Өмір мәні – өзара сыйластық

0 43

Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген тәмсіл бар. Бұл қазақ қоғамындағы өзгермейтін, әбден қалыпқа түскен қағиданың бірі. Олай дейтініміз, ел экономикасының тірегі, бәсекеге қабілетті, саналы да білімді ұрпақтың қалыптасуында отбасының алар орны айрықша. Осы отбасылық институтты нығайтып, мүмкіндігі шектеулі отбасының жағымды имиджін қалыптастыру, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттау, рухани ойлауы терең, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы таза, еңбекқор ұрпақты тәрбиелеу, шығармашылық қабілеттерін ашуға мүмкіндік беру мақсатында облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы Отбасы күні мерекесіне орай «Отбасы – ұлттың тірегі» атты байқау ұйымдастырды. Тартысты сайыс Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында өтті.

Байқауға облыс көлеміндегі әлемді көзімен емес көкірек жанарымен көретін зағип отбасылар және барлық топтағы көз мүгедектігі бар 8-12 жас аралығындағы балалар мен ата-аналары қатысты. Байбосыновтар, Жарылқасыновтар, Әсембектер, Ізбасаровтар отбасылары байқау ережелеріне сәйкес бақ сынасты. Олар «Жанарымдағы сол бір әуен», «Сәнді киім», «Киностан», «Білгенге – маржан…», «Бір жыр оқимын», «Ыстық жанұям» атты кезеңдерде белсенділік танытып, сахнада поэзиялық шығармаларын орындап, өздерінің шеберліктерін, өнерлерін жоғары деңгейде көрсете білді.
Қоғамның негізгі мақсаты – адамдарды бақытты ету. Десе де бұл терезесі тең, керегесі кең, берік отбасына байланысты. Байқаудың басында жанына жақын жандардың маңыздылығын ашатын отбасы жайында түсірілген әлеуметтік бейнеролик көрсетілді.
Ал өмір сынағына сынбай отбасын сақтап қалу үшін барын аямай жүрген жандар алдында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілері өнер көрсетті. Айтар болсақ Алмас Қырғызалиев дәстүрлі ән шырқаса, Балжан Ділдабекова «Құлыншағым» әнін орындады.
Отбасы мерекесіне қатысушыларға «Болашақ» мектеп-интернатының оқушылары Салауат Еламан мен Сағындық Айсана қолдау көрсетіп «Әке, ана» әнін орындап, көрермендерге керемет көңіл күй сыйлады.
Байқау қорытындысында Байбосыновтар отбасы бірінші орынды олжаласа, екінші орынды Жарылқасыновтар отбасы иеленді. Ал үшінші орынның биігінен Ізбасаровтар отбасы көрінді. Өзге жеңімпаздардан қалыспай байқауда мықтылық көрсеткн Әсембектер отбасы ынталандыру марапатына лайық деп танылды. Байқаудың барлық қатысушылары сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.

Гүлзада ҚЫРЫҚБАЕВА,
облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының әдіскері

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.