Қымбатшылдықтан қалай құтыламыз?

0 30

Ел аумағында қазір қымбаттамаған зат қалмады. Алла ғана ауаны тегін беріп тұр, қалған дүниенің барлығы сатулы. Әсіресе азық-түлік бағасының өсу қарқыны ертегідегі сәт сайын есейген Ертөстікті жолда қалдырғандай.

Тұрғындар уәжі орынды

Бүгінде экономика саласындағы «Бағаны нарық өзі реттейді» деген сөз текке айтылғандай. Аталған заңдылық әу бастағы мазмұнынан ауытқығаннан кейін билік қараша халықтың қос бүйірінен қысып тұрған қымбатшылықты ауыздықтау үшін баға тұрақтылығын бақылауда ұстаудың амалын іздеп, барын салуға көшкеніне де бірнеше жылдың жүзі болды. Өз өңірімізде де жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік маңызы бар тауар құнын мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы төмендетуге тырысумен келеді. Бірақ қолдан келген қайыр мен жасаған амалдың нәтижесі жұрттың шеке майын «шылқ» еткізгені шамалы. Себебі нарық атты толқыны жойқын теңізде тұрмысы төмен отбасылар қайраңға шығып қалмауы үшін кезінде ашылған әлеуметтік дүкендердің әлеуеті біз ойлағаннан басқаша болып тұр. Мәселен, Тараз қаласындағы кез келген әлеуметтік дүкенге бас сұға қалсаңыз, онда күнделікті тұтынуды қажет ететін 19 түрлі тауардың барлығын бірдей көзге іліктіру мүмкін емес. Сөредегі самсып тұрған тауардың біріне қол созсаңыз, оның кейбірінің бағасы тұрақтандыру қоры арқылы өткерілетін тауар бағасынан әлдеқайда қымбат болып шығады. Мұны сатушылар тұрақтандыру қоры тауарының әлдеқашан таусылып қалғандығымен, сол үшін оның орнына тура сондай өз тауарларын сатылымға шығаруға мәжбүр болғанымен байланыстырады. Түсінікті тілде айтқанда, әлеуметтік дүкенде тұрақтандыру қорының қарақұмығы болса картобы, күріші болса сүті, қанты болса майы бола бермейді.
Негізінде тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік дүкенде сатылатын картоптың 1 келісі 90 теңге болуы шарт. Алайда мұндай бағадағы картоп жиын-теріннен кейінгі өліара шақта итпен іздесең де табылмайды. Бар болған күннің өзінде оның сапасының сын көтермейтіні, шіріп кеткен не тым майда болып шығатыны белгілі. Осы тұста сөзімізге тұздық ретінде тұрғындар пікірін де назарға ұсынуды жөн көрдік.
– Қазір Тараз қаласында заманауи типте салынған әлеуметтік дүкендер көбеюде. Соның бірі – «Арай-2» алқабында орналасқан әлеуметтік дүкен. Отбасымыздың тұрмыс жағдайы жаман емес. Шүкір, үш баланың анасымын. Бәрі де мектеп жасында. Бірақ кейде айлықтан-айлыққа іліге алмай қысылғанда азын-аулақ ақшаны талғажау ету үшін амал жоқ әлеуметтік дүкенді жағалайтын кезіміз болады.
Менің түсінігімде әлеуметтік дүкендер халықтың қамы, оның ішінде аз қамтылған, тұрмыс-тіршілігі төмен отбасылар үшін жұмыс істеуі керек. Ондағы тауар бағасы, сапасы көңілге қонымды болуы шарт. Халыққа қажетті өнімдерді біріктіріп, арзан бағада сатуға арналған осындай дүкендердегі тауар бағасы жеке иеліктегі сауда орындарына қарағанда біршама арзан екені рас. Алайда мұндағы сөрелерден күнделікті тұтынуды қажет ететін 19 түрлі тауардың барлығын бірдей көре бермейміз. Ол дүкенде тұрақтандыру қорының кейбір тауары болса, кейбірі жоқ. Сатушылар қашан көрсек, іздеген тауарды «жақында ғана таусылып кетті, енді пәлен күні келеді, түген күні келеді» деуден танбайды. Ал тұрақтандыру қорына тиесілі тауардың кейбір түрі болғанымен, оның сапасы сын көтермейді. Күріш, макарон өнімдерінің ең төменгі сортын әкеліп қояды. Күріштің ішінде ұнтақталып кеткен майдасымен қоса, қиыршық тастар жүргенін көргенімде ішім удай ашыған. Төмен бағадағы көкөністер де солай. Әсіресе қыста сәбізі де, картобы да солып қалған, майда-майда, кейбірінің арасы шірік, оның үстіне бүрісіп-бүрісіп тұрады. Соңғы кезде әлеуметтік дүкеннен тауар алуды қойғанмын. Күзгі жиын-терін кезінде арзан бағада сапалы көкөніс өнімін алуға болады. Қалған уақытта сапалы өнімнен дәметудің өзі артық. Кейде сапасы тәп-тәуір азық-түлкті кезіктіреміз. Бірақ оның бағасы тұрақтандыру қорына тиесілі тауар бағасынан сәл қымбат, қатардағы дүкендерден сәл арзанырақ болып шығады. Себебі ол тұрақтандыру қорының тауары емес.
«Қазақ арзанның сорпасы татымайды» деп бекерге айтпаған. Менің бір қынжылатыным, тұрақтандыру қоры арқылы қаржы мемлекет тарапынан бөлінгеннен кейін неге жеткенінше сол қаражатқа сапалы тауар сатып әкелмеске? Жағдайы жоқтардың сапасы нашар тауар тұтынатындай жазығы не? – дейді «Арай-2» алқабындағы №6 үйдің тұрғыны Гүлжан Қаржаулова.

