ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚ ҚАШАН ӨҢДЕЛЕДІ?

0 40

Қазір әлеуметтік желі арқылы жаһандық жылудың таяғаны және оның Жер-Анамызға алып келер қаупі жайлы айтылатын видеолар тарауда. Онда «Жер ғаламшарының және адамзат өркениетінің түпкілікті жойылуына
40 жыл ғана уақыт қалды. Айнала қоқысқа толып, тіршілік иелері зардап шегуде. Адамдар, күл-қоқысты барынша сұрыптаңдар, жерді ластамаңдар» деген сынды хабарламалар қалдыруда. 

Расында, жаһандық жылынудың негізгі себебі қоқыста ма? Жамбыл облысының аумағы қоқыстан арылу үшін атқарушы билік қандай шараларды қолға алды? Ендеше осы төңіректе ой қозғап көрейік.

Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің зерттеушілері Жер халқының жалпы салмағы 287 миллион тоннаны құрайтынын есептеді. Ал ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында ғана адамзат 730 миллион тонна қоқыс өндіргендігін анықтады. Бұл жалпы ғаламшар халқының салмағынан 2,5 есе көп. Қазақстан Республикасы да қапы қалар емес. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сәйкес, 2022 жылдың алғашқы алты айында 1,6 миллион тоннадан астам қоқыс жиналған. Оның ішінде Жамбыл облысында 22 мыңнан астам тонна тұрмыстық қатты қалдық өндірілсе, тек 1782-сі ғана сұрыптау мен қайта өңдеуге жарамды екен. Қазіргі таңда қоқысты іріктеуді игере алмай жатқан мемлекеттер – дамушы елдер екен.

Ал облыстық экология департаментінің дерегіне сай, ағымдағы жылдың 7 айында қалдықтарды рұқсатсыз орналастырудың 83 нүктесі анықталған. Олардың 58-і ұсынылған деректер бойынша жойылған, бұл 70 пайызды құрайды. Ал қалған жиырма бес үйінді департаменттің назарында болатындығы жайлы айтылды.

«ТАРАЗДЫҚТАР ҚОҚЫС  СҰРЫПТАУДЫ ҮЙРЕНДІ»

Дәл осы жақсы жаңалықты бұқаралық ақпарат құралдары 2017 жылы хабарлаған еді. Ең алғашқы пластикалық қалдықтарды жинауға арналған алғашқы жүз елуден астам контейнерді «KazEcology» ЖШС әзірлеп, облыс орталығындағы тұрғын үйлердің аулаларына орнатқан еді. Алайда арада бес жыл өтсе де контейнерлер мен қоқыстың жайы көңіл көншітпейді. Мәселен, Төле би көшесінің бойында орналасқан контейнерлердің бояуы кетіп, қоқыстардың барлығы дерлік үйіндіге айналған. Қоқыс қалыбының өз функционалдық қызметін қалай атқарып жатқанын білу мақсатында компания басшылығына сұрау салдық.

– Қазіргі кезде қоқыс сұрыптаумен айналысу сәл-пәл қиындық тудырып тұр. Бизнес көзіне айналдыру тиімді емес. Осыған қарамастан контейнерлер ең алғаш 2016 жылдың қыркүйек айында қойылды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды қалай сұрыптау керек екендігінен хабардар тұрғындардың да бар екендігін байқадық. Контейнерлерден бөлек, Тараз қаласының тұрғындары үй жағдайында қоқысты сұрыптайды. Біз айына 70-80 тонна полиэтилентерефталат (ПЭТ) бөтелке, 10- 15 тонна пластик өнімдерін қабылдаймыз. Әрбір сұрыпталған өнім үшін компания атынан қаражат та төленеді. Қазіргі кезде сұрыпталған қоқысты Шымкент қаласына жібереміз. Бизнесті бұрынғыдай қолдайтын РОП пен «ЭкоДаму» компаниялары жоқ қазір. Бірақ «Жасыл Даму» атты мемлекеттік ұйым пайда болды, олар субсидия жасауға әзір екендігін де жеткізген болатын. Қоқыс мәселесіне келер болсақ, қоршаған ортаны аялауға баланы сәби кезінен баулу керек. Бала ата-анасынан көргенін жасайды емес пе, олар да өздерінен бастасын. Қоқысты тастауға міндеттелген жерге төгуді үйренсін. Өзім де бұл принципті өмірде қолданамын. Үйдегілердің барлығы қоқысты сұрыптайды, – дейді компания басшысы Эльдар Малаев.

