халық алдында абыройлы болған Әшімжан Ахметовтің есімі халқымен бірге жасай беретінін толқи жеткізді.
– Біріншіден, Әшімжан Сүлейменұлының шәкірті ретінде бүгінгі конференцияны ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтамын. «Таудың биіктігі алыстаған сайын айқындала түседі» демекші, нағыз ұстаз, шын ғалымның тұлғасы уақыт өткен сайын биіктеп барады. Әрбір шәкіртінің бойындағы қырағылықты алыстан дөп басып танитын көрегендігі бар Әшімжан ағамыздың қаншама шәкірттері бүгінде ел игілігіне қызмет етіп жүр. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» демекші, артында мың сан жеткіншектер қалдырған Әшімжан ұстазымыздың есімі туған халқымен бірге мәңгі жасай бермек, – деді Дария Пернешқызы.
Конференцияға алыс-жақын шетелдер мен республиканың түкпір-түкпірінен қатысқан ғалымдар «Zoom» платформасы арқылы баяндама жасады.

Т.БЕРІКБАЙҰЛЫ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.