Әлеуметтік дүкендердің әлеуеті қандай?

Кейде осындай олқылықтарды саралай отырып, «Әлеуметтік дүкен алдамшы дүние ме?» деп те ойлайсың. Жергілікті атқарушы орган тарапынан он жерден тексеріс жасалып, жүз жерден бақылау қойылса да, әншейінде «Тұрақтандыру қорында азық-түлік қоры жеткілікті» деп ұрандататын жауаптылар неге әлеуметтік дүкендерді тиісті азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз ете алмайды?
Осы мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы өңірлік тұрақтандыру қорын басқару секторының жетекшісі Арман Түймебаевпен жүздестік. Ол: «Әлеуметтік дүкендерде сапасыз тауар бар деген уәж орынсыз. Ондағы тауарлардың бағасы да нарықтағы бағадан кемі 15-20 пайыз төмен.
Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында 1000 тонна қант, 1 400 тонна ұн, 198 мың литр өсімдік майы, 90 тонна күріш, 68 тонна қарақұмық бар. Одан бөлек, келісімшарт арқылы алынған 1,5 миллион жұмыртқа, 450 мың дана әлеуметтік бөлке нан, 3 тонна тұз да күн сайын әлеуметтік дүкендерге шетінен жөнелтілуде. Қысқасы, сары май да, сүт те, көкөніс түрлері де жеткілікті. Қордағы азық-түлік 5-6 айға молынан жетеді», –
деді.
Жалпы өндіруден гөрі, өңдеу ісіне мән бермей қымбатшылықтан құтылмайтынымыз анық. Дегенмен күнделікті тұтынуды қажет ететін азық-түліктің ішінде алқап басынан дайын күйде сауда орындарына жол тартатын көкөністердің бағасы дүкендерде неге қымбат? Демек әлеуметтік дүкендерде 170 теңгеден саудаланып жатқан картопты алқап басынан бізге алыпсатарлар әкеліп беріп жүр деген сөз. Негізінде мемлекет тарапынан әлеуметтік дүкен иелеріне 0,01 пайызбен бір жылға тауар айналымы үшін несие берілетіні белгілі. Осы орайда «Дүкен иелері неліктен ең болмаса көкөністі диқандардан тікелей, делдалсыз алқап басынан сатып алмайды, сонда баға біршама арзандар еді ғой» деген ой туындайды. Ал әлеуметтік павильон иелері қалаға жақын жерде диқан бар дегеннің өзінде күніне бір-екі қапқа бола егіс алқабына шапқылау шығынды ақтамайтынын айтуда.
– Екі-үш қапқа бола егіс алқабын аралап, алып келген көкөнісінің әр келісіне 15-20 теңге үстеме қосып сату дүкен иелеріне пайда әкелмейді. Қазір жиын-терін науқаны. Жақын жерден көкөніс табуға болар. Бірақ ол уақытша ғана амал. Қара күзден көктемге дейін көкөністі базардан басқа жерден таппайсың. Біреудің қоймасын жалға алып, көкөнісін сақтап отырған диқандар саудагерге күніне екі-үш қап көкөністі шетінен жырымдап сатпайтыны тағы аян. Олар бағаның көтерілгенін күтіп, ұрымтал шақта көтерме бағамен өткереді. Сондықтан әр аудан көкөніс сақтайтын қойма салуы керек. Күздің күні көкөніс, басқа да азық-түлік қорын жинап алып, шетінен әлеуметтік дүкен иелеріне арзан бағамен тарқатса, бағаны қыстай бір қалыпты ұстауға болады. Ал қойма жоқ болса, саудагерлер амалсыздан базар жағалап, күнделікті шетінен әкеліп сатады. Мұндайда баға құбылмалы болады, – деді Жамбыл ауданындағы «Сүлейменова ЖК» жеке кәсіпкерлігінің өкілі Талғат Аманжолов.