Былтыр Қазақстанда 120 миллион тоннадан астам қоқыстан құтылу мақсатында еліміздің іріктелген қалаларында қоқыс өртейтін зауыт салынады деп хабарланған еді. Бұл тізімге Тараз қаласы да енген. Алайда…

– Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру, көму полигондарына түсетін қалдықтарды азайту және саланың инвестициялық тартымдылығын еселеу мақсатында «Waste-to-Energy» тетігі енгізілді. Бастапқыда Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Тараз және Атырау сынды 6 пилоттық қала анықталды. Алайда қалдықтардың пайда болу көлемінің аздығына, сондай-ақ Тараз және Атырау қалаларының инфрақұрылымының дамымауына байланысты Қарағанды және Өскемен қалалары ауыстырылды. Осылайша, Тараз қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және жағу зауытын салу мәселесі ашық күйінде қалып отыр, – дейді облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нағима Темірбек.

Эксперт сөзіне сүйенсек, қоқыс өңдейтін зауыт салыну үшін 100-150 мың тоннадан астам қоқыс жиналуы қажет екен. Сондай-ақ қажетті инфрақұрылымның болмауы қолды амалсыздан байлап отыр. 

ҮЙ ЖАҒДАЙЫНДА СҰРЫПТАУ МҮМКІНДІГІ БАР МА?

– Қазақстандықтардың экология мәселесіне назар аудармайтыны қынжылтады. Көбіне «Мен неге қоқыс жайлы ойлануым керек? Ай сайын коммуналдық төлем төлеп отырмын ғой» дейді тұрғындар. Бірақ, пакетке оңды-солды салынған әртүрлі тұрмыстық қалдықтардың қала шетіне барып үйіліп жатқанынан залал көп келеді, – дейді эко-белсенді Әмина Ескермес.

Табиғатқа залал келтірмеудің жолдары көп екендігін эколог мамандар алға тартады. Мысалы, 3R ережесін қолдану.

–  3R ережесі ағылшын тілінен аударғанда Reduce – тұтынуды азайту, Reuce – қайта қолдану, Recycle – қалдықтарды өңдеу деген мағынаны білдіреді. Бірінші ереже өзіңіз қолданбайтын заттарды сатып алудан шектейді. Мысалы, дүкеннен әдемі көйлек көріп қалдыңыз. Бірақ сіз бұл көйлекті 1 реттен артық кимейтініңізді біле тұра сатып алып жатасыз. Бұл киім сіздің сөреңізде ұзақ тұратыны анық. Кейін бұл бұйым ескіреді, сосын сіз оны жарамсыз деп тауып қоқысқа тастайсыз. Сол себепті, өзіңіз қолданбайтын заттарды сатып алудан алшақ болғаныңыз жөн.

Екінші ереже, затты ұзағынан қолдануға байланысты. Мәселен, шыны ыдыста сақталған тағам сатып алсаңыз, келесіде сол банканы тастай салмай, керек мақсатқа қолданып, кәдеге жаратқан жөн.

Үшінші ереже, аты айтып тұрғандай, қоқыс қайта өңделетін болса, онда өңдеуге жіберіңіз. Мәселен, қаламыздың көп бөлігінде макулатура, шыны және пластик бөтелкелерді қабылдайды. Өткізгеніңіз үшін сізге ақша да беріледі. Бұл жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Ескере кеткен жөн, H&M дүкені жыл сайын қайта өңделген өнімдерден киім даярлайды. Және сіз өзіңіздің ескі киіміңізді қайта өңдеуге беретін болсаңыз, сізге арнайы жеңілдік те ұсынылады. Тағы да айта кетер жайт, пластик өнімдерден гөрі ұзақ мерзімде ұстауға жарамды өнімдерден даярланған бұйым алсаңыз, нұр үстіне нұр болар еді. Мәселен, полиэтиленді пакетті матадан тігілген эко-шопперге айырбас жасау, – дейді эко-белсенді Әмина Ескермес.

ТҮЙІН: «Қалауын тапсаң, қар жанады» демекші, Табиғат-анамызды аялайтын амалдарға жүгінейік. Тек көше бойындағы қоқыстан ғана емес, мидағы қоқыстан да арылайық! Күнделікті шығатын тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, арнайы қоқыс жәшіктеріне салу арқылы қоршаған ортаны қорғайық!

Аяулым ЖАМАНҚАРА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.