Кәсіпкерлер тиісті несиені неге ала алмай жүр?

Айтпақшы, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бағаны тұрақтандыруға қатысты өткен бір жиында өңірдегі кейбір кәсіпкерлердің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын жинау үшін берілетін несиені ала алмай жүргенін ашып айтқан еді. Осының себебін біз Арман Бекмұратұлынан сұрағанбыз. Ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын жинау үшін берілетін несиені алуға өтініш тастағандардың құжатының бәрі бірдей талапқа сай емес екенін тілге тиек етті.
«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы несиелендіріп отырған әлеуметтік дүкен 9 ауданда бар. Тек Қордайда ғана жоқ. Тараз қаласында осындай 17 дүкен болса, оның біреуі «Құмшағал» тұрғын алқабында. Қалған 16 дүкеннің 12-сі заманауи келбетте салынған жаңа типтегі дүкендер. Осы 16 дүкеннің барлығы да «Империя» жеке кәсіпкерлігінің иелігінде.
«Айналым схемасы» шеңберінде, яғни әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын жинау үшін 0,01 пайыздық несие алуға биыл бес ауданнан бір-бір жеке кәсіпкерліктен өтініш түсті. Оның бірі былтыр тауар айналымы үшін алған несиесін мақсатты жаратқанын растай алмады. Анығын айтқанда, бізге табысын, салығын, жүк құжатын көрсеткенімен, қанша теңгеге қандай тауар сатып алғаны жөнінде түбіртекті ұсына алмады. Тағы бірінің көкөніс және ұн, май, күріш іспетті азық-түлік сақтайтын қоймасы жоқ болып шықты. Осыдан кейін біз олардың өтінішін мақұлдай алмадық. Десе де олардың ішінде төртеуінің құжаты облыстық комиссияға жолданды, біреуінің өтініші алдағы уақытта қаралатын болады.
Былтыр 9 ауданнан 12 жеке кәсіпкерлік «Айналым схемасы» шеңберінде несие алды. Олардың ішінде Т.Рысқұлов ауданында екі әлеуметтік дүкен бар болса, соның бірі – «Бидайшиев ЖК» жеке кәсіпкерлігі 41 миллион 700 мың теңге, Талас ауданындағы «Пазылов» жеке кәсіпкерлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын жинау үшін 6 миллион 498 мың несие алған болатын. Қалғандары тауар айналымы үшін 5 миллион теңгеге дейінгі несиемен қамтылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын жинау үшін берілетін несиенің көлемі 5 миллион теңгеден басталып, халықтың тұтыну әлеуетіне қарай 20 миллион теңгеге дейін барады, – деді ол.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры үшін берілетін несиені ала алмай жүргендердің бірі – Жамбыл ауданы, Гродеково ауылында орналасқан «Сүлейменова ЖК» жеке кәсіпкерлігі. Дүкен иесі Мейіргүл Сүлейменова әлеуметтік дүкенді былтыр желтоқсан айында ашқанын айтады.
– «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы тауар айналымы үшін 4 миллион 360 мың теңге несие қаражатын алып, жұмысымды жүргіздім. Ерте көктемде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын жинау үшін 15 миллион теңге несие алу мақсатында тағы өтініш тастадым. Акционерлік қоғам мамандары менен жүкқұжат (накладной) және басқа да қаптаған қағаз өткізуімді талап етті. Сол кезде мен жылдың алғашқы жарты жылдығының есебін бердім. Нақты айтқанда, онда қанша табыс тапқанымды, мемлекетке қанша салық төлегенімді растайтын құжаттар мен жүкқұжатқа дейін өткіздім. Алайда олар ең соңында менен тауар сатып алғанымды растайтын түбіртекті талап етті. Ойлап көріңізші, егер мен алқап басынан арзан бағада көкөніс сатып алатын болсам, «Диқандар картобын немесе пиязын сатқанын растайтын түбіртек береді» дегенге сенесіз бе? Диқан тұрмақ, базардағы тауарын көтерме бағамен өткеретін саудагерлердің өзі түбіртекті емге сұрасаң да бермейді. Өйткені олардың тұтынушыға чек беруге құлқы да, уақыты да жоқ. Оны талап етсең, саудагердің сенімен ісі болмай, басқа тұтынушылармен сауда жасай бастайды.
Шынымды айтсам, әлеуметтік павильондарға әлеуметтік тұрақтандыру қорынан күнделікті тұтынуды қажет ететін 19 түрлі тауар таратылатынын естимін. Бірақ ол кімге, қандай жолмен таратылатынынан хабарсызбын. Осы уақытқа дейін екі мәрте екі-екіден төрт қап қана қант алдым. Оның өзін қайта-қайта сандалып жүріп, Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылынан өзім барып әкелдім. Жолға кеткен шығынды екі қап ақтамайды екен. Тұрақтандыру қорынан басқа азық-түлік өнімі маған берілген емес.
Негізінен тауарларды күнде таң қылаң бере «Ауыл-Береке» базарына барып, сол жердегі көтерме саудагерлерден сатып алып жүрмін. Мәселен, тұрақтандыру қорының келісі 90 теңгелік картобын алған да, сатқан да емеспін. Картопты базардан арзан бағаға сатып алып, дүкенде 150 теңгеден саудалап жүрмін.
Рас, тұрғындардың бірі дүкенге келіп, «Мұның несі әлеуметтік дүкен, сенің тауарларыңды нақ осы бағада базардағы көтерме сауда орындарынан да алуға болады» деп кейісе, тағы бір тұрғынның «Қаладағы әлеуметтік дүкендерде қант бар, мұнда неге жоқ?» деп айғай шығарған кезі де болған.
Мысалы, мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры үшін аталған мекемеден ерте көктемнен бастап несие сұраумен болдым. Үш ай жүгіріп, бос сандалыстан түк шықпаған соң, қолымды бір-ақ сілтедім. Жақында осы мәселеге қатысты өткен бір жиында облыс әкімі «Кәсіпкерлерге қаржыны сұраған кезде беру керек. Қаржы дер кезінде берілмесе, одан кейін оның оларға қажеттілігі шамалы» деген сарында ойын айтты. Аймақ басшысы дұрысын айтып отыр. Өйткені мен ерте көктемде сол несиені алғанымда, шаруаларға егін егу науқаны басталмай тұрып, қажетті көкөністің ақысын арзан бағада беріп қояр едім. Онда да өзінің көкөніс сақтайтын қоймасы бар шаруамен келісер едім. Етті де, сүтті де солай келісімшарт арқылы алдын ала ақысын төлеп, жыл бойы шетінен алып отырар едім. Қазір сол тауарды удай бағаға саудагерлерден алып жүрміз, жүйе осындай болған соң азық-түлік бағасы өспей қайтеді? – деді ол.
Негізінде «Облыста қанша тұрмысы төмен отбасы бар екенін анықтап, арзан бағадағы азық-түлікті соларға арнайы карточка арқылы сату қажет. Сонда бюджет қаржысы онша шығынға ұшырамайды. Өйткені қазір арзан тауарды жағдайы бары да, жоғы да тұтынып жүр» деген пікір қоғамда әр жерден бір болса да айтылып қалатын. Ұзынқұлақтардан «тиісті министрлік бұл ұсынысты мақұлдамапты» дегенді естідік. Ара-гідік сауда орындарына тексеріске шығып, «баға бақылауда» деп ұрандатудан ештеңе өнбейтіні белгілі. Басқа қандай амал бар?

Нұрым Сырғабаев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.